Алдағы 4 жылда Қазақстан 5 мың шақырым жаңа теміржол салады – Олжас Бектенов
- авторБақытжан Бекболат
- Бүгін, 12:17
- 21
Астанада Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов ұйымның 70 жылдығына арналған Теміржол ынтымақтастығы ұйымының бас директорлары конференциясының 40-шы отырысына қатысты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Форумға әлемнің 30-дан астам елінен 300-ден астам теміржол тасымалы компанияларының басшылары мен өкілдері келді. ТЖЫҰ ұзындығы 320 мың шақырымнан асатын теміржол желісін қамтиды, олар арқылы жыл сайын шамамен 5,5 млрд жолаушы және 5 млрд тонна жүк тасымалданады.

Мерейтойлық отырыс халықаралық теміржол тасымалдарын дамытудың мақұлданған тәсілдерін іздестіру, қатысушы елдердің жетістіктерін және одан әрі ынтымақтастық перспективаларын талқылау алаңына айналды. Жүк тасымалдау көлемін ұлғайту, инфрақұрылымды жаңғырту, қағазсыз технологияларға көшу, басқарудың зияткерлік жүйелерін енгізу, сондай-ақ кадрларды даярлау мәселелеріне назар аударылды.
Премьер-министр теміржолдардың экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз етудегі рөлін атап өтіп, Конференция өткізу сындарлы диалог пен елдер арасындағы әріптестікті нығайтуға мүмкіндік тудыратынын атап өтті.

Олжас Бектенов қатысушыларға Қазақстан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен дамудың жаңа кезеңіне аяқ басқанын хабарлады – осы жылдың наурыз айында жаңа Конституция қабылданды, ол экономикалық дамуға тың серпін бермек.
«Экономиканың аса маңызды күретамырына айналған Қазақстанның теміржол саласы халқымыздың өмір сапасын жақсартып, орнықты өсімді қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып келеді. Ұйымның 70 жылдығына орайластырылған алқалы жиын тоғыз жолдың торабында, Еуразия құрлығының дәл ортасында өтіп отыр. Мұның мәні зор. Заманауи әрі тиімді көлік жүйесі біз үшін халықаралық жеткізу тізбектеріне бейімделе отырып, жаһандық экономикаға ықпалдасуға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Өз сөзінде ол еліміздің транзиттік әлеуетін одан әрі арттыруға назар аударды.
«Біздің ортақ мақсатымыз – Еуразияны біртұтас әрі үздіксіз жұмыс істейтін көлік жүйесіне айналдыру.
Қазақстан – жаһандық мұхитқа тікелей шығар жолы жоқ әлемдегі ең ірі мемлекет. Бірақ біз осы географиялық ерекшелікті стратегиялық артықшылығымызға айналдыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Соңғы 15 жылда біз көлік саласына шамамен $35 млрд қаражат салдық. 2,5 мың шақырымнан астам жаңа магистральдық жолдар салынды. Бүгінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» бағыты бойынша барлық құрлықтағы транзиттік тасымалдардың 85%-ға жуығы Қазақстан арқылы өтеді.
Бірақ мұнымен тоқтап қалмаймыз. Алдағы 4 жылда тағы 5 мың шақырым жаңа теміржол салуды жоспарлап отырмыз. Біздің мақсатымыз – 2035 жылға қарай транзит көлемін жылына 100 млн тоннаға дейін жеткізу», — деп атап өтті Премьер-министр.





