Макрон: Путиннің ұсынысы жеткіліксіз, атысты толық тоқтату керек
- авторБақытжан Бекболат
- 11 мамыр, 2025
- 559

Ол келіссөз басталуы үшін ең алдымен Украинадағы соғыс толық және шартсыз тоқтатылуы тиіс екенін айтты. Бұл туралы Макрон 11 мамыр күні Киевтен қайтып бара жатып, Польшадағы Пшемысль қаласында мәлімдеді, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz DW агенттігіне сілтеме жасап.
"Украина халқы бомбалау астында отырып келіссөз жүргізе алмайды, бұл – ақылға сыймайтын нәрсе", – деді Франция басшысы.
Макронның пайымынша, Путин келіссөз бастаймыз деген сылтаумен уақыт ұтқысы келеді әрі бұл қадам соғысты тоқтатуға емес, керісінше, одан жалтаруға бағытталған. "Бұл – жауапкершіліктен жалтарудың амалы. Біз шегінбеуіміз керек", – деп мәлімдеді ол. Макрон бейбіт келісімге бастар ең басты әрі алғашқы қадам – атысты толық тоқтату екенін баса айтты.
Путиннің бұл ұсынысы Киевте жиналған "қолдаушылар коалициясының" Украинада 30 күнге атысты тоқтату туралы бастамасына жауап ретінде жасалды. Алайда ол бітім жөніндегі бұл ұсынысқа нақты жауап берген жоқ. Оның орнына Ресей президенті 15 мамырда Стамбулда алдын ала ешқандай шарт қоймастан тікелей келіссөз өткізуді ұсынып, соғыстың түпкі себептерін шешіп, ұзақ мерзімді бейбіт келісімге қол жеткізуді мақсат ететінін айтты.
Бұған дейін Кремль өкілі Дмитрий Песков Ресейдің уақытша бітімге тек "жағдайдың барлық ерекшеліктері ескерілген жағдайда" ғана келісе алатынын жеткізген еді.
Путиннің бұл мәлімдемесінен кейін АҚШ президенті Дональд Трамп та соғысты тоқтатуға бағытталған әрекеттерді жалғастыратынын айтты. Ол Truth Social желісінде екі тараппен де жұмыс істеп, соғысты тоқтатуға күш салатынын жазды.
Ұқсас жаңалықтар
Индонезияда жанартау атқылады, күл бағаны 5,5 км-ге жетті
- авторБақытжан Бекболат
- 20 мамыр, 2025