Биыл елге оралған қандастар қай өңірлерге қоныс тепті
- авторМағжан Орынбасар
- 29 қазан, 2025
- 283
2025 жылда 11 012 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 159,1 мың этникалық қазақ оралды. Аталмыш деректерді 2025 жылғы 29 қазанда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Таратылған ақпаратқа сүйенсек, жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың көп бөлігі:
45,7% – Өзбекстаннан,
42,1% – Қытайдан,
4,5% – Түрікменстаннан,
2,6% – Ресейден,
2,6% – Монғолиядан,
2,5% – басқа елдерден.
2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша халықтың негізгі бөліктері:
еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 58,4%,
еңбекке қабілетті жастан кіші 32,8%,
зейнеткерлер 8,8%.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 15,3%-ы жоғары білімді, 28,4%-ы орта кәсіби білімді, 50,6%-ы жалпы орта білімді, және 5,7% білім жоқ.
Министрлік қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанғанын атап өтті.
Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.
Ведомство ақпаратынша, қоныстандыру өңірлерінде 2025 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 309 адамды құрайды. 2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 1 725 қандас қоныс аударды.
Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады:
бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (275,2 мың теңге) мөлшерінде;
тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (59-дан 118 мың теңгеге дейін) мөлшерінде.
Жыл басынан бері 916 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 277 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Сонымен қатар, министрлік ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданғанын атап өтті.
Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4,56 млн теңгеге дейін мөлшерінде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді.






