Тасқыннан зардап шеккен аймақтардағы балалар жазғы демалыспен қамтылады - Дүйсенова
- авторjambylinfo.kz
- 16 мамыр, 2024
- 513
Аймақтарда балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру шаралары аяқталды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңестерде облыс әкімдерінің орынбасарлары баяндады, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Биыл 3 млн-нан аса баланы белсенді жазғы демалыспен қамту жоспарланған. Оқушылар үшін 10 мыңнан аса лагерь қызмет көрсетпек. Балаларға демалыстан бөлек жас ерекшеліктеріне қарай түрлі танымдық шаралардың ұйымдастырылуы биылғы жаз мезгілінің басты өзгешелігі болмақ.
Бастауыш сынып оқушыларының жан-жақты дамуы үшін мектеп жанындағы лагерьлер жұмыс істемек. Одан бөлек, әр түрлі танымдық шаралар қарастырылып отыр. Мәселен, Атырау облысында «Kids university» жобасы шеңберінде балалар уақытша «студенттік билет» алып, бірнеше күн ерекше сабақтар арқылы ғылым әлеміне бойламақ.
Орта сынып оқушыларына экскурсиялық-туристік бағдарламалар ұсынылатын болады. Балалар туған өлкесінің тарихи, мәдени мұраларымен танысу мүмкіндігіне ие болады.
Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысы ауыл мектептерінің оқушылары үшін Петропавл қаласына сапарлары ұйымдастырылады. Мұнда оларға шаһардың көрнекі орындары көрсетіліп, тарихи ескерткіштер мен мұражайларға танымдық саяхаттар қарастырылады.
Шығыс Қазақстан өңірінде балаларға «Қонақжай отбасы» жобасы ұсынылады. Оның аясында ниет білдіргендер қазақ тілін меңгеруге және аймақтың әсем табиғаты мен мәдениетімен танысуға мүмкіндік алады. Жобаға қатысушылар 20 күн бойы ауылдық елді мекендердегі отбасыларда тұратын болады.
Жоғары сынып оқушылары үшін колледж бен жоғары оқу орындары базасында мамандандыру бағытындағы бірқатар шаралар жүзеге асырылады.
Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардан шыққан балалардың 94%-ы қамтылатын болады.
Су тасқыны салдарынан зардап шеккен аймақтардың балалары ерекше назарда болады. Тасқын басталған кезден бастап 614 бала оқу-сауықтыру орталықтарында болған. Қазіргі таңда ол нысандарда 629 бала демалып жатыр. Жазғы демалыс кезінде 3 833 баланы демалыс және сауықтыру шараларымен қамту жоспарланған.
«Оқу-ағарту министрлігі аймақтардағы оң тәжірибелердің кеңінен таралуын қолға алуы тиіс. Шараларды ұйымдастыру кезінде балалардың қауіпсіздігіне баса мән берілгені жөн. Бүгінде демалыс, сауықтыру орындарын тексеру және қабылдау кестесі бекітілген. Оның сақталуын мүдделі мемлекеттік органдар мен өңір әкімдіктері тұрақты бақылауда ұстауы қажет», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз