Софияда Қазақстан-Болгария үкіметаралық комиссиясының отырысы өтті
- авторБақытжан Бекболат
- 21 мамыр, 2025
- 215

Болгария астанасы София қаласында Қазақстан мен Болгария арасындағы Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның отырысы өтті. Қазақстандық делегацияны Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин басқарды, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Көлік саласындағы мәселелер бойынша отырысқа Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің төрағасы Әлі Алтай Сембекұлы қатысты.
Тараптар көлік және логистика саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екендерін растап, бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды дамыту мүмкіндіктерін талқылады. Автомобиль көлігі саласындағы қазіргі жағдай жөнінде ақпарат алмасу барысында жолаушылар мен жүктерді тасымалдау, сондай-ақ транзит мәселелері бойынша айтарлықтай кедергілердің жоқ екені атап өтілді.
Комитет төрағасы Әлі Алтай Сембекұлы Қазақстан мен Болгарияның тиімді географиялық орналасуы өзара көлік саласындағы серіктестікті дамытуға үлкен мүмкіндік беретінін айтты. Ол екі елдің транзиттік әлеуетін барынша пайдалану қажеттігін ерекше атап өтті.
Кездесу барысында Еуропа мен Азия елдерінен келетін жүктерді жинау және жөнелтуді қамтамасыз ететін логистикалық терминалды Болгария аумағында құру мәселесі қаралды. Бұл бастама аймақтық сауданың дамуына серпін беруі мүмкін.
Сонымен қатар, қазақстандық тарап екі ел арасында кедергісіз тасымалдарды қамтамасыз ету үшін екіжақты және транзиттік тасымалдарға рұқсатсыз жүйені енгізуді ұсынды. Тараптар халықаралық автотасымалдар үшін рұқсат құжаттарының әмбебап бланкілерімен алмасу квотасын ұлғайту мәселесін де талқылады.