Таяуда Гарвард университетінің астрономы Абрахам Лоэб жер шарына жат планеталықтар келіп кеткені туралы мәлімдеді. Ғалымның айтуынша, «Оумуамуа» деп аталатын аспан денесі – бөгде ғаламшарлықтар жасаған ғарыш кемесінің қалдығы. Гарвардтың профессоры қаншалықты біліп айтып отыр? Жалпы, келешекте басқа ғаламшарға саяхаттау мүмкін бе?
Астрономның мұндай пікір айтуы негізсіз емес. НАСА ғалымдары 2017 күн жүйесінен өзгеше аспан денесін байқады. Ғалымдар оған Гавайи тілінде «Оумуамуа» (алыстан келген тыңшы) деген ат қойды.
Аспан денесінде кометаға да, астероидқа да тән құбылыс байқалмаған. Яғни, күнге жақындаған мұндай аспан денелері отқа айналып, артында газ қалдыруға тиіс. Алайда ерекше «Оумуамуада» оның бірі де болған жоқ. Оған қоса, пішіні де өзгеше. Басқа аспан денелері секілді дөңгелене бітпеген, ұзынша келген қызыл түсті. Осыдан кейін-ақ «Оумуамуа» бөгде планеталық ғарыш кемесі деген қауесет шартарапты шарлап кетті. Абрахам Лоэб секілді кей ғалымдардың мұны қостауы отқа май құя түсті.
Рас, кейінірек ғалымдар аспан денесін тереңірек зерттей отырып, нақты шешімге келді. «Оумуамуа» ешқандай да өзге ғаламшарлық емес. Ол қарапайым астероид екен. Nature Astronomy журналында жарияланған мақалада зерттеушілер «Оумуамуаны» зерттей келе, табиғи аспан денесі деген қорытынды шығарды.
Дегенмен, ғалымдардың пікірі бөгде планеталықтар теориясына сенетіндерді тоқтата алған жоқ. Сондықтан араға уақыт салып «Оумуамуа» туралы жаңалық жаһандық желіні тағы бір шулатып алды. Бұл түсінікті де. «Қастандық теориясына» сенетіндер де, ғалымдар да жат жерлікпен байланысудан үмітін үзген емес.
1977 жылы НАСА аспан әлеміне «Вояджер-1» және «Вояджер-2» ғарыш зондын ұшырған-ды. «Вояджерлердің» негізгі мақсаты күн жүйесін суретке түсіріп, құнды мәліметтерді жерге жіберу-тұғын. Қазіргі таңда зондтар бұл міндетін адал атқарды. Енді, екеуі де күн жүйесінен шығып, түпсіз тұңғиық ғарышқа қарай зулап барады.
Бір қызығы, аталған зондтардың ішіне алтын пластинкалар орналастырылған. Онда 55 тілде сәлемдесу, әлемдегі үздік музыкалар, жердегі дыбыстар, суреттер мен фотолар жазылған. Сонымен қатар күн жүйесі мен жердің ғарыштағы мекені де көрсетілген. Осыдан-ақ ғалымдардың ғана емес, адамзаттың бөгде планеталықпен жолығу арманы анық аңғарылады.
Өкінішке қарай, мұндай арманға қол жеткізу әзірге мүмкін емес. Өйткені ғарыш саласында көптеген қиындық бар. Біріншіден, аспан әлеміне зымыран ұшырудың құны өте қымбат. Сондықтан НАСА секілді ғарыш орталықтары әзірге жер серіктерін ғана ұшырады. Бұрынғыдай айға адам жіберу де қымбатқа түседі.
Мәселен, 1967 жылы айға адам апарған Аполлон ғарыш кемесін көкке көтеру үшін «Сатурн V» зымыранына 770 тонна керосин, 1203 тонна сұйық оттегі қажет болған. Бұл – бірінші бөлікке құйылған жанармайдың көлемі. Ал жалпы Аполлонды ғарышқа шығаруға 3400 тонна жанармай жұмсалған. Осыдан-ақ ғарышқа ұшудың құнын есептей беріңіз.
Қазіргі таңда зымырандар жетілді, көптеген түрлері шықты. Солардың ішіндегі ең озығы саналатын SpaceX компаниясының Falcon 9 ракетасын бір мәрте ұшыру үшін шамамен 60 миллион доллар жұмсалады. Яғни, 9 тонна жүкті аспанға көтеру үшін осынша қаражат керек. Мұны кез келген мемлекеттің қалтасы көтере бермейді. Ал адам мінген ғарыш кемесін күн жүйесінен шығаруға қанша ақша кететінін есептеу қиын.
Екінші қиындық – ғарыштың аса кеңдігі. Былайғы жұрт үшін ғаламның үлкендігін аңғару қиын. Оқырмандарға түсінікті болу үшін ғарышты күнделікті өлшемге салып көрейік. Егер жерді гольф добына тең деп алсақ, бізге ең жақын аспан денесі – Айға дейінгі қашықтық 1,3 метрді құрайтын еді. Мұндай жағдайда Күннің диаметрі 4,6 метрге дейін кішірейеді. Жермен арадағы қашықтық 500 метрге тең. Яғни «мәңгілік үйімізді» осыншалықты кішірейткеннің өзінде Күнге жету үшін 5 минуттай уақыт жұмсаймыз. Ал Күн жүйесіндегі ең шеткі планета Нептунға дейінгі қашықтық 15 шақырымнан асады. Жаһанды осыншалықты сығымдағанның өзінде «Құс жолының» диаметрі 3,8 миллиард шақырымға жетіп жығылады.
Осыдан келіп үшінші мәселе туындайды. Жоғарыда аталған «Вояджерлер» 40 жылдан кейін ғана күн жүйесінен алшақтай бастады. 40 жыл дегеніміз – бір адамның ғұмыры. Егер 30 жастағы астроном ғарышты зерттеуге аттанса, түпсіз ғарышқа жеткенде ол қарияға айналады. Күн жүйесіне ең жақын жұлдыз Центавр Проксимасына дейінгі арақашықтық 40,208 триллион километр. Егер «Вояджер-1» қазіргі жылдамдықпен ұша берсе, Центавр Проксимасына 16 мың жылда әрең жетеді.
Бұдан бөлек, ғарыш сапарына қажетті азық-түлік, құрал-сайман секілді күнделікті тұрмысқа керек заттарды қосыңыз. Мұның бәрі басқа галактикалар былай тұрсын, «Құс жолына» саяхаттауды да қиындата түседі. Әзірге күн жүйесінен жыраққа кету оңайға соқпайды. Тіпті, мына тұрған Марсқа барудың өзі үлкен мәселеге айналып тұр. Әзірге жалғыз жұбанышымыз – Жер-Ана ғана.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Әлем чемпионаты Қазақстанда өтеді
Ұқсас жаңалықтар
Тоқаев Магдебургтегі терактқа байланысты Германия Президентіне көңіл айтты
- авторМағжан Орынбасар
- 21 желтоқсан, 2024
Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёльге елден шығуға тыйым салынған
- авторМағжан Орынбасар
- 9 желтоқсан, 2024