жұма, 5 желтоқсан, 2025 13:15

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Мұнай-газ саласына кәсіби маман қалай даярланады?

Мұнай-газ саласына кәсіби маман қалай даярланады?
Pixabay.com
Мұнай өндірісі ел экономикасына елеулі үлес қосатындығымен құнды әрі ірі сала. Ел ішінде «Қара алтын» аталып кеткен мұнайды өндірудің және тиімді пайдаланудың әдістерін ғылыми тұрғыда қарастырып, ұтымды жолдары болашақ мамандарға оқытылып келеді.

Өңіріміздегі Қазақ ұлттық Су шаруашылығы және ирригация университетінде болашақ жас мамандарға мұнай мен газдардың химиялық құрамын, оның жеке фракцияларын оқшауланған жеке заттарды зерттеудің әдіс-тәсілдері теориялық ғана емес, іс тәжірибе түрінде де меңгертілуде. Өндіріс орындарында жемісті еңбек еткен білікті мамандар университетте студенттерге білім беріп, өндіріс орындарына апарып, іс жүзінде үйретіп те жүр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

Сондай ұстаздың бірі Юлдашбай Дәрібаевтың бастамасымен келешекте мұнай, газ өндірісіне сапалы мамандар даярлау және лабораториялық-тәжірибе сабақтарын оқыту үрдісінде қолдану үшін «Амангелді Газ» және «ҚазТрансГазАймақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен жабдықтар мен аспаптар алынған.

Қазақстан Республикасының мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкері, еңбек ардагері, «Мұнай, газ және тау кен ісі» білім беру бағдарламасының доценті Юлдашбай Әбуұлы саналы ғұмырын осы салаға және ауыл шаруашылығына арнаған.

Ізденімпаз оқытушы студенттер үшін «Мұнай және газ химиясы», «Ұңғы өнімдерін жинау және дайындау» пәндері бойынша қазақ және орыс тіліндегі оқу құралын жазды. Қазіргі уақытта баспаға «Мұнай және газ ұңғыларын бұрғылау», «Мұнайды өндіру технологиясы мен техникасы» пәндері бойынша қазақ және орыс тілінде оқу құралдарын дайындауда.

«Мұнай және газ ұңғыларын бұрғылау» мамандығының иесі дәл осы тақырыпта ғылыми еңбек жазып, студенттерге бағыт берер оқулық ұсынды. Оқулықта мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылау, бұрғылау түрлері, ұңғымаларды бұрғылау технологиясы, бұрғылау бағаны, түп қозғалтқыштар, ұңғымаларды бұрғылау, бұрғылау қондырғылары, жабдықтар мен құрал-саймандар, жуу технологиясы және бұрғылау ерітінділері, бұрғылау ерітінділерін химиялық өңдеу, бұрғылау ерітінділерін дайындау және тазалау жөнінде айтылған.

Сондай-ақ бақылау-өлшеу аспаптары, бұрғылау кезіндегі шиеленістер мен апаттар, ұңғымаларды бұрғылау процесінде өнімді горизонттарды, яғни қабаттарды ашу және сынау, ұңғымаларды цементтеу турасында мағлұмат берілген. Өнімді қабаттарды ашу және ұңғымаларды игеру, ұңғымаларды бұрғылау кезінде жұмыстарды ұйымдастыру, теңізде ұңғымаларды бұрғылау ерекшеліктері, ұңғымалар оқпанының қисаюы және бағытталған бұрғылаудың қолданылуы туралы мәліметтер келтірілген.

– Бұрғылау – тау жыныстарын бұзу арқылы ұңғыманы тереңдету процесі. Ұңғымаларды бұрғылау мұнай-газ қабаттарының қандай тереңдікте орналасқанын және өнімділігін анықтау мақсатында қолданылады. Бұрғылау барысында әртүрлі тереңдікте жатқан жыныстардың керн-цилиндрлік үлгілері алынады. Керн талдауы оның мұнай-газдылығын анықтауға мүмкіндік береді. Ұзындығы диаметрінен бірнеше есе көп, оның түбіне адамдарды түсірместен, яғни қол жеткізуінсіз бұрғыланған тау жыныстарының дөңгелек қимасы ұңғыма деп аталады. Ұңғыманың жоғарғы бөлігі – сағасы, төменгі жағы – түбі, бүйір беті – қабырғасы, ал қабырғамен шектелген кеңістік ұңғыма – оқпаны деп аталады. Ұңғыма ұзындығы – бұл ұңғы осі бойынша сағадан түбіне дейінгі қашықтық, ал тереңдігі – тік оське ұзындығының проекциясы. Ұзындығы мен тереңдігі тік ұңғымалар үшін ғана тең. Алайда олар көлбеу және қисайған ұңғымаларға сәйкес келмейді. Ұңғыманы бұрғылаудың қазіргі заманғы процесі – буындардың тізбегінен тұратын күрделі техникалық-технологиялық процесс. Олардың біреуінің істен шығуы асқынуларға, аварияларға немесе тіпті ұңғының опат болуына әкеп соғуы мүмкін. Тау-кен жыныстарын бұзу тәсіліне қарамастан ұңғыны бұрғылау процесі бірқатар операцияларды қамтиды. Атап айтсақ, жынысты талқандайтын құрал-саймандары бар бұрғылау құбырларын ұңғымаға түсіру, ұңғыма түбіндегі жынысты талқандау, талқандалған жынысты ұңғымадан шығару, тозған қашауды ауыстыру үшін ұңғымадан бұрғылау құбырларын көтеру, ұңғымаға бұрғылау құбырларын жаңа қашаумен түсіру, ұңғыманы шегендеу бағаналарымен және тампонаждау материалдарымен бекіту, яғни цементтеу. Ұңғыма түбін бұрғылауға тікелей қатыспайтын басқа да технологиялық және геофизикалық сипаттағы операциялар қолданылады. Ұңғыма түбін бұрғылаудың технологиялық тәсілдерін бұрғылау принципі, жынысты бұзғыш құралсайманды жеткізу тәсілі, кенжарды тереңдету түрі, жынысты бұзғыш құрал-сайманды бағдарлау, кенжардағы қысым, бір сағадан өтетін оқпан саны бойынша жіктеуге болады. Бұрғылау принципі бойынша айналмалы, соққылы, дірілді, гидродинамикалық, термиялық, электрфизикалық, жару, химиялық, аралас әдістерге бөлінеді. Жынысты талқандайтын құралдардың жетегі бойынша тәсілдер ротормен, түп қозғалтқыштармен, яғни турбобур, электробур, винтті бұрғылауға бөлінеді, – деп түсіндірді ғалым өз мамандығы бойынша студенттерге арнап жазған оқулығының мазмұнын.

Бүгінде Қазақ ұлттық Су шаруашылығы және ирригация университетінде аға оқытушы қызметін атқарып жүрген ол ауыл шаруашылығы саласында да ғылыми еңбектермен айналысты. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты болды. Алғашқы білім баспалдағын қазіргі Түркістан облысының Келес ауданында оқып, бастап, еңбегімен көзге түсіп, Келес ауданының Құрметті азаматы атанды.

Еңбек жолын 1975 жылы Гурьев қаласындағы политехника техникумының оқытушысы қызметінен бастаған Юлдашбай Әбуұлы Оңтүстік Қазақстан облысы Ақсу кентіндегі Оңтүстік Қазақстан гидрогеологиялық экспедициясында қарапайым бұрғышы жәрдемшісінен бұрғылаушы, бұрғылау шебері, Келес ауданындағы Дарбаза тораптық құбырмен су тасымалдау басқармасында инженер-сантехник, Чапаев атындағы мақта совхозында инженер-гидротехник қызметін атқарды.

1989 жылдан 2002 жылға дейін Өзбекстанның Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механизациялау инженерлері институтында ғылыми істер зерттеушісінен, ассистент, доцент, оқу бөлімінің тәжірибе жөніндегі меңгерушісі болып жұмыс істеді. Кандидаттық диссертациясын қорғап, 1995 жылы ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты, 1998 жылы доцент лауазымын иеленді.

Докторантураны да сәтті аяқтап, РhD дәрежесін иеленді. Кәсіби біліммен тоқтап қалмай, ғылыми еңбектермен айналыса жүріп, «QAZAQGAZ AIMAQ» акционерлік қоғамының Жамбыл филиалында бұрғылау инженері, «Амангелді Газ» жабық акционерлік қоғамында ауысым шебері және газ өндіру шебері, комплексті газ дайындау қондырғысының менеджері, өнеркәсіп басшысы, бас директордың өндіріс бойынша бірінші орынбасары, бас технолог, бас технологтың орынбасары, газ және конденсатты газды өндіру қызметінің жетекшісі, жетекші инженер, инженер-технолог қызметтерін абыройлы атқарып, зейнетке шықты.

Дегенмен, еңбектен қол үзбей, «Клинал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде инженер-технолог, «ФАН» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде бас эколог болып жұмыс істеді.

Қажырлы еңбегі үшін көптеген Құрмет грамоталармен, Алғыс хаттармен марапатталып, Энергетика министрлігінің «Мұнайгаз саласының еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісін, «Qazaqgaz-дың құрметті ардагері» медалін иеленді. Өз саласы бойынша мерейтойлық төсбелгілермен де марапатталған Юлдашбай Дәрібаевқа Тәуелсіздіктің 30 жылдығында «Еңбегім еліме» құрмет белгісі берілді.

Еңбекпен елінің елеулесі болған ғалым қазір өз білімі мен тәжірибесін студенттерге үйретіп жүр.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар