Жаңа АГТС Қордайдың 12 ауылын көгілдір отынмен қамтамасыз етеді
- авторjambylinfo.kz
- 30 желтоқсан, 2020
- 396
Қордай ауданындағы Отар ауылының маңында қуаттылығы сағатына 15 мың текше метр болатын жаңа автоматтандырылған газ тарату станциясы іске қосылды.
Нысанның құрылыс жұмыстары қысқа мерзімде, яғни – ағымдағы жылдың тамыз айында басталып, желтоқсанға дейін аяқталып үлгерген. Құрылыстың жалпы құны бір миллиард теңгеден асады. Отар станциясының пайдалануға берілуімен жақын арада 42 мың адам тұратын Қордайдағы тағы 12 ауыл газға қосылатын болады.
Құны 4 миллиард теңгеден асатын аталған елді мекендерге тартылған газ құбырының ұзындығы 175 шақырымды құрайды. Көгілдір отынға бірінші болып Кенен және Отар ауылдарының тұрғындары қол жеткізді. Тиісті желілер «отар аймағы» деп аталатын 12 ауылдың барлығына жеткізілетін болады, ал тұрғын үйлерді қосу процесі кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
- Мемлекеттің басты міндеті – азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту. Бір жылдың ішінде бір аудандағы 22 елді мекенді газдандыру оңай шаруа емес. Өздеріңіз көріп отырсыздар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша сіздердің аудандарда көптеген жұмыстар атқарылуда. Ауданды дамытуға 35 миллиард теңге бөлінді, 4,6 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Мен құрылысшылар мен газ қызметкерлеріне сапалы әрі тиімді жұмыс үшін алғыс айтамын, - деді Бердібек Сапарбаев салтанатты шарада сөйлеген сөзінде.
Отар ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Саламат Молдажанов Отарда газдандыру жұмыстарынан бөлек, спорттық-сауықтыру орталығы ашылып, мәдениет үйі салынуда, инфрақұрылым дамуда екенін марқая жеткізді.
Бұдан соң, станция қызметкерлері салтанатты түрде клапанды ашып, газ алауын тұтатты.
Тұрғын үйлерге газдың келгеніне ең алдымен үй шаруасындағы әйелдер айрықша қуануда. Аймақ басшысы ардагер С.Молдажановтың үйіне арнайы ат басын бұрып, газ плитасында ас әзірлеп жатқан Жамиға әжейдің қуанышына куә болды.
- Менің бұл үйге келін болып келгеніме 40 жыл болды, бірақ ешқашан газ болған емес. Қысқы маусымда жылуға кем дегенде 10 тонна көмір жұмсалып, маусымға шығындар 150 мың теңгеге дейін жететін. Енді, міне, күл-қоқыс шығарып, түн ортасында тұрып, пешке көмір салып әуре болмаймыз, - деді әжей.
Оны ұлы ақын Кенен Әзірбаевтың немересінің әйелі Гүлайша Кенен де қолдады.
- Ауылымыздағы тұрғындар тіпті газға қосылу үшін кезекке тұруда. Адамдардың өмірі жайлы бола түсуде, - дейді Гүлайша.
Ал, газ қызметкерлері ауыл тұрғындарын қуанышты оқиғамен құттықтай отырып, тұрғындарға қауіпсіздік нұсқаулықтарын таратты.
- Газдың барлық тиімділігіне қарамастан, тек дұрыс қолданған жағдайда ғана оны тұрмыс игілігіне айналдыра аласыздар. Себебі, жазатайым оқиғалардың салдарын зерделеу кезінде олардың барлығы қарапайым қауіпсіздік ережелерін бұзудан және газ құралдарын пайдалану ережелеріне немқұрайлы қараудан орын алғанын көрсетеді, - дейді "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ Жамбыл өндірістік филиалының директоры Сәкен Исмайлов.
Ағымдағы жылы аудандағы 22 елді мекенді газдандыруға 11 миллиардқа жуық теңге бағытталған. Бұған дейін көгілдір отын 10 ауылға тартылған болатын, олардың қатарында Масаншы, Сортөбе, Аухатты, Бұлар батыр, Қаракемер және басқа да ауылдар бар.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз