Жаңа ереже: онлайн-несиені қазақстандықтар бірден ала алмайды
- авторБақытжан Бекболат
- 5 қыркүйек, 2025
- 503
Онлайн-қарыз беру ережелеріндегі өзгерістер кімдерге әсер ететіні және олардың қалай жұмыс істейтіні туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде түсіндірілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
30 қыркүйектен бастап елде кепілсіз тұтынушылық онлайн-несие рәсімдеуде «салқындату кезеңі» енгізіледі. Бұл дегеніміз ақша картаға бірден түспейді, белгілі бір уақыт күту қажет болады:
қарыз сомасы 150 АЕК-тен (589 800 теңге) 255 АЕК-ке (1 002 660 теңге) дейін болса – кемінде 8 сағаттан кейін;
255 АЕК-тен (1 002 660 теңге) жоғары банктік несие немесе 75 АЕК-тен (294 900 теңге) асатын микронесие болса – кемінде 24 сағаттан кейін;
қаражат қарыз алушыға тек белгіленген уақыт өткеннен кейін және оның келісімі болған жағдайда ғана аударылады.
Сондай-ақ, бір күн ішінде азамат бірнеше несие рәсімдеген жағдайда, олардың жалпы сомасы аталған шекті мөлшерден асып кетсе, «салқындату кезеңі» міндетті түрде қолданылады. Егер қарыз алушы осы уақыт ішінде шешімін өзгертіп, несие алудан бас тартса, келісімшарт күшін жояды.
Жаңа ережелер тауар сатып алуға арналған несиелерге, ішкі қайта қаржыландыруға және карталық лимит аясында берілетін қарыздарға (150 АЕК-ке дейін – 589 800 теңге) қолданылмайды.
Агенттік өкілдерінің айтуынша, «салқындату кезеңінің» негізгі мақсаты – азаматтарға ойланып, дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік беру. Бұл – асығыс несие рәсімдеу не алаяқтық схемалардың құрбаны болу қаупін азайтады. Ал егер қаражат өте шұғыл қажет болса, азаматтар банктің немесе МҚҰ-ның бөлімшесіне барып, несиені еш кідіріссіз рәсімдей алады.





