жұма, 5 желтоқсан, 2025 12:40

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қазақстанда 2026 жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшері өседі

Қазақстанда 2026 жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшері өседі
Сенаттың баспасөз қызметі
Бұл мәселе 9 қазан күні өткен Сенаттың жалпы отырысында қаралды.

Қазақстанда 2026 жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 99 мың теңгеге дейін көтеріледі, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Қазір ең төменгі жалақы 85 мың теңге болып белгіленген. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңа көрсеткішті есептеу кезінде елдегі еңбек өнімділігі мен медиандық жалақы деңгейін негізге алғанын хабарлады.

Алайда Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мұндай тәсілді қайта қарау қажет екенін айтты. Оның пікірінше, ең төменгі жалақыны белгілеуде макроэкономикалық көрсеткіштерге емес, халықтың нақты қажеттілігі мен өмір сүру деңгейіне назар аудару керек.

«Сіздер өз әдістеріңізге сүйеніп, орташа жалақы мен еңбек өнімділігіне басымдық беріп отырсыздар. Алайда бұл жерде концептуалды тәсілді өзгерту туралы сөз болып отыр. Коэффициенттердің көмегімен өздеріңіз түзете алатын макроэкономикалық көрсеткіштерге жүгіне бермей, адамның қажеттіліктеріне, оның өмір сүру стандарттарына ден қою керек. Ең төменгі жалақыны соның негізінде белгілеу қажет», — деді Мәулен Әшімбаев.

Отырыста Сенат «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төмен жалақыны белгілеу туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заңды мақұлдады. Бұл құжат Қазақстандағы еңбек жағдайын жақсартуға бағытталған.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, енді ең төменгі жалақы жыл сайын қайта қаралып отырады.

 «Әдістеме бар, конвенцияны ратификацияладық, енді ең төменгі жалақы жыл сайын қарастырылуы керек. Азаматтық қызметкерлерге біз 99 мың теңгеден көрсеткіш қойып, ақшаны қарастырып қойдық», — деді ол.

Азаматтық қызметкерлер деген кімдер?

Азаматтық қызметкерлер – бұл мемлекет қаржысымен қамтылатын, бірақ әскери немесе құқық қорғау құрылымдарына кірмейтін мамандар тобы. Олар қоғамның әлеуметтік саласында еңбек етіп, мемлекеттік қызметтің маңызды бөлігін атқарады.

Мұндай қызметкерлердің қатарына мыналар жатады:

білім беру саласының өкілдері – мұғалімдер мен оқытушылар,

денсаулық сақтау саласының мамандары – дәрігерлер мен медбикелер,

мәдениет, ғылым және әлеуметтік қорғау саласының қызметкерлері,

мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін бухгалтерлер, хатшылар, іс жүргізушілер,

инженерлер, техниктер және түрлі көмекші мамандар.

Қарапайым тілмен айтқанда, азаматтық қызметкер — бұл бюджет саласында жұмыс істейтін, бірақ әскери шен мен арнайы мәртебесі жоқ, қоғам игілігі үшін қызмет ететін маман.

Министрлік мәліметінше, алдағы бес жылда ең төменгі еңбекақы көлемін медиандық және орташа айлықтың 50 пайызы деңгейіне жеткізу жоспарланып отыр. Бұл бастама еңбек нарығындағы әлеуметтік әділдікті арттыруға және халық табысын өсіруге бағытталған.

 

 

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар