Қазақстандықтарды қазан айында қандай маңызды өзгерістер күтіп тұр
- авторБақытжан Бекболат
- 2 қазан, 2025
- 863
Қазан айы Қазақстанда түрлі мерекелер мен өзгерістерге толы болмақ. Бұл айда кәсіби мерекелерден бастап, салық төлеу мерзімдері мен банк жүйесіндегі жаңашылдықтар, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы өзгерістер де назардан тыс қалмайды. Сонымен қатар, спорт және халықаралық жаңалықтар да қазан айын мазмұнды ете түспек, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Қарттар мен мұғалімдер күні
1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Бұл күн 1990 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен бекітілген. Қазақстанда бұл мереке жыл сайын атап өтіледі, қарттарға құрмет көрсетіліп, түрлі шаралар ұйымдастырылады.
5 қазан – Мұғалімдер күні. Бұған дейін бұл кәсіби мереке қазан айының бірінші жексенбісінде тойланатын. Алайда 2023 жылдан бастап 5 қазанда, яғни ЮНЕСКО ұсынған халықаралық күнмен бірге аталып өтіледі. Бұл күні білім саласының үздік қызметкерлері марапатталып, ұстаздарға құрмет көрсетіледі.
Қазандағы кәсіби мерекелер
Қазан – кәсіби мерекелерге ең бай айлардың бірі. Ай ішінде келесі күндер аталып өтеді:
1 қазан – Радио күні
6 қазан – Қорғаныс өнеркәсібі қызметкерлері күні
10 қазан – Қазақстан кәсіптік одақтарының күні
19 қазан – Құтқарушы күні
Қазанның үшінші жексенбісі – Орман шаруашылығы қызметкері күні
24 қазан – Кітапханашылар күні
Қазанның соңғы жексенбісі – Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні
29 қазан – Күзет ұйымдары қызметкерлерінің күні
Республика күні және демалыс күндері
25 қазан – Республика күні. Бұл күн Қазақстанда мемлекеттік мереке ретінде атап өтіледі. Биыл 25 қазан сенбіге түсіп тұрғанымен, мерекеге орай демалыс 27 қазан, дүйсенбіге ауыстырылады. Осылайша, бес күндік жұмыс аптасы бойынша еңбек ететін қазақстандықтар үш күн қатарынан – 25, 26 және 27 қазанда демалады.
«Отбасы банк» төлемдерге шектеу енгізеді
2025 жылдың 1 қазанынан бастап «Отбасы банк» жалдау және ипотека төлемдерін онлайн шектеуді енгізеді. Енді төлемдер тек жұмыс күндері сағат 9:00-ден 17:00-ге дейін банктің бөлімшелерінде немесе “Баспана Маркет” порталы арқылы қабылданады. Өтінімдер үш жұмыс күн ішінде қаралады, сондықтан банк клиенттерге төлемдерді алдын ала жүргізуге кеңес береді.
Мүлік салығын төлеу мерзімі – 1 қазан
Жеке тұлғалар 2024 жылға арналған мүлік салығын 2025 жылдың 1 қазанына дейін төлеуі тиіс. Уақытында төлемеген жағдайда айыппұлдар қосылып, шоттарға тыйым салынып, шетелге шығуға шектеу қойылуы мүмкін. Салықты e-Salyq Azamat, банктердің қосымшалары, egov.kz немесе банкоматтар арқылы төлеуге болады.
Денсаулық сақтау: маска тағу қайта оралады
15 қыркүйектен бастап елде тұмауға қарсы екпе егу науқаны басталды. Осыған байланысты 1 қазаннан бастап медициналық қызметкерлерге маска тағу режимі қайта енгізіледі. Бұл – тұмау, ЖРВИ және COVID-19 індеттерінің алдын алуға бағытталған шаралардың бірі.
АҚШ визасына жаңа алым енгізіледі
1 қазаннан бастап АҚШ визасына жаңа төлем – Visa Integrity Fee енгізіледі. Бұл төлем мөлшері – 250 доллар (шамамен 135 мың теңге). Ол туристік, еңбек, студенттік және басқа да қысқа мерзімді визаларға қатысты. 2026 жылдан бастап бұл алым инфляцияға байланысты жыл сайын қайта қаралады.
АЭС атауына байқау жарияланды
Қазақстанда салынатын алғашқы атом электр станциясына атау беру бойынша байқау басталды. Оған кез келген азамат eGov Mobile қосымшасы арқылы қатыса алады. Ұсыныстар 10 қазан сағат 23:59-ға дейін қабылданады.
«Қайрат» Чемпиондар лигасында ойнауда
Алматылық «Қайрат» футбол клубы Чемпиондар лигасының екінші үй кездесуін өткізеді. 21 қазан, сейсенбі күні сағат 21:45-те олар Кипрдің «Пафос» клубымен кездеседі. Бұған дейінгі алғашқы матчта «Қайрат» әйгілі «Реал Мадридпен» кездескен болатын.






