сенбі, 23 қараша, 2024 4:31

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Брекситтің ертеңі бітер емес

Брекситтің ертеңі бітер емес
ашық дереккөзі
Брекситтің ертеңі бітер емес

Брекситтің аяқталуына санаулы күн қалды. Осы жылдың 31 желтоқсанында ресми түрде Ұлыбритания Еуро­палық одақтың құра­мы­нан шығады. Әйтсе де, екіжақты құжат мәселесі шешілер емес. Брюссельдегі шенеуніктер де, Тұманды Альбионның басшылары да Брексит келісімісіз аяқталуы мүмкін екенін айтып отыр.

Таяуда ғана Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон министр­лер каби­нетіне тапсырма бе­ріп, Брексит  келісі­місіз аяқ­та­луына әзірлене беруді тапсыр­ды. Оның пайымдауынша, Ұлы­британия Еуропалық одақтың «құр­сауында» қалмауы тиіс. Алай­да ел парла­ментінің бірқатар өкілі мәселенің шешімін табуды сұрады.

Еуропалық комиссияның президенті Урсула вон дер Лейен­мен үш сағат бойы келіс­сөздер жүр­гізген Б.Джонсон одақ құра­мын­дағы елдердің басшылары­мен жеке-дара сөйлесетінін де жеткізді. Премьер-министрдің айтуынша, Еуропалық одақ ұсынып отырған келісім Тұманды Аль­бион­ның мүд­десіне сай келмейді.

«Келісім егіздерге арналып жасал­ғандай: Ұлыбритания бір сыңары болса, ЕО екінші сыңары. Мы­салы, егер Еуропалық одақ шаш алдырса, Ұлыбритания да шаш ал­дыруы керек. Әйтпесе, таяқ жейді. Неме­се Еуропалық одақ қымбат сөмке сатып алса, Ұлы­британия да сатып алуға міндетті. Әйтпесе, салық төлеуі тиіс», деді Б.Джонсон.

Премьер-министр мұндай келі­сімге қол қоймайтынын мәлім­де­ді. Оның пайымдауынша, Брюссель шенеуніктері осы қадам арқылы Тұманды Альбионды уысынан шығармақ емес.

Борис мырзаны асау аттай тулатқан Брексит жыры бастал­ғалы бірнеше жыл өтті. Соған қара­мастан, мәселенің екі тарапқа да оңтайлы шешілетін түрі көрін­бейді. Қарт құрлық пен ағыл­шындарды әуре-сарсаңға салған келісімнің тамыры тереңде жатыр.

Ұлыбритания Еуро­па­лық одақ құрамына сонау 1972 жылы енген-тұғын. Содан бері Тұманды Аль­бион­да ұйымның пайдасы мен зия­­ны туралы әңгіме әрдайым ай­ты­лып келеді. Елде 1975 жылы Еуро­палық одақта қалу-қал­мау туралы референдум өтіп, қа­тыс­қандардың 67 пайызы қарт құр­лықпен бірге болуды қолдап дауыс берді. Әйтсе де, ұйымның тиім­сіздігі жөніндегі әңгіме жиі сөз бола­тын. 2013 жылы осы мәселеге бір­жола нүкте қою үшін сол кездегі премьер-министр Дэвид Кэмерон Еуропалық одаққа қатысты референдум өтетінін мәлімдеді. 2016 жылғы 23 маусымда Ұлыбритания халқы дауыс беріп, «Еуропалық одақтан шығуды» қолдайтындар 52 пайызбен жеңіске жетті.

Халықтың қарт құрлықтан бас тартпайтынына сенімді болған Кэмерон мырза референдумнан соң қызметінен кетті. Бірақ содан кейін ел тізгінін қолы­на алған Тереза Мэй де Брекситпен басы қатып, ақыры орынтағын босатты. Борис Джонсон кезектен тыс сайлауда премьер-министрлікке сайланып, Брексит мәселесіне нүкте қоюға уәде берген. Бірақ Еуропалық одақпен ымыраға келу оған да оңайға соқпай тұр.

Ұлыбритания Еуропалық одақ­пен қош­тасу үшін көптеген келісімді қайта қарап, өзекті мәсе­лелердің оңтай­лы шешімін табу­ға тиіс. Мәселен, Еуроодақтан шық­қаннан кейін Солтүстік Ирландия мен Ирландия арасындағы шекара, сауда-экономикалық қаты­нас секілді мәселелер Еуропа сая­саткерлерінің де, Даунинг стриттің де әбден басын қатырды.

Қазіргі таңда Ирландия мен Солтүстік Ирландия арасындағы шекара мәселесі шешілген жоқ.  Өйт­кені алғашқысы – одақ құ­ра­мындағы тәуелсіз мемлекет, кейінгісі Ұлыбританияның әкім­шілік аймағы ғана. Бірақ екі ел­дің арасындағы шекара құжат жүзінде ғана. Әйтпесе, халықтың ауылы аралас, қойы қоралас болып кеткелі қашан! Мысалы, дәл шекарада орналасқан елді мекеннің британиялық жағы Белку, ал ирландиялық жағы Блэклайон ауылы деп аталады. Екі ортаны Белку өзені бөліп жатыр. Ауылдың тұрғындары да көп емес. Белкуде бес жүзге жуық, Блэклайонда үш жүзге жуық адам бар. Елді ме­кен­дегі жал­ғыз ет дүкені ирлан­диялық тарапта орна­лас­қан. Ал шаш­тараз, шаруашылық дүкені Ұлы­британия аумағында тұр. Тұман­ды Альбионда мұндай елді мекен­дер же­тіп-артылады. Яғни Ұлы­бри­тания қарт құр­лықтың есігін жапқаннан ке­йін, мұндай ауыл­дардағы жағдай қалай болмақ?

Ұлыбританияның Еуропалық одаққа 1972 жылдан бері мүше екенін жоғарыда айттық. Содан бері сауда-экономикалық қарым-қатынас күшейіп, тым күрделен­гені соншалық, қазір солардың түйінін жеке-жеке тарқатуға тура келеді. Мысалы, Шенген аймағына кіретін елдердің азаматтары Тұманды Аль­бионға емін-еркін кіріп шығады. Сол секілді ағылшындар да Шенген аймағына кіретін елдерге барғанда қосымша құжат тапсырып, тексеруден өтпейді. Сол секілді екі жақтың ұшақтары да емін-еркін ұшып жүр. Бірақ Брексит келісімсіз аяқталса, бәрі өзгермек. Алдын ала келісім бойынша келер жылдың алғашқы алты айында әуе компаниялары қызметін жалғастыра бермек. Әйтсе де, осы мерзім ішін­де олар ұшып-қонуға қатысты құжат­тарды Еуропалық одақтың ережесіне сай ресімдеуі керек. Яғни бұл EasyJet, Ryanair және British Airways компаниялары үшін оңайға соқпайтыны анық.

Оған қоса, тас жолмен тасымал­да­на­­тын жүк тасымалы да зиян шекпек. Бү­гінге дейін жүк көліктеріне еш шектеу қ­о­йыл­­­маған-ды. Енді Еуропадан тауар таси­­­тын­дардың саны азаяды. Ұлыбри­тания­­ның осы салаға жауапты мекемесі 2021 жылы одаққа мүше емес елдерден келетін 2000 шо­пыр­ға ғана рұқ­­сат етпек. Ал ЕО тарапы 10 мың жүргізушіге рұқсат беруді сұ­рап отыр. Еуропалық комиссия ұсын­ған келі­сім жобасында жүр­­гізушілер санын шек­теу Ұлы­­бри­тания мен ЕО-ға мүше мем­лекет­­­тер арасындағы тауар айналы­мы­на айтар­лықтай кері әсер ете­тіні айтылған. Сондай-ақ автобус арқы­лы жолаушы тасымалы да айтар­лықтай кедергілерге тап болады.

Брексит келісімсіз аяқталса, Ұл­ыбри­тания мен Еуропаны жал­ғап жатқан жерасты туннелі мүл­дем жабылып қалуы мүмкін. Халық арасында Еуротуннель деп аталатын бұл темір жол байланысы Ла-Манш бұғазының астынан өтіп, Фран­ция мен Англияны жалғап тұр. Осы туннель­дің арқасында Парижден Лон­донға дейін небәрі 2,5 сағатта баруға мүмкіндік бар. Оның құрылысы 1994 жылы аяқ­тал­ған. Содан бері қалтқысыз қыз­мет етіп келеді. Алда-жалда Брюс­сель мен Лондон мәмілеге келмесе, заманауи әлемнің жеті кереметінің бірі музейге айналмақ.

Айта кетерлігі, қазір туннельде ондаған шақырымға созылған жүк көліктерінің кептелісі пайда болған. Өйткені межелі мерзімге дейін жүгін жеткізуге асыққан­дар көп. Соның салдарынан туннельдің екі басында жүргізушілер сағаттап күтуге мәжбүр. Жергілікті биліктің айтуын­ша, әдетте күніне туннель арқылы 6000-ға жуық жүк көлігі өтеді. Бірақ кейінгі бірне­ше күнде олардың саны 9000-нан асқан.

Еуротуннельде кептелістің салдары көлік өндірісіне зиянын тигізді. Honda мен Jaguar компаниялары машина жасауды уақытша тоқ­тата тұратынын мәлімдеді. Өйт­кені Еуропадан келетін кей жаб­дықтар кептелісте қалып кеткен.

Келісімсіз Брекситтен зиян шегетін тағы бір сала – балық аулау. Кім қай суларда балық аулауына рұқсаты бар, бұған дейін емін-еркін жүрген кемелер қайтпек? Мұның бәрі әлі де шешілмей тұр.

Сондай-ақ Тұманды Альбионда тұра­тын еуропалықтар мен қарт құрлықта қыз­мет істейтін ағыл­шын­дардың тағ­дыры қалай өзге­реді? БҰҰ-ның халық­ара­­лық миг­ра­ция жөніндегі деректері­не сүйенсек, бүгінде Еуропада өмір сү­ре­тін ағыл­шындардың саны 1,5 миллион. Ал Тұман­ды Альбион­да еңбек етуді таңдаған еуро­па­­лық­тардың саны 500 мыңнан асып жығылады.

egemen.kz

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар