"275 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылған". Тоқаев Адам құқықтары жөніндегі уәкілді қабылдады
- авторjambylinfo.kz
- 17 сәуір, 2024
- 510
«Президентке азаматтардың құқықтарын қайта қалпына келтіру және қорғау жөніндегі жылдық есеп берілді. Артур Ластаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа аумақтық өкілдердің толықтай іске кіріскені жайында мәлімет берді. Оның айтуынша, былтыр Омбудсменнің атына 5 мыңнан астам өтініш түскен. Бұл 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,5 есе көп», - деп жазылған Ақорданың хабарламасында.
Сонымен қатар Мемлекет басшысына Ұлттық превентивті механизмнің жұмысы, заңнаманы жетілдіру, халықаралық ынтымақтастықты, құқық қорғау ұйымдарымен және азаматтық қоғаммен өзара ықпалдастықты жандандыру мәселелері туралы баяндалды. Атап айтқанда, азаптаулардың алдын алу үшін оқшаулау мекемелерінде мыңнан астам кездесу өткізілген, азаматтардың құқықтарын қалпына келтіру бойынша 3,5 мыңнан аса ұсыным берілген, 275 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылған. Нәтижесінде 900-ден астам адамның құқығы қорғалды.
Бұдан бөлек, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Президенттің тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында қабылданған шаралар туралы айтты. Құқық қорғау институты тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы арнайы баяндама әзірлеп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев адам құқығын қорғауға кепілдік беру ісін одан әрі күшейту қажет екеніне назар аударды. Бір айта кетерлігі, Президент былтырғы Жолдауында да бұл бағытты үнемі назарда ұстап, адам құқығын қорғау саласында маңызды қадамдар жасалғанын айтқан еді.
«Әділдікті және заң үстемдігін орнату үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың қатысу мүмкіндігі артты. Қоғамның саяси мәдениеті мүлде жаңа сипатқа ие болды. Алайда нағыз дамыған ел боламыз десек, саяси реформалармен шектеліп қалмауымыз керек. Осы жұмысты түбегейлі және жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформаға ұштастыру қажет», - деген еді Тоқаев кезекті Жолдауында.
Жалпы, адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық адам құқықтарын мемлекеттік лауазымды тұлғалардың қол сұғуынан қорғауды, заңнаманың және құқық мирасқорлығы тәжірибесінің дамуын қамтамасыз етуді, ағартушылық бағдарламаларды дайындап, оларды жүзеге асыруды мақсат тұтады. Омбудсменнің жұмысы БҰҰ-ның бірқатар конвенцияларын ратификациялаған Қазақстан Респубикасының халықаралық міндеткерліктеріне және осыған ұқсас құрылымдардың әлемдік тәжірибесіне сай атқарылады. Сонымен қатар, Омбудсмен үкіметтік емес ұйымдармен, бұқаралық ақпарат құралдарымен және халықаралық ұйымдармен өзара тығыз қарым-қатынас орнатады. Омбудсмен жұмысының негізгі қағидалары: жариялылық, әділдік және бейтараптық.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз