Мәжілісте мерзімді әскери қызметке шақыру жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланды
- авторБақытжан Бекболат
- Бүгін, 17:07
- 47
Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде Айгүл Құспанның төрағалығымен мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Әскерге шақыру науқанының, шақырылушыларды медициналық куәландырудың және ведомствоаралық өзара іс-қимылдың негізгі проблемаларын талқылауға орталық және жергілікті уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Отырыста депутат Айгүл Құспан Мемлекет басшысының әскери қызметтің беделін арттыру және елдің қорғаныс қабілетін нығайту жөніндегі тапсырмаларын басым мемлекеттік міндеттер ретінде іске асыруға баса назар аударды. Комитет жетекшісі айтқандай, әскерге шақыру рәсімдерінің тиімділігі мен ашықтығы азаматтардың мемлекетке және армияға деген сеніміне тікелей әсер етеді.
Жиында сөз алған депутат Ерболат Саурықов мерзімді әскери қызмет жүйесін одан әрі дамыту қоғаммен диалог орнатуға, ашықтық пен сенім қағидаттарына негізделуге тиіс екеніне тоқталды. Ол мәжбүрлеп шақыру әдісін тоқтатып, профилактикалық және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту керектігін, сондай-ақ медициналық куәландыру мен шақыру процестерін цифрландыру жүйесін жетілдіру қажеттігін айтты.
Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары-Қарулы Күштері Бас штабының бастығы Қаныш Әбубәкіров Президент тапсырмасына сәйкес 2015-2025 жылдары мерзімді әскери қызметке шақырылғандардың қатары негізінен Қарулы Күштердің есебінен ұлғайғанына назар аударды. Ол әскери қызметтің тартымдылығын арттыру үшін депутаттық корпустың қолдауы арқылы несие міндеттемелерін шегеру, жоғары оқу орнына мемлекеттік грант бойынша ҰБТ тапсырмай түсу, әскери қызмет мерзімін білім гранттарын өтеуге теңестіру, сондай-ақ сұраныс бар мамандықтар бойынша кәсіптік даярлықтан өту сынды шаралар кешені іске асырылғанын атап өтті.
Қорғаныс вице-министрі айтқандай, 2025 жылы шілдеде әскери-патриоттық тәрбие мәселелері бойынша заң қабылданып, бұл осы бағыттағы маңызды қадам болды. Сол арқылы SMS-хабарламалар әскерге шақыру туралы хабардар етудің ресми тәсілі ретінде бекітіліп, медициналық қолдауды цифрландыру шаралары кеңейді.
Отырысқа қатысушылар жастар мен ата-аналар арасында алдын ала түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет екенін, сондай-ақ шақыруға келмегендерге қатысты жауапкершілік жүктейтін құқықтық тетіктерді енгізу керектігін атап өтті. Ол үшін цифрлық хабарлау құралдарын пайдалану, уақытша шектеу шараларын қолдану, кейін осы бағытта заңнамаға өзгерістер енгізу ұсынылды.
Жиын барысында айтылған ұсыныстар әскерге шақыруды ұйымдастырудың тиімділігін арттыруға және осы саладағы мемлекеттік саясатты одан әрі жетілдіруге бағытталған ұсынымдарды әзірлеу кезінде ескерілетін болады.






