сейсенбі, 30 желтоқсан, 2025 19:42

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қолайсыз ауа райы: ТЖМ 242 адамды құтқарып, жүздеген жолаушыны эвакуациялады

Қолайсыз ауа райы: ТЖМ 242 адамды құтқарып, жүздеген жолаушыны эвакуациялады
Төтенше жағдайлар министрлігі
Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді

Еліміздің бірқатар өңірінде ауа райының күрт нашарлауына байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Боран, көктайғақ, қатты жел мен нөлдік көрінуге байланысты жүргізілген авариялық-құтқару жұмыстары барысында ТЖМ қызметкерлері 242 адамды, оның ішінде 8 баланы құтқарып, қауіпсіз жерге эвакуациялады. Сондай-ақ 19 автокөлік қар құрсауынан шығарылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Халықты дер кезінде хабардар ету мақсатында дауылды ескертулер мен автожолдардың жабылуы туралы ақпарат СМС-хабарламалар, ТЖМ мен аумақтық бөлімшелердің интернет-ресурстары және әлеуметтік желілер арқылы таратылды. Құтқару жұмыстарына ТЖМ құтқарушылары, полиция қызметкерлері және жергілікті атқарушы органдар жұмылдырылды.

Өңірлердегі құтқару жұмыстары

Абай облысында қар құрсауында қалған автокөліктен екі адам аман алып шықты. Жарма ауданында Қалбатау ауылынан 15 шақырым жерде қалған жеңіл көліктегі екі адам құтқарылып, елді мекенге жеткізілді. Оларға медициналық көмек қажет болмады.

Ақтөбе және Қарағанды облыстарында 100-ден астам адам жылыту пункттеріне эвакуацияланды. Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында республикалық маңызы бар жолда екі автобус тоқтап қалып, 78 жолаушы қауіпсіз жерге орналастырылды. Ал Қарағанды облысының Абай ауданында 56 жолаушысы бар автобус Топар кентіндегі блок-бекетте тоқтап, жолаушылар жылыту пунктіне жеткізілді.

Жетісу облысында қар құрсауынан 30 адам құтқарылды. Алакөл ауданында «Үшарал – Достық» автожолының бірнеше учаскесінде авариялық-құтқару жұмыстары жүргізіліп, жалпы саны 30-дан астам адам Көктұма станциясына эвакуацияланды. Барлығына медициналық көмек қажет болған жоқ.

Ақтөбе облысында шамамен 60 жолаушы эвакуацияланды. Әйтеке би ауданында «Мәскеу – Шымкент» бағытындағы автобус пен жүк көлігінің соқтығысуы салдарынан 59 жолаушы «Маяк» кемпингіне жеткізілді. Зардап шеккендер тіркелген жоқ.

Таудағы және судағы құтқару операциялары

Алматы облысының тауларында ТЖМ құтқарушылары жоғалып кеткен туристі тапты. 4400 метр биіктіктегі «Жас гвардия» шыңы маңында жүргізілген іздестіру нәтижесінде 1998 жылы туған азамат аман табылып, бақылау-құтқару пунктіне жеткізілді.

Батыс Қазақстан облысында Шаған өзенінен өту кезінде мұз астына түсіп кеткен жүк көлігі сүңгуірлердің көмегімен судан шығарылды. Жүргізуші зардап шеккен жоқ.

Қостанай облысында ауылішілік жолда қар құрсауында қалған жеңіл көлік шығарылып, шетелдік азаматқа көмек көрсетілді. Қарағанды облысында «Астана – Қарағанды – Алматы» автожолында бұзылған автобустан 32 жолаушы, оның ішінде 4 бала эвакуацияланды.

Алдын алу шаралары жалғасуда

ТЖМ өтімділігі жоғары техниканы пайдалана отырып, күрделі қарлы учаскелерде патрульдеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Құтқарушылар жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, азаматтарға тәулік бойы көмек көрсетуде.

Қазақстан ТЖМ тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтауға, дауылды ескертулерді бақылауға және қолайсыз ауа райы кезінде алыс жолға шықпауға шақырады. Ауыл тұрғындарына ауа райы нашарлаған кезде ұзақ серуендеуден бас тарту ұсынылады.

 

 

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар