Жұманғарин: Жаңа Бюджет кодексі өңірлердің қаржылық тәуелділігін азайтады
- авторБақытжан Бекболат
- 4 маусым, 2025
- 234

Яғни, аймақтардың жартысынан көбі қаржылық тұрғыдан орталыққа тәуелді. Тіпті "донор өңір" саналатын Алматы, Астана мен Атырау да өз жобаларын жүзеге асыру үшін республикалық бюджетке иек артуда, деп хабарлайды Jambylinfo.kz Курсив медиаға сілтеме жасап.
Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің айтуынша, бұл – ірі қалалардағы ауқымды инфрақұрылымдық жобалардың салдары. Метро, LRT құрылысы, "Жайлы мектеп" бағдарламасы секілді шығыны көп бастамалар тек республикалық бюджет есебінен қаржыландырылып келеді.
Ал Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек аймақтардың орталыққа тәуелділігі жыл сайын артып келе жатқанын қауіпті үрдіс ретінде бағалап отыр. Оның сөзінше, Жетісу мен Түркістан облыстары өз бюджеттерінің 70 пайыздан астамын республикалық қаражатпен толтырады. Маңғыстау облысы да донор мәртебесінен айырылып, дотациялық аймаққа айналған. Депутат бұл жағдай үшін облыс әкімдерінің жауапкершілігін көтеру қажеттігін айтты.
Алайда билік бұл мәселені жүйелі түрде шешуге уәде беріп отыр. Серік Жұманғариннің мәлімдеуінше, 2026 жылдан бастап күшіне енетін жаңа Бюджет кодексі аймақтардың қаржылық дербестігін арттыруды көздейді. Соның аясында жергілікті бюджеттерге жыл сайын қосымша 100 млрд теңгеден астам табыс көзі беріледі.
Бұдан бөлек, аудандық бюджеттерге корпоративтік және жеке табыс салығы толықтай өткізіліп, арнайы түсімдер санаты енгізіледі. Нәтижесінде, жергілікті жерлер тұрақты кірістің 40 пайызын өз бюджетінде ұстап қалатын болады.
Сонымен қатар әр өңірдің ерекшелігіне қарай қаржы бөлуді көздейтін жаңа "Өңірді дамыту жоспары" қабылданбақ. Бұл жоспар аймақтар арасындағы әлеуметтік-экономикалық алшақтықты азайтуға бағытталады.
Бюджет шығыстары да қайта сараланып, тиімсіз саналған имидждік шаралар, түрлі субсидиялар мен жөндеу жұмыстары қысқартылып, 3 трлн теңгеден астам қаражат үнемделмек. Мемлекеттік қолдау шараларының біразы бюджеттен тыс механизмдерге ауысады.
Жаңа жүйеде ашықтық пен тиімділік басты назарда болмақ. Жоғары аудиторлық палата енді жергілікті бюджеттердің әр тиынын жіті бақылауға алады. Мониторинг, есеп беру және жауапкершілік мәселелері жаңа Бюджет кодексінде нақты көрсетілмек.
Осылайша, 2026 жылдан бастап өңірлік бюджеттердің даму бағыты айқындалып, 2028 жылға дейін олардың даму шығындарын 25 пайызға дейін арттыру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда ел экономикасына құйылған 4,4 трлн теңгенің 20 пайызы бюджеттен қаржыландырылуда.
Жаңа қаржылық жүйе өңірлердің өз ресурстарын тиімді пайдалануға ынталандыруды және қаржылық дербестікті күшейтуді көздейді.