Мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігіне жүргізілген аудит нәтижесі қандай
- авторМағжан Орынбасар
- Бүгін, 11:48
- 88
Жоғары аудиторлық палата ҚР Мәжілісінде кәсіпкерлерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігіне жүргізілген аудит нәтижелерін таныстырды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік қолдау шараларын көрсету тиімділігіне жүргізілген аудит аяқталды. Тексерудің негізгі қорытындыларын Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов ҚР Мәжілісінің пленарлық отырысында жариялады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстанда бизнесті дамытуға басымдық беріліп отыр. Бұл ретте өңірлік мамандану мен атаулы қолдаудың маңызы зор. Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палатаның тексеруі мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігіне, сондай-ақ әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (ӘКК) қызметіне де қатысты жүргізілді. Бұл аталған құралдардың іскерлік белсенділіктің өсуіне қосқан нақты үлесін бағалауға мүмкіндік берді.
Әлихан Смайылов атап өткендей, бүгінде қолдау шаралары, механизмдер мен операторлар көп, ал қарапайым кәсіпкер үшін олардың барлығын түсіну қиын. Сонымен қатар өтінім беруден бастап көрсетілген қолдаудың тиімділігін бағалауға дейінгі барлық кезеңді қамтитын бірыңғай ақпараттық платформа әлі күнге дейін жоқ.
Аудиттің бағалауынша, Ұлттық экономика министрлігінің қолдау көлемі жөніндегі деректері кемінде екі есе төмен. Бағалау бойынша, салықтық жеңілдіктер мен преференцияларды есепке алмағанда, соңғы алты жыл ішінде мемлекет кәсіпкерлерге 4,5 трлн теңге көлемінде қолдау көрсеткен. Олардың 90%-ы шығыстарды және кредиттер бойынша мөлшерлемелерді субсидиялау, тауарлардың кепілдік берілген көлемін сатып алу, кредит беру және лизинг сияқты бес қолдау құралына тиесілі.
2024 жылғы қыркүйекте Мемлекет басшысы мемлекеттік қолдау шараларын ревизиялауды тапсырды. Ұлттық экономика министрлігі Бірыңғай тізілім жасап, тиімділікті бағалау әдістемесін әзірледі. Алайда аудит тізілім сапасының жеткіліксіздігін көрсетті. Ол Кәсіпкерлік кодексінде көзделген қолдау шараларының барлығын толығымен қамтымайды. Тізілімде өзектілігін жоғалтқан шаралар да кездеседі.
Жалпы қолдау шаралардың әсерін бағалау әдіснамасында айқындық жоқ. Ұлттық экономика министрлігінің тәсілдері бір бөлек, салалық органдардың тәсілдері бір бөлек. Әлеуметтік және экономикалық әсер деген ұғымдар нақты емес. Оларды қалай есептеу керектігі, қандай кезең үшін есептелетіні және нәтижені нақты қолдау шарасымен қалай байланыстыру керектігі түсініксіз.
«Бизнес субъектісі мемлекеттік бюджеттен үнемі қаржыландырыла отырып, әртүрлі көздерден 19-ға дейін қолдау шарасын алған жағдай кездеседі. Сондықтан көрсетілетін шаралар инерциямен жалғасып келеді. Тиімділікті бағалауда сандық көрсеткіштерге баса назар аударылады. Жұмыс орындарының санымен, төленген салықтармен ғана шектеледі. Өндіріс көлемінің өсуі, қосылған құны, бизнестің қаржылай тұрақтылығы сияқты экономика үшін нақты әсер бақыланбайды», — деп атап өтті Жоғары аудиторлық палата төрағасы.
Аудиттің бағалауынша, «БАҚЫЛАУДА» ақпараттық сервисінің мемлекеттік қолдау шаралары үшін цифрлық платформа болу перспективасы екіталай. Мәртебесі заңмен бекітілмеген. Кейбір операторлар мен мемлекеттік органдар жүйеге деректерді енгізбейді. Ондағы деректердің анықтығы мен сапасы үшін ешкім жауап бермейді.
Бір-бірімен үйлеспейтін мемлекеттік қолдау жүйесі салдарынан қарыздарды субсидиялау, экспорттық қаржыландыру, консультация беру, шығындардың бір бөлігін өтеу операторлары сияқты көптеген оператор пайда болған. Әр оператор өз қызметінің құнын өз қалауынша айқындайды. Іс жүзіндегі еңбек шығындарын есепке алмайды. Ал олардың қызметінің сапасына бағалау жүргізілмейді.
Сонымен қатар ведомствоаралық үйлестірудің төмендігінен операторлар өз ережелерін орнатқан. Кейбір операторлар өтінімді мақұлдау кезінде кәсіпкерлерден заңнамада көзделмеген құжаттарды талап еткен. Бұл – мемлекеттік қолдауға тең әрі ашық қолжетімділік қағидаттарын бұзу.
Жоғары аудиторлық палата төрағасы бірнеше мысал келтірді.
Мысалы, «Атамекен» ҰКП «Мен – кәсіпкер» жобасы бойынша жекелеген субъектілерге консультация берумен ғана шектелсе, ал кейбіреулерге қосымша көрмелер өткізіп, бизнес-жоспар әзірлеп береді.






