Он саусағынан өнер тамған ісмер әжелер ұрпағына киіз, текемет, сырмақ, алаша секілді төсеніш бұйымдардың және қоржын, аяққап, тұтқыш, түскиіздің қалай жасалатынын үйретіп, ою ойып, үлгі пішу, кесте тігу, құрақ құрау секілді сәндік қолданбалы өнерге баули білген. Бұл қыз бала қолына ине ұстап, іс тіге алса барған жерінде қиналмайды, ауыл ішінде «қолы алтын» келін ретінде абыройы артады деген ниеттен туындаса керек.
[caption id="attachment_9846" align="alignleft" width="150"] Айнұр Исентаева[/caption]Бүгінде әжесі не анасынан алған тәлімі бойынша ою ойып, кесте тігетін ісмерлер арамызда әлі де бар. Бірақ көп емес. Солардың кейбірі бойындағы асыл қасиетке парапар шеберлігін пайдаға асырып, табыс тауып жүр. Мәселен Сарысу ауданы Жаңатас қаласының тұрғыны Айнұр Исентаева ата-бабадан қалған ұлтық құндылықтардың мәйегіне жастайынан қанығып өскен жан. Кейіпкерімізді іс тігудің хас шебері десек те болады. Оған бұл өнер анасы Үрзададан дарыған екен. Бұрын үйінде тапсырыс қабылдап, қыз жасауы және басқа да бұйымдар тігіп келген ол өткен жылы 505 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант алыпты. 2017 жылы А.Исентаева тігіншілік өнерін жетілдіре түсу мақсатында арнайы оқыту курсынан өткенін айтады. Мемлекет сол кезде оқыту курсынан өткен 3 айдың әр айына 16 мың теңгеден астам шәкіртақы төлеп беріпті. Бұрнағы жылы жергілікті таныстарынан аудандық кәсіпкерлер палатасы арқылы «Бастау Бизнес» курсын оқып, несие алуға болатынын естіген. Осылайша кәсіпкерлік бағытта тағы да 21 күндік қысқа мерзімді оқыту курсынан өткен. Қолына сертификат алғаннан кейін өз жобасын қорғап, аталған қайтарымсыз қаржыға ие болған. Оқыту курсынан өтуіне, жобасын сәтті қорғауына, 505 мың теңге грант алуына көмектескен Сарысу аудандық кәсіпкерлер палатасының ұжымына айтар алғысы шексіз. – Өзім осы Жаңатас қаласында туып-өстім. Анам кезінде тігінші болып жұмыс істеген, қазір 70 жаста. Ол кісіден әлі де үйренерім көп. «Әке көрген – оқ жонар, ана көрген – тон пішер» деген қанатты сөз бар қазақта. Үйде мен ғана емес әпкелерім де осы өнерді бойына сіңіріп өсті. Кезінде Шымкент қаласына барып, сол қалаға тұрмысқа шыққан әпкелерімнің тігін цехына жұмысқа тұрдым. Арасында Жаңатас қаласынан тапсырыс қабылдап, оны өзім күндіз-түні тігіп, сата бастадым. Кейінірек тапсырыс көптеп түсе бастаған соң, туған жеріме оралуыма тура келді. Әу баста шешемнің артынан келген тігін машинасымен іс тігіп жүрдім. Үйде отырып қыз жасауын және басқа да бұйымдар тігетінмін. Оған қажетті мақта, мата, жіп секілді керек-жарақты Шымкент қаласынан алдырып жүрдім. 2003 жылы сол қалада өмірлік жолдасымды жолықтырып, тұрмыс құрдым. Кейінірек кәсібімнің аясын ұлғайту қажет екенін сезініп, мемлекет қолдауына жүгіндім. Мемлекет тарапынан алған қаржымның 450 мың теңгесіне Оңтүстік Корея елінде жасалған екі тігін машинасын сатып алдым. Қазір аудандағы «Шапағат» орталық базарынан бір орын алып, сол жерде қыз жасауына тапсырыс қабылдап, жұмысты жүргізіп отырмын. Бір қыз тігінші болып жұмыс істеп жатса, тағы бірі көрпешеге мақта салу, қарпу ісімен айналысады. Жасы үлкен бір апамыз құрақ құрау ісін мінсіз атқарып жүр. Алдағы уақытта мемлекет төмендетілген пайызбен несие беріп жатса, үлкен цех ашсам деген арманым бар, – дейді Айнұр Изатуллақызы. Айнұр Исентаева көрпе-жастықтарды таза мақтадан тігетінін айтады. Сондықтан да тапсырыс берушілер көп. Бірақ той-томалаққа тыйым салынғалы қыз жасауына тапсырыс беру азайыпты. Негізі бір қыздың жасауына кететін мақтаның құны 20 мың теңге көрінеді. Шағын тігін цехына тапсырыс көп түссе, айына 10-15 қыздың жасауын тігуге мүмкіндіктері бар екен. Бұдан бөлек, елімізде орын алған жағдайға байланысты тапсырыспен бағасы 150 теңгелік медициналық бетперде тігу ісіне де бет бұрыпты. Карантин уақытында бетпердені қайырымдылық ретінде тұрғындарға таратқан көрінеді. Кейіпкеріміз бүгінде мемлекет тарапынан кәсіп ашамын, еңбек етемін деген адамға қолдау көрсетіліп жатқанын да тілге тиек етті.
Нұрым Сырғабаев,Сарысу ауданы
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ынтымақ пен Түймекент
Ұқсас жаңалықтар
Нарықта доллар, еуро мен рубльдің бағамы қандай болып тұр
- авторМағжан Орынбасар
- 20 желтоқсан, 2024