Түркістанда халықаралық Woosong University Kazakhstan ашылады
- авторБақытжан Бекболат
- 23 қыркүйек, 2025
- 352
2025 жылдың 25 қыркүйегінде Түркістан қаласында жаңа оқу орны – Woosong University Kazakhstan ресми түрде ашылады. Бұл тарихи оқиға Қазақстан мен Корея арасындағы достық пен серіктестіктің жаңа белесіне айналып отыр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Woosong University Kazakhstan – жаһандық білім берудің үздік тәжірибелерін Қазақстанға енгізуді мақсат тұтқан жоғары оқу орны. Мемлекет басшысының цифрлық трансформацияға бағытталған Жолдауымен үндес бұл бастама еліміздегі білім жүйесін жаңа деңгейге шығаруға бағытталған.
Университетте заманауи оқу бағдарламалары енгізіліп, жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және халықаралық стандарттарға сай білім беру жүйесі қалыптасады. Оқытушылар құрамында шетелдік профессорлар мен тәжірибелі мамандар жұмыс істемек.
Жаңа оқу орны алғашқы жылы 400-ден астам талапкерді қабылдады. Болашақта университеттің білім алушы саны 2000 студентке дейін жетеді деп жоспарланып отыр.
Түркістан облысының әкімдігі дарынды жастарға қолдау ретінде 100 грант бөлді. Әрбір гранттың құны – 2,8 млн теңге. Бұл жастарға халықаралық деңгейде сапалы білім алуға кең жол ашады.
Әдетте Түркістан руханият пен тарихтың символы ретінде танылып келсе, енді ол ғылым мен инновацияның да орталығына айналмақ. Жаңа университеттің ашылуы қалаға жаңа серпін беріп, жастардың дамуына, өңірдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне ықпал ететіні сөзсіз.






