дүйсенбі, 19 мамыр, 2025 20:10

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Білімге бастар жол: «Жайлы мектеп» жобасының жемісі

Білімге бастар жол: «Жайлы мектеп» жобасының жемісі
Фото: Алтынбек Қартабай
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елімізде «Жайлы мектептер» жобасы қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Бұл бастама білім саласында сапалы өзгерістерді әкеліп, оқушыларға жаңа мүмкіндіктер мен жағдайлар жасалуда. Жайлы мектептер тек ірі қалаларда ғана емес, ауылдар мен аудан орталықтарында да салынып жатыр. Мұндай мектептер оқушылардың білім алу процесін жеңілдетіп, заманауи талаптарға сай келетін білім беру ортасын қамтамасыз етеді. Өткен жылы өңірімізде 36 мектептің құрылысы жүргізіліп, 13-і пайдалануға берілді. Жаңа оқу жылына тағы 4 мектеп дайын болады, ал қалған 5 мектеп республикалық бюджет есебінен салынатын болады.

Әсіресе, «Жайлы мектеп» жобасы бойынша салынған білім ошақтары ерекше назар аударады. Олар заманауи құрылғылармен, техникалық жабдықтармен қамтамасыз етіліп, оқушылардың білім алу деңгейін арттыруға бағытталған. Мектептердің негізгі мақсаты – үш ауысымдық және апатты жағдайдағы мектептердің мәселелерін шешу. Сонымен қатар, мектептерде оқу орындарының тапшылығын жою үшін жаңа мектептер салу көзделген.

Біздің қаладағы жаңа «Жайлы мектептердің» бірі – №66 орта мектеп, ол «Бәйтерек» ықшамауданында орналасқан. Бұл мектептің ашылуы – білім саласындағы үлкен қадам болып табылады. Jambylinfo.kz тілшісі аталған мектептің тыныс-тіршілігімен танысып, мектеп директоры мен сұхбаттасып қайтты.

Мектеп директоры Фарида Шортанбекова оқу орнының тыныс-тіршілігімен таныстырып, «Жайлы мектеп» – тек жаңа ғимарат емес, сонымен қатар оқушылар мен ұстаздар үшін жаңа мүмкіндіктердің бастауы екенін атап өтті. Мектеп өткен жылдың қараша айында ашылып, бүгінде 1866 оқушы білім алып жатыр. Бұған дейін №3 лицейде 3000-нан аса оқушы оқыған еді, бірақ «Жайлы мектеп» жобасы аясында мектептегі орын тапшылығы шешілді. Жаңа мектепке 1350 оқушы ауысып келіп, бүгінде мұнда 122 мұғалім жұмыс істейді. Оның ішінде 81 мұғалім №3 мектеп-лицейден ауысып келген болса, қалғандары конкурстық негізде жұмысқа алынған.

Мектептің материалдық-техникалық базасы да жоғары деңгейде. Мұнда 59 оқу кабинеті бар, сонымен қатар әртүрлі пәндер бойынша арнайы кабинеттер, оның ішінде информатика сыныбы, робототехника кабинеті, STEAM-зертхана, телестудия мен зертханалар да бар. Білім ошағында жайлы кітапхана, шеберханалар, сондай-ақ 10 коворкинг орталығы мен спорт залдары оқушылардың денсаулығы мен дамуына қажетті барлық жағдайды қамтамасыз етеді.

Мектепте баланың шығармашылық қабілеттерін дамыту үшін түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Оқушылар домбыра, дойбы, күрес, хореография, робототехника және басқа да үйірмелерге қатыса алады. Үйірмелер үшін барлық қажетті құралдар мен жабдықтар мектеп тарапынан қамтамасыз етілген, яғни балалар үйден ештеңе алып келмей-ақ, өздері үшін қажетті барлық затпен қамтылған. Бұдан басқа, коворкинг алаңдары балаларға өзара пікір алмасып, топтық жұмыстарды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Оқушылар өз тапсырмаларын орындап, бір-біріне көмектесе отырып, шығармашылық ойлау қабілеттерін дамытады.

Фарида Шортанбекова атап өткендей, мектептің басты мақсаты – оқушыларды тек біліммен ғана емес, сонымен қатар шығармашылық, рухани және әлеуметтік дамумен де қамтамасыз ету. Мектепте «Біртұтас тәрбие» тұжырымдамасы негізінде көптеген іс-шаралар өткізіліп, оқушылардың бойында отансүйгіштік сезімді, ұлттық құндылықтарды қадірлеу, сонымен қатар түрлі мәдениеттің байлығын түсіну және бағалау дағдыларын қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүргізіледі.

Сондай-ақ, мектепте оқушыларға күнделікті өмірде қажетті дағдыларды меңгерту мақсатында түрлі сабақтар мен тренингтер ұйымдастырылып, олардың жеке тұлға ретінде қалыптасуына қолайлы жағдайлар жасалады. Жайлы мектептер қазіргі заманғы білім берудің маңызды бөлігіне айналып, балаларға сапалы білім беру мен тәрбие процесінің жаңа деңгейіне көтерілгенін көрсетеді.

 

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар