Педагогикалық мамандықтарға қабылдау талаптары күшейтілді
- авторБақытжан Бекболат
- Бүгін, 09:25
- 41
Елімізде педагогтардың жүктемесін азайту мақсатында міндетті пәндік білімді бағалау тестілеуі алынып тасталды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұл ретте тестілеу педагогикалық қызметке жаңадан келген түлектер, қызметін қайта бастаған педагогтар, сондай-ақ білім беру ұйымдарының басшылары, олардың орынбасарлары мен әдіскерлер үшін сақталады. Педагогтың қызметі тест нәтижесімен емес, оның күнделікті жұмысы мен білім беру сапасына қосқан нақты үлесі арқылы бағаланады.
Бұл жайында ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтты.
«Бүгінгі таңда Ұлттық бірыңғай тестілеуге тәуелділікті біртіндеп төмендетіп, педагогикалық жоғары оқу орындарына іріктеуде тест нәтижелерімен қатар арнайы емтихандарды қамтитын гибридті бағалау моделіне көшу басымдығы айқындалуда. Сонымен қатар педагогикалық мамандықтарға қабылдау талаптары күшейтіліп, шекті балл 75-ке дейін көтерілді. Яғни, мұғалім мамандығына үміткерлерге талаптар қатаңдатылып, жоғары оқу орнына түсу кезеңінің өзінде-ақ қабілетті, мықты талапкерлер іріктеледі», - деді вице-министр.
Жас мамандар үшін тестілеудің сақталуы - ол академиялық дайындық деңгейін айқындау көрсеткіші, басшылық құрам үшін – басқарушылық шешімдердің заңдылығына қажетті нормативтік-құқықтық білім деңгейін бағалау тетігі болып табылады. Аттестаттау талабынан эссе жазу, ғылыми мақалаларды жариялау, авторлық бағдарлама мен оқу-әдістемелік материалдар алынып тасталды. Бұл шешім педагог қызметін қосымша құжаттардың санына емес, оның нақты жұмыс нәтижесіне қарай бағалауға бағытталған.






