сенбі, 28 желтоқсан, 2024 13:13

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Менің де, әйелімнің де оған уақыты жоқ». Анасы өлген соң әкесін қарттар үйіне өткізген Тараз азаматының әңгімесі

«Менің де, әйелімнің де оған уақыты жоқ». Анасы өлген соң әкесін қарттар үйіне өткізген Тараз азаматының әңгімесі
Сурет ашық дереккөзден алынды
Қараусыз қалған қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға пана болған мекемеде қызмет алушылардың 84-і ер, 46-сы әйел адам, деп жазады jambylinfo.kz.

Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының №2 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығын бүгінгі таңда 130 адам мекен етуде. Мұнда тағдыр тәлкегіне ұшырағандар, түрлі жағдайда осы орталықтың қызметіне жүгінеді. Жартысынан көбінің ұл-қызы бар. Тек қарттық жеңіп, әл-қуаты кеміген ата-анасын аялауға біріне уақыт, енді біріне мейірім жетпегенін айтып мұңайды. Оның үстіне мұндағы қариялардың балаларының түсінігі бойынша, «қартайған әке-шешені арнайы орталыққа беру» ұят емес екен. Қайта мұнда өзі сияқты замандастарымен бас қосып, әңгіме-дүкен құрып, іштері пыспайтын көрінеді.

«Әке-шешем аялап өсірді, бақты-қақты. Алайда анам өмірден өткен соң, әкем мұңайып қалды. Себебі мен де, әйелім де де таңнан кешке дейін жұмыста. Немерелері мектепке, түрлі үйірмеге барады. Одан қалса әркімнің өз жеке шаруасы бар. Әкемнің қасында отырып, әңгіме айтуға да уақыт тапшы. Бұрын анам барда білінбеуші еді, енді әкемнің мұңайып, жалғыз қалғаны жаныма батты. Бұрын қызметте болған, көкірек көзі ашық адам ретінде өз ойымды әкеме айтып: «Қарттар үйіне барсаңыз асулы қазан, салулы төсек болады» деп едім, қарсылық білдірмеді. Демалыста, әр мейрам, туған күндерде әкеме барып тұрамыз. Немерелерін құшағына басып, мауқын басады. Сағынғанда үйге де алып келеміз. Мұның еш әбестігі жоқ», –дейді әкесін қарттар үйіне өткізген жалғыз ұл.

Ал алматылық Зәбира әжейде бәрі басқаша. Жолдасы 2001 жылы қан қызуы көтеріліп, қайтыс болған. Ал осыдан бір жарым жыл бұрын  оқыс оқиғадан жалғыз ұлынан айырылған ана тұрлаусыз дүниенің азабын тартып, жатып қалады. Келіні де бүйрек ауруына шалдығып, отаға түседі. Төрт немересі үшін аяққа тұруға талпынған әжей, өз өзіне келудің амалын іздейді. Алайда үйдегі әрбір зат, әрбір дүние жалғыз ұлын есіне түсіре береді. Бірде ішкі қайғы мұңнан арылудың амалын ойлаған әже өзі емделіп жүрген медбикеге «Мен Қарттар үйіне барып, өз-өзіме келгенше сол жақта болайын» деп өтініш білдіріп, осы орталыққа қоныс аударады.

«Қазір аяққа тұрып келемін. Мұндағы қызмет ұсынушылардың аялы алақаны, мейірімінің арқасында оңалып келемін. Әрине, ешкім басымдағы қайғымды ұмыттыра алмасы анық, алайда мұндағы психологтар мен басшымыз Мұрат Бердалиевтың ерекше қамқорлығының арқасында адам өзін тастап жіберуге болмайтынын түсіндім. Осы орталықтағы асты-үстімізге түсіп, бірде жаулығымды түзеп, бірде ақ төсегімді ауыстырып жүргендерге ризалығым шексіз. Әсіресе төсекке таңылып қалғандарды тосып, жуындырып, ас-ауқатын беріп, барынша аялап жүргендерін көріп, ризалығымды білдіргім келеді» – дейді Зәбира әжей.

Құралай Сейсенбекқызы

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар