Таразда бір ғана мамандандырылған ХҚКО жұмыс істейтін болады
- авторБақытжан Бекболат
- Бүгін, 09:41
- 107
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Жамбыл облысы бойынша филиалы Тараз қаласының тұрғындарын маңызды өзгерістер туралы хабардар етті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
2026 жылғы 6 сәуірден бастап қаладағы №1 және №2 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары біріктіріліп, енді азаматтарға қызмет көрсету бір ғана мекенжайда жүзеге асырылады.
Бөлімдерді біріктіру процестерді оңтайландыру, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында жүргізілді.
Еске салсақ, бұған дейін қаланың мамандандырылған ХҚКО-лары екі түрлі мекенжайда орналасқан болатын. Қойгелді көшесі, 158А мекенжайында орналасқан №2 мамандандырылған ХҚКО жаңа мекенжайға — Төле би көшесі, 198А-ға көшірілді. Енді бір ғана мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді.
Айта кетейік, Тараз қаласының мамандандырылған ХҚКО-сы автокөлік иелеріне арналған барлық қызмет түрлерін бұрынғыдай көрсетуді жалғастырады.
Сондай-ақ, Тараз қаласының мамандандырылған ХҚКО-сы кезекші кесте бойынша жұмыс істейді: дүйсенбі-жұма күндері сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін, дайын құжаттарды беру 20:00-ге дейін жүзеге асырылады. Сенбі күні азаматтарды қабылдау 9:00-ден 12:00-ге дейін, құжаттарды беру 13:00-ге дейін жүргізіледі.





