Қорғаншылық органдарында жұмыс істейтін мамандардың саны көбейіп келеді – Динара Зәкиева
- авторМағжан Орынбасар
- 7 қазан, 2025
- 351
Омбудсменнің айтуынша, осы уақыт ішінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған, әсіресе зорлық-зомбылықтың алдын алу мен қорғанысты күшейтуге арналған қажетті заңдар, бағдарламалар мен қаулылар қабылданған, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
- «Қазір әкімдіктердің құрылымында балалардың құқықтарын қорғау басқармалары, отбасын қолдау орталықтары мен мобильді топтар құрылып жатыр. Қорғаншылық органдарында жұмыс істейтін мамандардың саны көбейіп келеді. Мемлекеттік байланыс орталығы ашылды, ал мектептерде QR 111 жүйесі арқылы балалармен тікелей байланыс орнату мүмкіндігі енгізілді. Бүгінгі басты міндет – қабылданған шараларды сапалы түрде іске асыру. Осы бағытта Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің жетекшілігімен мемлекеттік органдар мен әкімдіктер тығыз жұмыс жүргізіп жатыр», – деп жазды Динара Закиева Instagram парақшасында.
Омбудсмен келтірген деректерге сүйенсек, соңғы 9 айда балалардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар 18%-ға азайған.
Ағымдағы жылдың тоғыз айындағы көрсеткіштерге сәйкес, Қылмыстық кодекстің бес бабы бойынша балалардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар саны 18%-ға азайған. Соның ішінде, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделген педофилия фактілері 24%-ға төмендеген.
Сондай-ақ, «Адам өлтіру» және «Ауыр зиян келтіріп, өлімге әкелген» баптары бойынша қылмыстар тиісінше 22% және 50% азайған.
Балаларға қатысты ауыр және аса ауыр қылмыстардың төмендеуі – қабылданған шаралардың нәтижелі екенін көрсетеді. Бірақ әрбір статистика – бір баланың өмірі мен тағдыры.
Біздің басты мақсатымыз – осындай қылмыстардың болмауына бар күшімізді салып, әрбір баланы қорғау үшін күресу», – деді Динара Зәкиева.
Сонымен қатар балалар арасындағы суицидтің алдын алу мәселесіне де ерекше көңіл бөлініп отыр. Барлық өңірде психологиялық қолдау орталықтары ашылып, бірыңғай профилактикалық бағдарлама енгізілді. Нәтижесінде, кейінгі он жылда алғаш рет Алматы облысында жасөспірімдер арасындағы суицид көрсеткішінің айтарлықтай төмендеуі тіркелді.
- «Балалар суицидтерінің 60%-ы отбасындағы қиын қарым-қатынастармен байланысты. Сондықтан бізге келіп түсетін немесе балалар өз өмірлерін қию алдында қалдырып кететін мыңдаған хаттар мен хабарламаларға сүйене отырып, өз отбасынан түсіністік пен жылу таппаған, кінә мен қорқыныштан жалғыз қалған балалардың үнін жеткізе отырып, мен ата-аналар мен барлық ересектерге үндеу жасағым келеді. Балаға ең керегі – сіздердің махаббаттарыңыз, қамқорлықтарыңыз және түсіністік танытуларыңыз. Бала әрқашан сіздердің оның қасында екенін, оның жалғыз еместігін, қандай жағдай болмасын отбасының қолдауы мен қорғауын сезінуі керек», – деп қорытындылады Бала құқықтары жөніндегі уәкіл.






