жұма, 22 қараша, 2024 13:08

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жуалының алмасы көздің жауын алады

Жуалының алмасы көздің жауын алады
ашық дереккөзі
Жуалының алмасы көздің жауын алады
Ауданда дәнді дақылдарды жинау науқанынан кейін іле-шала көкөніс және бау-бақша өнімдерін теру науқаны басталып кетті.  Өңірде алманың кіші отаны санатын Қызыларық ауылдық округінде алма өсірумен үш шаруа қожалығы айналысады. «Бағдат» ШҚ сегіз, «Ахмет» ШҚ 10, «Дархан» ШҚ 70 гектар алма бауын өсіріп отыр. Күздік алма теру жұмыстары бұл күндері ауылдық округтегі Ақтөбе ауылының үстіңгі жағында бұрынғы шаруашылық тұсында «тоғызыншы алқап» деп аталған аймақта орналасқан «Дархан» шаруа қожалығының үдемелі алма бағында тың қарқын алып тұр. Оған терім барысын көруге барғанда көз жеткіздік. Шаруашылықтың бұрын ауыл іргесінде азын-аулақ алма бағы болған. Алайда, одан ойдағыдай өнім алынбағандықтан, қожалық қарқынды алмабақ егуге бет бұрған. Осы жоба арқылы өнімділікті екі есеге дейін арттыруға болатынына көз жеткізген «дархандықтар» 2009 жылы мемлекеттің қолдауымен ағын суы мол осы тұстан жаңа алма бағының орнын белгілеп, 60 гектарға алма көшеттерін отырғызған. - Негізінен, алма бау толық табысына төртінші жылы кіреді. Одан ары жылдан-жылға климатқа орай көбейе береді. Қазір алманың бес түрін өсірудеміз. Барлығы бәсекеге қабілетті сұрыптар. Өткен жылмен салыстырғанда, биыл өнім жаман емес, - дейді шаруашылықтың іс жүргізушісі Бекмұрат Өмірбай. Алма бақтағы ағаштардың дені аласа бойлы. Ерте пісіп-жетілетін, жергілікті климатқа бейімделген, 3-4 жылда өнім беретін «Золотой превосходный», «Заря», «Бесжұлдыз», «Айдоред» сұрыптары таңдалған. Там-тұмдап апорт алмалары да бар. Бауды аралап, терім барысын көрдік. Қол жетерлік алма ағаштары иіліп, көз жауын аларлық қызылды-жасылды жеміске самсып тұр. Ортадағы бір қатарға тізіле түскен терімші қыз-келіншектердің қимылына көз ілеспейді. Бұтақтағы жемісті біртіндеп үзіп, ыдыстарын ылдым-жылдым толтырып, араға қаз қатар қойылған қағаз қораптарға аударып келіп, қайта толтыруда. Бір қағаз қораптың салмағы шамамен 23-25 келі тартады. - Қазір бауда тоғыз терімші қыз-келіншек еңбек етуде. Арасында терімге бақ өнім бере бастағалы бері қатысып жүрген тәжірибелі терімшілер бар.  Әрқайсысының күндік нормасы - 500-600 келі. Терім кезінде жемістің сапалы жиналуына көп көңіл бөлеміз.  Өнім жақсы тасымалдануы әрі ұзақ сақталуы үшін жемісті бұтақтан жекелеп үзіп, шелекке, қағаз қорапқа ұрылмай салынуы маңызды. Біреуі ұрылып жиналса, қалғандары да шіріп кетеді, - дейді терімшілер бригадасының бригадирі Салтанат Көмекова. Терімші қыз-келіншектер күнделікті арнайы бөлінген «ГАЗель» автокөлігімен тасымалданып, түсте бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылады екен. Күндік табыстары 2 500 теңгеден. Демалыс күндері оқушылар да қолғабысын тигізеді. - Алма өсіру дегеніңіз – тұтас ғылым. Бақ жақсы өнім беруі үшін оған тиісті күтім қажет. Алма егуде арақашықтыққа емес, қыста және күзде қырқу жағына мән беріледі. Өнім беретін бұтақты қалдырып, қатты өсіп кетеді дегендерді қырқып отырамыз. Ағашты жаңа маусымға дайындауға ерте бастан кірісеміз. Күзде ағаштың өсуіне қарай алма ағашының бөрікбасын қалыптастырып, қысқартып қияды. Егер қырықпаса, ағаш жақсы өспейді. Жас өркендерін кескеннен кейін олардың бойлай өсуі бәсеңдеп, жанама өркендердің өсуі артады. Алма ағаштарының жас өркендері жаз бойы 1-1,5 метрге ұзарып өседі. Жеміс  ағаштарын қалай өңдеу керектігін білген маңызды. Бақ зиянкестерімен күреске арнайы дәрілерді қолданамыз. Алма ағашы ауруларының алдын алу мен емдеу де қажетті шара. Піскен жемісті дер кезінде үзіп алмаса, келесі жылға гүлдейтін бүршіктер нашар болып қалуы мүмкін. Бір жағынан ағаш демалады. Әрі бұтақтарының қабықтары қалыңдап, қысқы суыққа төзімді болады, - дейді шаруашылық агрономы Әбдіхалил Гүлмешов. Шаруашылықта жиналған өнімді өткізудің өзіндік тізбегі қалыптасқан. Ауыл тұрғындары, жақын аймақтардан келіп бау басынан сатып әкететін кәсіпкерлер бар. Алматы, Нұр-Сұлтан аймақтарына жүк көліктеріне артылады. Алманың біраз бөлігі іргедегі Түлкібастағы жеміс-консерві зауытына да жөнелтілсе, ішкі нарықтың сұранысына да сақталады. Аудан, облыс орталығында өтетін жәрмеңкелерге деп апарып, сатады. Бау басында Түркістан облысы Сайрам ауданынан арнайы келген ерлі-зайыпты кәсіпкерлер Атабек Умаровпен және Халида Мавлановамен тілдестік. Олар екі жыл қатарынан «Дарханның» тұрақты клиенттеріне айналыпты. Әр келгенде 500 келіге дейін өнімді сатып алып, өздеріне апарып, саудалайды. Айтуларына қарағанда,  Жуалының алмасы ондағы тұтынушылар арасында танымалдыққа ие көрінеді. - Егер жас алма ағашының төбе өркендері ұзын болып өсіп кетсе, бойлап өсуін тоқтату үшін және жанама өркендер даму үшін бұтақтың ұшын кеседі. Соның нәтижесінде өсімдіктің қоректенуі жақсарып, түсімділігі артады. Ал егер ағаштың бұтақтары өте жиіленіп, бірін-бірі көлеңкелесе, онда ағаштың діңіне қарай бағытталып өскен өркендерін шырпиды. Сонымен бірге ағаш ауырмай жақсы өсуі үшін жіңішке, қисық, әлсіз, зақымданған және қураған өркендерін де шырпып тастайды. Ағаш діңінің айналасын айналдыра жылма-жыл қопсытып қазып, ағаш түбіне органикалық және минералды тыңайтқыштар шашып отырамыз. Сонда түптенген діңнің өсуі, тыныс алуы жақсарады. Алма зиянкестері алма ағашының жапырағын ширатып, гүлін, жапырағын жейді. Олардың дернәсілдері жас өскіндердің тамырын қорек етеді. Жеміс бағына орасан зиян келтіреді. Бұлардан құтылу үшін жеміс ағаштарының түбін ағарту, төңірегіндегі топырақты қопсытып отырамыз. Бақты мерзімінде суарып, сынған бұтақтардан, түскен жапырақтардан тазартудың да маңызы зор. Тазартылған аумақты қабықжегі, зерқоңыз, сүген тәрізді зиянкестер паналай алмайтын болады. Алма кенелерін жеміс ағашы гүлдеп болған соң және жапырақта кененің 2-4 дарағы байқалған жағдайда дәрілеу арқылы жояды, - деп әңгімесін түйіндеді агроном. Өңірде алма өндірісін өркендетіп отырған «Дархандай» шаруа қожалығы ішкі нарықты тек өз алмаларымен ғана қамтамасыз ететін болса, қандай ғанибет?! Алма теру науқаны әлі де жалғасып жатыр. Ендеше, бұл молшылық табыс пен берекеге бастай бергей! Абылайхан Сәрсен, Жуалы ауданы
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар