Әлемде қатерлі ісіктен болатын өлім күрт өседі деген болжам жасалды
- авторБақытжан Бекболат
- 27 қыркүйек, 2025
- 619
Алдағы 25 жылда қатерлі ісіктен көз жұматындар саны әлемде 75 пайызға дейін өседі деген болжам жасалды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz Euronews.com-ға сілтеме жасап.
Ғалымдардың айтуынша, бұл үрдіс емдеу саласындағы жетістіктер мен қауіп факторларын азайтуға бағытталған күш-жігерге қарамастан жалғасады. Ең қатты зардап шегетін – табысы төмен елдер.
Негізгі болжамдар мен деректер
2050 жылы қатерлі ісіктен 18,6 миллион адам қайтыс болады деген болжам бар. Ал жаңа ауру жағдайлары 60 пайыздан астам өсіп, 30,5 миллионға жетпек. Мұндай өсімге халық санының көбеюі мен қартаюы негізгі себеп болады деп көрсетілген.
2023 жылы әлемде 18,5 миллион жаңа ісік жағдайы тіркеліп, 10,4 миллион адам өмірімен қош айтысқан. Бұл 1990 жылмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары көрсеткіш. Дегенмен өлім-жітім деңгейі ауқатты елдерде төмендеп келеді.
Қауіп факторлары
Зерттеуге сәйкес, онкологиялық өлімнің 40 пайыздан астамы өзгертуге болатын себептерге байланысты. Олардың ішінде темекі шегу, дұрыс тамақтанбау, қандағы қанттың жоғары болуы ерекше орын алады.
Ерлер арасындағы өлімнің 46%-ы – негізінен темекі, алкоголь, зиянды тағам, өндірістік зиян және ауаның ластануына байланысты.
Әйелдер арасында бұл көрсеткіш 36%-ды құрайды. Оларға ең көп әсер ететін факторлар – темекі, қауіпті жыныстық қатынастар, дұрыс емес диета, семіздік және қанттың жоғары деңгейі.
Ғалымдардың пікірі
АҚШ-тағы Денсаулық көрсеткіштері мен бағалау институтының зерттеушісі, доктор Тео Вос:
«Елдердің осы қауіп факторларымен күресуге үлкен мүмкіндігі бар. Бұл қатерлі ісіктің алдын алуға және миллиондаған адамның өмірін сақтауға септігін тигізеді», – дейді.
Ал Непал денсаулықты зерттеу кеңесінің өкілі Мегхнатх Дхимал кедей елдердегі жағдайды «жақындап келе жатқан апат» деп сипаттады.
Зерттеушілер қатерлі ісікті ерте әрі дәл анықтау жолдарын кеңейтуге, сапалы емдеу мен қолдау қызметтерін қолжетімді етуге үндейді. Олардың айтуынша, мұндай шаралар кез келген елдің даму деңгейіне қарамастан экономикалық тұрғыдан тиімді.






