жексенбі, 27 шілде, 2025 11:07

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ұлағатты ана - ұлт байлығы

Ұлағатты ана - ұлт байлығы
Ашық дереккөз
Бала жүрегіне білім мен тәрбие нәрін дарыту – екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерекше өнер. Бұл – үлкен жауапкершілік пен жанқиярлықты талап ететін мамандық. Жаны ізгілікке жақын жан ғана шәкіртінің ертеңіне алаңдап, оның өмір жолына бағыт-бағдар бере алады.

Мұндай жанашыр ұстаздың бірі – Жуалы ауданы, Қайрат ауылындағы Мыңбұлақ орта мектебінің мұғалімі Сандуғаш Лесқызы. Жуырда Jambylinfo.kz тілшісі кейіпкерімізбен арнайы жолығып, сұхбаттасып қайтқан еді.

Ұстаздықты жүрекпен таңдап, бар ғұмырын білім саласына арнаған Сандуғаш Лесқызы – нағыз ұстаздар әулетінің өкілі. Әкесі – математика пәнінің, анасы – химия және биология пәндерінің мұғалімі болған. Қос ұстаздың тәрбиесін көріп өскен Сандуғаш апай үшін ұстаздық – бала кезден жүрегіне ұялаған, арманына айналған мамандық.

– Үйде де, мектепте де тәртіп пен жауапкершілік бірінші орында тұрды. Анам сабағында да, үйде де еңбексүйгіштікке, уақыттың қадірін білуге, тиянақтылыққа үйретті. Әкем – білім мен парасаттың, ұстаздықтың үлгісі еді. Осындай ортада өскен біз үшін басқа мамандық таңдау деген мүлде ойымызға кіріп шықпады, – дейді Сандуғаш Лесқызы.

Сандуғаш Лесқызының айтуынша, ауыл мектебінің өзіне тән ерекшеліктері бар. Ауыл балалары шынайы, тәрбиелі, білімге құштар келеді. Мұғалім мен оқушы арасындағы сенім мен жақын қарым-қатынас – баға жетпес байлық. Олар бір-біріне қол ұшын беруге, жақсыны бірге бөлісуге әрдайым дайын.

– Ауыл балалары өте шынайы, тәрбиелі, білімге құштар. Мұғалім мен оқушы арасындағы сенім мен жақын қарым-қатынас – үлкен байлық. Әрине, қиындықтар да жоқ емес. Ауылда интернет әлсіз, техника жетіспейді, театр, музей сияқты мәдени орталықтар да қолжетімсіз. Бұл – шындық. Бірақ соған қарамастан, ауыл балалары жаңалыққа жаны құмар, ынтымағы мен бірлігі мықты. Бір-біріне әрдайым көмектесуге дайын. “Менікі”, “сенікі” деп бөлінбейді, бәрі ортақ. Сол үшін олар ерекше.

Мен әр баланың жанын ұғып, ішкі әлемін түсінуге тырысамын. Олар күнде көз алдымызда болғандықтан, көңіл-күйін, мінез-құлқындағы өзгерістерін бірден байқайсың. Әр баланың болмысы әртүрлі. Сондықтан соған қарай жеке сөйлесуге тырысамын. Мұғалім емес, алдымен досы болғым келеді. Егер тілін тапсаң, бала жүрегін ашады. Ата-аналармен үнемі байланыстамыз. Ата-аналар жиналысы, түрлі тәрбие жұмыстары өз нәтижесін беріп жүр. Басты қозғалатын мәселе – баланың тәрбиесі мен білімі. Егер ұстаз, ата-ана және оқушы бірігіп жұмыс істесе, алынбайтын қамал жоқ, – дейді Сандуғаш Лесқызы.

Сандуғаш Лесқызының мақтанышы – оның шәкірттері. 40 жылдық еңбек жолында талай түлек аудандық, облыстық және республикалық деңгейде жетістікке жеткен. Ұстаз өзі үшін ең үлкен марапат – шәкірт табысы екенін айтады.

– Мақтан тұтатын шәкірттерім көп-ақ. Алдағы жылы осы салада жүргеніме 40 жыл толады екен. Бұл – бір адамның өміріндегі тұтас бір дәуір, ұстаздық жолдағы үлкен белес. Осы уақыт аралығында мыңдаған шәкірт менің алдымнан өтті. Әрқайсысының жүріс-тұрысы, мінезі, қабілеті есімде. Десе де, түсін түстеп, атын атамай-ақ қояйын, олардың әрқайсысы мен үшін бір әлем, бір тарих.

Аудан, облыс, республика көлемінде жетістікке жетіп, елге танымал болған, түрлі салада өз орнын тапқан шәкірттеріммен шын жүректен мақтанамын. Бірі – ғылымда, бірі – өнерде, енді бірі – мемлекет ісінде елге қызмет етіп жүр. Олардың жетістіктері – мен үшін ең үлкен марапат, ең биік құрмет.

Осы 40 жыл ішінде көрген қиындығым да, қуанышым да аз болған жоқ. Бірақ шәкірттерімнің өмірден өз орнын тауып, тұлға болып қалыптасуы – бар еңбегімнің ақталғанын көрсетеді. Ұстаз үшін бұдан артық бақыт бар ма?! – дейді Сандуғаш апай.

Оның пайымдауынша, бүгінгі ұстаз – тек пән үйретуші емес, сонымен қатар психолог, актер, ұйымдастырушы, рухани көшбасшы бола білуі керек. Осындай жан-жақтылық қана ұстазды шәкірттің жадында қалдырады.

– Меніңше, нағыз ұстаздың бойында терең біліммен қатар, адами қасиеттермен ұштасқан бірнеше маңызды қабілет болуы керек. Ұстаз – бір мезетте актер де, психолог та, мәдениетті тұлға да, шығармашыл ой иесі де бола білуі тиіс. Себебі әр баланың жүрегіне жол табу үшін тек білім жеткіліксіз. Баланың жан дүниесін түсіну, ішкі әлеміне үңілу – үлкен шеберлікті талап етеді.

Мен балаға ең алдымен сенім білдіремін. Оның бойындағы қабілетке, мүмкіндігіне күмән келтірмей, жауапкершілік жүктеймін. Сол арқылы бала өзіне сеніп, алға ұмтылады. Оларды өзіммен тең ұстаймын – бұл менің басты қағидам. Қуанса – бірге қуанып, мұңайса – жанына серік болуға тырысамын. Шынайы қарым-қатынас қана шын жүректен шыққан білімге жол ашады деп білемін.

Шәкірттерімнің әр жаңа сабақты қызығушылықпен меңгергені, бір-бірімен пікір таластыра отырып, тапсырмаларды орындауға талпынғаны – маған шабыт береді. Осы сәттер – ұстаздық жолымдағы ең қымбат шақтар. Ал шәкірттерімнің әр жетістігіне қуанып, шабыттанған жүзін көрген сәттер – мен үшін ұстаздықтың ең асқақ, ең бақытты мезеттері, – деді ол өз сөзінде.

Бүгінгі қоғамда мұғалімнің кәсіби келбеті мен атқаратын рөлі жаңа қырынан қарастырыла бастады. Білім беру жүйесіндегі өзгерістер, заманауи талаптар мен технологиялық даму ұстаздан тек пәндік біліммен шектелмей, жан-жақты құзыретті болуды талап етеді. Әсіресе, оқушының тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ету, оны өз бетімен ойлауға, шешім қабылдауға және өмірге бейімдеуге бағыт беру – мұғалімнің негізгі міндеттерінің бірі ретінде қарастырылуда.

– Мен мұғалім ретінде әрбір оқушының бойындағы әлеуетті байқай білу, оның қызығушылығын ояту және даму жолында қолдау көрсету – басты мақсаттарымның бірі деп есептеймін. Сабақ үстінде тек білім беру емес, оқушыға сенім ұялату, тыңдай білу және шабыттандыру арқылы оның ішкі мүмкіндіктерін ашуға тырысамын. Уақыт өте келе байқағаным – оқушының жетістігі мен ынтасына мұғалімнің көзқарасы мен қолдауы тікелей әсер етеді. Сондықтан ұстаздың шабыттандырушы рөлі – жай ғана көркем сөз емес, бұл – шынайы тәжірибе мен кәсіби жауапкершіліктің көрінісі, – дейді Сандуғаш апай.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар