дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 12:27

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Бағы тайған балалар фильмі

Бағы тайған балалар фильмі
ашық дереккөзі
Бағы тайған балалар фильмі

Көптен көзіміз шалмағаннан кейін болар, осы күні көгілдір экраннан балалар фильмін іздемейтін халге де келген екенбіз. Себебі «балалар фильмі» деген сөздің өзі ескірген кеңестік атау-терминдер қатарында зияннан бас­қа пайдасы жоқ сала секілді бізден әлдеқашан алыстап кетіпті. Қателеспесек, «қазір балалар фильмі жоқ, бар болған күннің өзінде олар оны көрмейді» деп даурығып, дабыл қағып келе жатқанымызға ширек ғасыр уақыт­қа таяды.

Бірақ телефонға телміріп, онлайн өмірдің дәмін алған балалар өздері туралы фильм түгіл, теледидар қарауды да қойған қазір. Себебі қала, дала баласы жаппай қызығып, жабыла көретін қызық жоқ онда. Қызықтың бәрі телефонда тұр. «Мүмкін қазір шетелдік анимациялық фильмдер көп болғаннан кейін де, балалар фильмі жоқ болған шығар» деген де ой туады. Ал ол мультфильмдерге бала түгіл, ересек көрерменнің өзі екі минут көз салса жетіп жатыр, елігіп, иіріміне қалай батып бара жатқанын білмей де қалады. Әйтсе де тек үлкен экрандағы балалар фильмі ғана бере алатын әсерді анимефильм толықтай бере ала ма?

Аяқ астынан ұлттық кинема­то­гра­фияның көшбасшы фильм­дерінің қата­рындағы «Менің атым Қожа» бастаған балалар кино­туындысының тізімін барлай қарап шығудың мүмкіндігі туып қалды. «Қазақфильм» қоры­тындылаған мәліметке қарағанда, бүгінде алпысқа аяқ басып, ақсақал жасына жетіп қал­ған «Қожа» экранға шыққан 1963 жыл­дан бастап 1990 жылға дейінгі жиыр­ма жеті жылда А.Қарсақпаев бас­таған Қ.Қасымбеков, Ш.Бей­сем­­баев, В.Пұсырманов, Б.Шма­нов, С.Райбаев секілді режиссерлер тұп-тура 18 фильм түсір­ген екен.

Жалпы, Кеңес Одағы бо­йын­ша жыл сайын балаларға арналған 70 фильм жарыққа шығып отырды десек, «Қазақфильм» үлесіне екі-үш жылға бір фильмнен келеді. Тек төрт жылдан кейін, 1994 жылы Қанымбек Қасымбеков «Саған күшік керек пе?» деген фильмін көрерменге ұсынған соң, онсыз да қалғып жүрген қазақ режиссерлері біржола қа­лың ұйқыға кетіп, тек 2009 жылы, он бес жыл өткенде ғана «оянады». Он бес жылда бірде-бір фильм түсірілмеген. Сәбит Құр­манбековтің «Секер» фильмі талай жыл тыныштықта жатқан саланың тынысын ашқандай, 2009 жылдан бастап Д.Саламаттың «Бәйтерек», Т.Байтукенов пен Т.Қасымановтың «Супер Баха», Е.Нұрмұхамбетов пен Б.Елубайдың «Аңшы бала», А.Ибраев­тың «Аңыздар кітабы. Құпия орман», Д.Манабаевтың «Лотерея», Ә.Сү­леева, А.Райбаевтың «Жеңіс семсері», Т.Теменовтің «Біз­дің қала­ның ханзадасы», Б.Елубаев­тың «Бала ғашық» секіл­­ді фильмдері жүлгесін үз­бестен, үміт отын үр­легендей, бірінің ізін бі­­рі ала отырып көрерменге жол тар­­­та­­ды.­ Отыз жыл­да он фильм! Бұл аз ба, көп пе, бұған күлу керек пе, жылау ке­­­рек пе?

Кино өндірісі қанат жаймаған шақ­тың өзінде шедевр туғызған режиссерлер кәсіби білім-білігі артып, қаражат құйы­лып, құрал-сайманына дейін жа­ңарған кезде, тақыр жерде кино жасаған Қар­сақпаевтардың ерлігін қайталап, бір шабытты шығарма тудыра ал­мағаны неліктен? Кинодағы бұл кеңіс­тіктің босаң тартып бара жатуы жас өскіндердің таным-тәрбиесіне сөз­сіз әсер етпей қой­майтынын бі­ле тұра, бұған жауапты адам мен меке­менің бәрі бейғамдыққа бой алдырды. Балалар киносының мек­тебі баяу қалыптасқаны өз алдына, қа­зір бұл сала бойынша маман да тапшы. Балалар фильмін түсіруге құлықты ма­ман аз, себебі оның табысы жоқ, ал та­быс жоқ жерде дамудың да болмайты­ны бел­гілі. Соған қара­мастан үлкен қар­жы­ның әрдайым же­тістік кепілі бола бер­мейтінін де түсініп қалдық. Мәселе кімнің, нені, қалай түсіретініне келіп тірелетіні белгілі болды. Ұлттық кино­ны қол­дау орталығы құрылғалы бері «Қазақфильм» киностудиясының көп­теген мүмкіндігі шектелді, ал оның бү­гінгі басшысы Ақан Сатаевтың айтуы­на қарағанда, келесі жылдан бастап отандық киноөндіріс саласын үлкен өзгеріс күтіп тұр. Егер бұл өзгеріс жасалатын болса, режиссерлер біраз тәуелсіздікке қол жеткізбек. Оның ішінде балалар фильмін де жандандыру көзделген, жоба-жоспары да дайын. Ал балалар киносының ең басты мақсаты бала танымын қалыптастыру ғой. Бұл мәселенің өткірлігі әсіресе бүгін сезіліп отыр. Балалар киносы деп әдетте басты рөлде балалар ойнайтын, 12-13 жасқа дейінгі тәлім-тәрбиеге бағытталған, зорлық-зомбылығы жоқ, бірақ сауатты ойластырылған шие­леністі оқиғасы бар фильмді айтамыз. Ешқандай шаблонға бағынбайтын, бірақ ойы да, бойы да өсіп келе жат­қан балғын болмыстың бойына алғашқы адамгершілік дә­нін егіп, өз басындағы жағдайды фильм ке­йіпкерлерінің тағ­дырымен салыстыра отырып, өз бе­тінше ойлап, шешім қабылдай алатын жеке тұлғаны тәрбиелеуді тап осы ба­­лалар фильмі діттейтін-ді. Бүгінде соның бәрі басқаша. Оның орнында күн сайын телеарна жаңалықтарындағы жасөспірімдер жасайтын қылмыс, қатыгездік бала тәрбиесінің құлды­рап бара жатқанынан хабардар етеді. Әрине, экран, кино ата-ана тәр­биесін алмастыра алмайды, бірақ жақ­­сы фильм баланы тәрбиелеу жо­лындағы көмекші құрал бола алаты­ны анық. Сондықтан заманның қатыгез­дігінен алыстатып, бала бойына қара­пайым құндылықтарды сіңіру үшін олар көретін фильмдерді тек телеар­на­лар­ға ғана табыстап қоймай, интернет көзі секілді күнделікті пайдала­натын ақ­парат алаңының бәріне орна­лас­ты­рудың қажеттілігі һәм маңыз­ды­лығы бай­қалып отыр.

Балалар – үлкеннен де өткен тал­ғам­паз көрермен. Татымсыз фильмге көз қырын да салмайды. Мысалы, ба­лалар көріп отырған фильмін Disney немесе қазақстандық өнім деп қарастырмайды, олар үшін екі-ақ ереже бар: бояуы қанық, кейіпкерлері ерекше, еліктіріп әкетер оқиғасы бар тартымды фильм немесе оқиғасы баяу, танымына ауыр, іш пыстыратын қызықсыз фильм. Жақсы фильмнің формуласы = қызықты сюжет + ерекше кейіпкер + талантты режиссер. Жетістік сырының бір себебі осында, режиссурада жасырылғаны анық.

Екіншіден, сценарий. Режис­су­раның жанды жері, балалар ки­но­сының ең талмау тұсы осы. Ре­жис­серлер «Маған ақша бер, мен балалар фильмін түсіремін» деп құлшына бер­мейді. Әлемдік тә­жірибеде алдымен идея туады, сценарий жазылады, құжаттары да­йындалып барып, қаржының құлағынан ұстап отырғанның есігін тек содан кейін ашады. «Елдің баласы» дегенді естісек, бала түгіл, өзіміз езу тартамыз. Орайы келгенде, осы «елдің баласының» ерлігін айтуға тура келеді. Былтыр «Кино – балаларға» деген халықаралық кино байқауында, нақтырақ айтқанда, Ресейдің әртүрлі қалаларының мектеп оқушылары түсірген 50 фильм бақ сынаған. Кә­сіби режиссері түгілі, бұғанасы қат­паған баласына дейін қолына камера алып, фильм түсіріп жүр, ерлік емей, еңбек емей немене бұл? Әрине, өмірлік тәжірибеге бай, кәсіби білім ал­ған режиссердің түсірген жұмысы бөлек, бірақ бүгінгі баланың нені қажет ететінін, оның не сезінетінін, олардың қызығушылығын, арманын, ойын іштен білетіндіктен, жасөспірімдердің мұндай ірі қадамға баруы – «Тик Ток» түсіргеніне мәз болып жүргендерге үлгі боларлық іс.

Балалар киносы экономикалық жағынан ең тиімсіз сала дедік. Одан ешкім пайда таппайды, табысқа да кенелмейді. Көрермен тарапынан сұранысқа ие болудан қалып бара жатқан қаупі тіпті қорқынышты. Отан­дық кинематографтағы отыз жыл­ға жуық тоқырау кезеңінде ше­тел­­дік киноның әсерімен тәрбие­ленген жас ата-аналардың тұтас бір буыны қалыптасты. Disney мен Гол­ливудтың салқыны өтіп кеткен сол ата-аналардың бетін бері қа­ратып, қайта көз жеткізудің өзі киногер қауы­мына оңайға соқпайын деп тұр. Өйткені қандай жақсы фильм жарыққа шықса да, әлеуметтік же­лідегі пікірді оқысаң, «қазақтың қо­лынан не келуші еді» деп жаратпай отыратындар осылар. Батыстық өлшем бойына сіңіп кеткендер ұлттың шығармашылық өнімін алдымен сол межемен мөлшерлейді. Қазақ киносына «америкалық көзбен» қарау да өз алдына жабысқан бір сор. Сондықтан кино, әсіресе балалар киносы үлкен идеологиялық саясат болғандықтан, мемлекет өзі қолдау көрсетпесе, «мен түсірейінші» деп өздігінен құлшынып шығатын режиссердің шығатын тү­рі көрінбейді. Балалар фильмін жоқ­таған мақалалар жазылды, сұхбаттар берілді, дөңгелек үстелдер өткізілді, қарарлар қабылданды, үлкен мінбер­лерден ірі сөздер айтылды, бірақ со­лар­дың барлығы бір ғана мәселені – жаңа жағдайда, заманауи тұрғыда балалар киносын дамыту деген өзекті мәселені шешуге көмектесе алған жоқ. Бәрі түсінеді, бәрі біледі, бірақ мәселе түйіні шешілмейді.

Бүгінгі балалар дегеніміз – өз от­ба­­сының іргетасы, ата-анасының үміті ғана емес, енді 10-15 жылдан кейін осы елдің тағдырын шешетін адам­дар. Егер оларға бүгін «ең мық­ты өнім шетелдікі» деп, өздері көр­меген, естімеген елдің музыкасы мен мультфильмі арқылы жат елдің идео­логиясын сыналатып сіңіре берсек, жүрегінде өз Отанына деген сезім мен құрметтің ошағы болмаса, болашақ­тағы қазақ елінің азаматтарын қай та­рап­тардан табатынымыз белгісіз.

egemen.kz

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар