Қазақстанда гидро және жаңартылатын энергия жобаларын іске асыру мәселесі талқыланды
- авторБақытжан Бекболат
- 2 қазан, 2025
- 267
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов пен «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Султанбек «POWERCHINA» корпорациясының вице-президенті Чэнь Гуаньфу бастаған делегациямен кездесті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Келіссөздерде энергетика және су шаруашылығы салаларындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері қаралды. Әсіресе, гидроаккумуляциялық электр станцияларын, жаңартылатын энергия нысандарын, тазарту құрылыстарын салу, цифрлық технологияларды енгізу, электр энергетикалық жабдықтарды жергіліктендіру және инженер мамандарды даярлау бағыттарына ерекше назар аударылды.
Ғ. Оспанқұлов «POWERCHINA»-мен ынтымақтастық Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, озық технологияларды енгізуге және орнықты дамуына серпін беретінін атап өтті. Өз кезегінде Чэнь Гуаньфу компанияның Қазақстанды Орталық Азиядағы стратегиялық серіктес ретінде көретінін және жаңартылатын энергетика мен су ресурстарын басқару саласында толық шешімдер ұсынуға дайын екенін жеткізді.
Айта кетейік, «POWERCHINA» – әлемнің 130-дан астам елінде ауқымды жобаларды іске асырып жатқан Қытайдың жетекші энергетикалық және құрылыс корпорацияларының бірі.





