«Жамбыл облысына 85 жыл»: Мерейлі дата Байзақта кең көлемде тойланды
- авторjambylinfo.kz
- 7 қазан, 2024
- 248
Аудан орталығы Сарыкемер ауылында Жамбыл облысының 85 жылдығына орай «Мәдениет – асыл қазынам» тақырыбында ауданның мәдениет күні жоғары деңгейде аталып өтілді, хабарлайды Jambylinfo.kz.
Жамбыл облысының 85 жылдығына орай, ауданда ауқымды істер атқарылды. Енді солардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталатын боламыз. Ауданымыздағы «Мәдениет – асыл қазынам» атты мәдениет күні Кеңес ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен республикалық қазынадан бөлінген қаражат есебінен бой көтерген 90 орындық ауылдық клуб ел игілігіне берілді.
Мәдениет ошағының ашылу салтанатына қатысқан Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов пен аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымовты ауылдастар зор құрметпен қарсы алды.
- Мәдениет - елдің рухани қазынасы, өнер - ұлттың жаны. Елімізде игілікті істер өркен жайып, мәдениет нысандары көптеп салына берсін. Сіздерді айтулы қуаныштарыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, - дей келе Серік Жақсылықұлы ауыл клубына музыкалық орталықты табыстады.
Өз кезегінде ауылдық ақсақалдар алқасының мүшесі Бөлебай Танаев ауыл клубы тұрғындардың көптен күткен арманы екенін, бүгінде соның орындалғанын атап өтіп, жаңа нысан жастардың рухани азық алатын ордасы болатындығына сенім білдірді.
Бұдан соң клубтың ашылу лентасын облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, ауылдық ақсақалдар алқасының мүшелері Шалғынбай Манекеев пен Бөлебай Танаев қиған соң, шашу шашылды. Қонақтар клуб ішіне кіріп, көрермен залын, кітапхана, цифрландырылған ақпараттық орталық бөлмелерін аралап көрді. Мұнда ақ жаулықты аналар қонақтарға бата берді. Жаңадан пайдалануға берілген мәдениет ошағында "Вокал", "Қолөнер", "Домбыра", "Ақындар мектебі" үйірмелері елді мекендегі екі мыңнан астам тұрғынға қызмет жасайтын болады. Шара барысында ақындар Рай Дөңбай мен Дархан Әбдіманат айтысып, көрерменнің қошеметіне бөленді. Соңынан шара қатысушылары ауылдық клуб алаңына шырша ағаштарын отырғызды
Мұнан кейін, ерекше атап өтетін жайт, ХІХ-ғасырдың 20-60 жылдары Қоқан хандығы мен Ресей империясына қарсы ұлт-азаттық күресінің басшысы, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан көрнекті тарихи қайраткер Байзақ Мәмбетұлы кесенесіне барып тәу етуден басталды.
Кесенеге аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаев, аудандық ардагерлер, қоғамдық, билер кеңестерінің төрағалары Серік Ермеков, Қыдыралы Оралов, Исағали Сәлімбаевтар бастаған аудан ардагерлері, аудандық мәслихаттың депутаттары барып, ауданның бас имамы Қанат Жұмағұл оқыған құранға қол жайды. Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов пен аудан әкімінің міндетін атқарушы Болат Сағынбеков бастаған ауданымыздың зиялы қауым өкілдері, әрбір ауылдардан келген ардагерлер мен қонақтар Сарыкемер ауылындағы қайраткер тұлға Байзақ бабаның еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Гүл қойғандар арасында кимешек киген аналарымызда болды.
Бұған қоса, аталған іс-шараға аудан халқының қатысуына жағдай жасау мақсатында ауыл ішінде «Тегін такси» қызметі ұйымдастырылды. Мұны аудан әкімдігі ішкі саясат бөліміне қарасты Жастар ресурстық орталығының жастары жүзеге асырды. Олар ауыл халқын діттеген жеріне уақытында жеткізіп отырғанын ерекше атап өткен жөн. Байзақ ауданында бірнеше ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Олардың арасында 4 этномәдени орталықтары жұмыс жасап, ел бірлігі жолында көп жұмыстар атқаруда. Аудан орталығындағы «Отбасы аллеясында» ұлттық этномәдени орталықтары өнерпаздарының ұйымдастыруымен концерттік бағдарлама болып өтті. Кеш қонақтарын ақжаулықты әжелер шашу шашып, дәмді де ыстық бауырсақтарымен қарсы алды. Онда облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов пен аудан әкімінің міндетін атқарушы Болат Сағынбеков бастаған ардагерлер көрмені, қылқалам шеберлері қолынан шыққан туындыларды көріп, тамашалады. Түрлі ұлт өкілдерінің өнерпаздары сахналық қойылым жасап, ұлттық ойындарын ойнады. Салт-дәстүрінен хабардар ететін қолөнер көрмесі де елеусіз қалмады. Қонақтар әзірленген ұлттық тағамдардан дәм татты. Ұлт өкілдері бір шеңбер айналасына топтасып, белгілі әнші Алмахан Исабаевтың орындауындағы «Атамекен» әнін бірге шырқады. Ерте заманнан қалыптасқан дәстүрлі ойын-сауықтардың бір түрі болып саналатын ұлттық спорт ойындарынан жарыстар №8 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің қосалқы футбол алаңында өтті. Жарысқа қатысушылар жамбы ату, асық ойнау, қыз қуу, теңге ілу, қазақша күрес, ләңгі тебу, арқан тарту, қылыш көтеру, тоғыз құмалақ сынды ұлттық ойындарынан бақ сынасты. Жеңімпаздар жарысты ұйымдастырушылар тарапынан марапатталды. Мәдениет күніне арналған іс-шара ауыл шаруашылық және аграрлық сектор, кәсіпкерлер тауарларының жәрмеңкесінде өз жалғасын тапты. Жәрмеңкеде ауыл шаруашылық өнімдері, түрлі дақылдар, әрі ауданымызда өндірілетін сүт, айран, құрт, бал, сарымай, тары-талқан, ірімшік өнімдері сапалы түрде, қолжетімді бағада сатылды. Сонымен қатар кәсіпкерлер өздері жасап шығаратын сан түрлі киім үлгілерін халыққа жарнама жасай отырып, бұл өнімдер өздерінің тігін фабрикасынан шыққанын ескертті. Аталған ауыл шаруашылығы өнімдері мен киімдерді сатып алушылардыңда қарасы көп болды. Ауданымыздың батырлар мен ақындар, саңлақ спортшылар ауданы деп аталуы тегін емес. Ауданнан Әзімбек Жанқұлиев, Мұхаметжан Тазабеков, Алтынкүл Қасымбекова тәрізді айтыскер ақындарымыз Республикалық байқауларда сан мәрте жүлдегер атанған. Енді міне солардың жолын жалғастырушы жас айтыскер ақындарымызда облыстық, республикалық айтыстарда төбе көрсетіп жүр.Қонақтар тарихымыздан сыр шертіп, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, дәстүрлі дала мәдениетін дәріптеу мақсатында ауданнан шыққан ақындар ұйымдастыруында жұптық айтыстың куәсі болып, «Ақындар ауылы» көрмесін тамашалады. Мұнда облыс, республика көлемінде танымал ақындар Дидар Басығараев, Әсет Дүйсенбай, Рай Дөңбай, Дархан Әбдіманаттар бір-бірімен айтысып, көрермендердің көңілінен шықты. Ақындардың өнеріне шараға қатысушылар дүркін-дүркін қол соғып, ризашылықтарын білдіріп отырды.
Бүгінгі іс-шараға аудандық кітапхана қызметкерлері де өз үлестерін қосты. «Кітап көрмесі» кітап сүйер қауым назарынан тыс қалмады. Кітапханашы қыздардың ықпалымен кітап сүйер қауым өздерін қызықтырған кітаптармен танысып жатты. Әрі қарай іс-шара колледж, мектеп, балабақшалардағы қол өнер, қылқалам шеберлерінің көрмесімен жалғасты. Көрме қатысушылары қонақтарға өздерінің қол өнер бұйымдарын, қолдан жасалған әшекейлерін, салған суреттерін ұсынды. Көрмедегі көздің жауын алатын әшекей бұйымдар мен суретшілер салған әсем туындыларға таңдай қаққандар аз болмады.
«Мәдениет – асыл қазынам» тақырыбындағы мәдениет күніне арналған іс-шара ауданымыздағы орталық стадионда қорытындыланды. Онда алдымен аудан әкімінің міндетін атқарушы Болат Сағынбеков ауданымыздың тарихы, әр салада қол жеткізген жетістіктері туралы кеңінен баяндады. Аудан тұрғындарын мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Мерекелік концерт Байзақ ауданының тарихына қатысты сахналық қойылыммен басталды. Жауынгер, бейбіт күнгі батырларымыз Байзақ Мәмбетұлы, Ағаділ Суханбаев, Ғазиз Байтасовтар туралы бейнебаян қойылды. Сондай-ақ бокстан Олимпиада ойындарының екі мәрте күміс жүлдегері Болат Жұмаділов туралы сахналық көрініс көрсетілді. Кеш қонағы «Алашұлы» тобы өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Елімізге танымал әншілердің орындауында «Қашағанның тойбастары» , «Батырлар ұраны», «Сәйгүлік», «Пай-пай-пай», «Көңіл-күй», «Тұраным», «Атамекен» әндері шырқалды. Жарты ғасырдан астам өзіндік шежіресі қалыптасқан «Шолпан» халық ән-би ансамблі мен аудан өнерпаздары екі бөлімнен тұратын концерттік бағдарламасын орындады. Олар «Қарахан баба», «Вальс», ансамблдің бишілері «Дорого на восток», ауылдық клуб қызметкерлерінен құралған хор «Халаулім-ай», мәдениет үйінің әншілері «Он алты қыз», «Асыл досым» әндерін әуелете шырқаса, Д.Басығараев, Р.Жексенбі, Ж.Аруанов, Б.Зият төрттігі күмбірлете күй тартты.
Осылайша, байзақтықтар Жамбыл облысының 85 жылдығына орай «Мәдениет – асыл қазынам» тақырыбында ауданның мәдениет күні жоғары деңгейде атап өтті. Рухани-мәдени және спорттық шараның тағылымы жоғары болды деуге толық негіз бар.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз