жұма, 22 қараша, 2024 12:04

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жұмыссыздықпен күрес қарқынды жүруде

Жұмыссыздықпен күрес қарқынды жүруде
ашық дереккөзі
Жұмыссыздықпен күрес қарқынды жүруде

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен бейне-байланыс режимінде өткен кезекті аппараттық кеңесте жұмыспен қамту, еңбек заңнамасын бұзу және алдағы мерекелерге дайындық барысына қатысты бірқатар мәселелер талқыланды.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков жыл басынан бері «Еңбек» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары аясында 72,7 мың адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылғанын айтты. Тұрақты жұмыс орындарының үлесі 62,5 пайызды құраған.

«Еңбек» бағдарламасы бойынша 1323 тұрғын 5,1 миллиард теңгенің шағын несиелеріне қол жеткізген, 6701 адам 3,68 миллиард теңгенің қайтарымсыз гранттына ие болған. 1627 адам қысқа мерзімді оқудан өтсе, 2459 маман жастар практикасына жіберілген. Ал 1567 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жолданып, қоғамдық ақылы жұмысқа 13348 адам тартылған.

Жорабек Баубеков барлық осы тармақтар бойынша жоспардың толық орындалмағандығына назар аударды. Аймақ басшысы аудан әкімдерінен бөлінген ақшаның жыл соңына дейін игерілуін қамтамасыз етуді талап етті. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жалпы құны 64,2 миллиард теңгені құрайтын 809 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Қазірдің өзінде 708 учаскеде құрылыс жұмыстары аяқталды. 20 043 жұмыс орны құрылды, жоспар 2,2 пайызға артығымен орындалды.

- Үшінші тоқсандағы мәліметтер бойынша жұмыссыздар саны 14891 адамды құраса, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 922-ге аз. Жұмыссыздық деңгейі 0,1 пайызға төмендеп, 4,7 пайызды құрады, - деді Ж.Баубеков.

- Мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде, қосымша жұмыс орындарын ашуға барлық жағдай жасалған. Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартуда мемлекеттік саясатты табысты жүзеге асыру рейтингісінде біздің облыс екінші орында тұр. Көрсеткіштер ойдағыдай дегенмен, босаңсуға болмайды. Басты міндет – қарқынның төмендеуіне жол бермеу, - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Қайрат Досаев жыл басынан бері жеке және заңды тұлғалардың 676 өтініші қаралғанын хабарлады.

- Жоспардан тыс 81 тексеру жүргізіліп, нәтижелері бойынша 104 заң бұзушылық расталды. Барлығы 48 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Нәтижесінде 451,7 млн.теңге көлеміндегі жалақы бойынша берешек өндіріліп, 4139 қызметкердің еңбек құқығы қорғалған. Сонымен қатар, департамент қызметкерлері «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында ұйымдастырылған ауыл тұрғындарымен кездесулер барысында еңбек құқығы бойынша кеңестер берді, - деді Қайрат Досаев.

Сонымен қатар ол жұмысшыларына жалақыны уақытылы төлемейтін кәсіпорындар туралы тоқталып өтті. Облыс әкімі өзінің орынбасарлары Алмас Мәдиевке кәсіпорындардың қарыздарына қатысты мәселені шешуді, Ержан Жылқыбаевқа бюджет қызметкерлерінің жалақыларын уақытында алуын бақылауды тапсырды. Ол Қоғамдық кеңестерді осы іске атсалысуға шақырды.

Ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұлов Тұңғыш Президент күніне, Тәуелсіздік мерекесіне, Әл-Фарабидің 1150, Абайдың 175, Бауыржан Момышұлының 110, Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығына арналған жоспарланған іс-шаралар туралы баяндады.

- Биыл біз бірден бірнеше маңызды мерекелерді атап өтудеміз. Барлық іс-шаралар жоғары деңгейде өтуі керек. Адамдар карантиннен шаршады, олар мерекелегісі келеді, бірақ санитарлық талаптарды қатаң сақтауды ұмытпауға тиіспіз,- деді Бердібек Сапарбаев.

Ол аталған мерекелердің тәрбиелік мәні зор екенін тілге тиек етті.

- Осы іс-шаралардың барлығына да жастарды белсенді қатыстыру қажет. Шынында да, олардың көбі белгілі композитор Шәмші Қалдаяқовтың Жамбыл ауданының Жалпақтөбе ауылында ұзақ жылдар бойы тұрғанынан хабарсыз. Өкінішке орай, олар Әл-Фараби мен Абайдың шығармаларын толық танып, ұлы Бауыржан Момышұлының ерлігі туралы біле бермейді, - деді облыс әкімі.

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар