«Болашақ» түлегіне кепіл болған журналистердің мәселесі шешілді
- авторИндира Тәліпқызы
- 20 маусым, 2024
- 435
2016 жылы экс-әріптесі Валерия Гавриленкоға «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға түсуіне кепіл болған диктор Мақпал Дәрібаева мен Наталья Воробьеваның мәселесіне нүкте қойылды. Қуанышты хабар жайлы Мақпал Дәрібаева әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Журналист өз бейнеүндеуінде мәселенің оң шешімін табуына ат салысқан Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке алғысын жеткізген.
«Құрметті әріптестер, бүгінгі видеоүндеуде мен, Мақпал Дәрібаева және әріптесім Наталья Воробьева “Болашақ” халықаралық бағдарламалар орталығындағы резонансты оқиға бейбіт жолмен өз шешімін тапқанын айтқымыз келеді. Өздеріңіз білетіндей, апелляциялық соттың шешімімен бізге медиацияға 2 апта уақыт берілген еді. Осы уақыт аралығында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекұлы мен “Болашақ” халықаралық бағдарламалар орталығының Басқарма төрағасы Әлия Қалқаманқызының жылдам әрекет етуімен, Валерия Гавриленко кепілдікке қайта пәтер қойып, оқуға кеткен шығынның барлығын өзі өтейтінін мойындап, келісімшартқа қол қойған. Осы түйіткілді мәселе шешімін тапқанша, өз назарында ұстаған Министр Саясат Нұрбекұлына, әрдайым бізбен байланыста болған Әлия Қалқаманқызына алғыс айтамыз. Қазіргі таңда, біздің тарапымыздан “Болашақ”орталығына және де “Болашақтың” тарапынан бізге ешқандай шағым жоқ», - деген ол өз сөзінде.
Еске салайық, «Болашақ» түлегі Гавриленко 2021 жылы кепілге қойған Мақпал Дәрібаева мен Наталья Воробьеваның екі пәтерін кепілден шығарып сатып жіберген болатын.
Ұқсас жаңалықтар
Елімізде 12 мың шақырым жол-құрылыс жұмыстары жүргізілді
- авторМағжан Орынбасар
- 26 желтоқсан, 2024