Қазақстан Ыстанбұл конвенциясына қосыла ма?
Қазақстан Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы мен Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл «БҰҰ – әйелдер» құрылымының қолдауымен Қазақстанның Еуропа Кеңесінің Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы күрес туралы конвенциясына (Ыстанбұл конвенциясы) қосылу перспективаларын талқылау бойынша консультациялар өткізді.
Іс-шара барысында қатысушылар Ыстанбұл конвенциясы мен Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенциямен анықталған халықаралық стандарттар мен нормаларды интеграциялау арқылы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жоюдың қолданыстағы құқықтық және саяси негіздерін нығайту перспективаларын талқылады. Қатысушылар сондай-ақ осындай нормалар мен стандарттарды одан әрі жүзеге асырудың негізгі тәсілдері мен стратегиялары туралы пікір алмасты.
Талқылауға Парламент Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдардың, азаматтық қоғамның өкілдері, сарапшылар, даму саласында жұмыс істейтін халықаралық ұйымдар қатысты. «Қазақстанда әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау бойынша кешенді шаралар қабылдануда. БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты дискриминацияның барлық түрлерін жою туралы конвенциясы мен Бейжің декларациясына қосыла отырып, Қазақстан әйелдер құқығын сақтау мен қорғаудың кепілдіктерін растады. Біз Ыстанбұл конвенциясының тұжырымдамалық маңыздылығын, оған қосылу үшін қандай шаралар қабылдау керек екенін, заңнаманы үйлестіру мәселелерін және келесі қадамдарымызды талқыладық», деді Президент жанындағы Әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары Елена Тарасенко.
2019 жылы Азия-Тынық мұхиты аймағына арналған «Бейжің+25» аймақтық шолу жиналысында және Найробиде өткен Халықты қоныстандыру және дамыту жөніндегі халықаралық конференцияның саммитінде Қазақстанның ресми делегациясы Үкіметтің Ыстанбұл конвенциясын ратификациялау ниеті туралы хабарлады. 2020 жылы 22 сәуірде Еуропа Кеңесінің министрлер комитеті Ыстанбұл конвенциясына Еуропа Кеңесіне мүше емес алғашқы мемлекеттер ретінде Қазақстан мен Тунисті шақыру туралы шешім қабылдады.
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова өз сөзінде: «БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою комитеті өткен жылы Қазақстанға Ыстанбұл конвенциясына қосылу туралы ұсыныс жасады. Осыған байланысты құқықтық және отбасылық саясаттың міндеттерін ескере отырып, осы құжатты бірқатар ашық талқылауды қамтамасыз ету қажет. Бүгінгі сұхбат келесі жылы тәжірибелі заңгерлердің немесе қоғам қайраткерлерінің, ғалымдар мен тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен жалғасуы керек. Бұл тұрғыда басты міндет – азамат пен қоғамның зорлық-зомбылық үшін жазаның сөзсіз екендігі туралы санасын қалыптастыру керек екенін есте сақтау керек».
«COVID-19 басталғанға дейін де әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылық пандемия деңгейіне жетті. Өткен жылы әлемде 243 миллион әйел мен қыз интимдік зорлық-зомбылыққа ұшырады. Сонымен бірге, зорлық-зомбылық көрген әйелдердің 40 пайыздан азы көмекке жүгінеді немесе көмек сұрайды. Коронавирустың таралуын тоқтату үшін елдер оқшаулау шараларын енгізген кезде, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық, әсіресе тұрмыстық зорлық-зомбылық күшейе түсті – кейбір елдерде сенім телефонына қоңырау шалу төрт есеге артты. БҰҰ-ның Халықты қоныстандыру қорының (ЮНФПА) бағалауы бойынша карантиннің әр 3 айы жаңа құрбандарға әкеледі – қосымша 15 миллион әйел», деді, Еуропалық және Орталық Азия аймақтық «БҰҰ-әйелдер» құрылымының үйлестірушісі Наргис Азизова.
Оның айтуынша, қазіргі кезде үкіметтердің нақты іс-әрекеттері халықаралық нормалар мен стандарттарға сәйкес зорлық-зомбылық құрбандарын тиімді және уақытылы қорғау мен көмек көрсетуді қамтамасыз ету болып табылады.
Айта кетейік, 2011 жылы
7 сәуірде Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы күрес туралы жаңа конвенция – Ыстанбұл конвенциясы қабылданды. Ыстанбұл конвенциясы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою бойынша үкіметтің іс-әрекеті үшін егжей-тегжейлі, жан-жақты және заңдық тұрғыдан міндетті стандарттарды қамтиды. Құжат мұндай зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілікке бағытталған және Еуропаны және одан тыс жерлерді гендерлік зорлық-зомбылықтан ада қауіпсіз жерге айналдыруға бағытталған қадам болып табылады. Ыстанбұл конвенциясын 34 мемлекет ратификациялап, 12 мемлекет қол қойған.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала