Ғасыр жобасы: Солтүстік Аралды сақтаудың жаңа кезеңі басталды
- авторБақытжан Бекболат
- 16 мамыр, 2025
- 353

Су ресурстары және ирригация министрлігі Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіруге бағытталған жобаның екінші кезеңін бастады, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жобаның аясында Көкарал бөгетін жаңарту, теңіз деңгейін 44 метрге дейін көтеру және Аманөткел маңында жаңа гидроторап салу жоспарланып отыр. Бұл шаралар Ақшатау мен Қамыстыбас көлдерінің суын тұрақтандыруға мүмкіндік береді.
«Жобаны іске асырудың бірнеше нұсқасын қарадық. Ең тиімді шешімді табу үшін биылдың басынан бастап Қызылорда облысы мен Арал ауданы әкімдіктерінің өкілдерімен бірқатар кеңес өткізілді. Сонымен бірге министрлігіміздің мамандары жергілікті тұрғындармен және қоғамдық ұйымдармен бірнеше рет кездесті. Аймаққа жұмыс сапары барысында Парламент депутаттарының, жобалаушылардың, су шаруашылығы саласы ардагерлерінің және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен азаматтармен кездесу өткіздім. Кездесуде Арал ауданы мен Арал қаласының тұрғындарының ұсыныстары тыңдалып, жобаны жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Таңдалған нұсқа мерзім мен нақты жағдайларды, соның ішінде Сырдария өзені бассейнінің жағдайын ескере отырып, ең қолайлы шешім ретінде анықталды», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия бойынша аймақтық директоры Самех Вахба жобаның өңір экономикасына оң ықпал ететінін атап өтті.
«Бүгін біз балық өңдеу зауытын аралап, жобаны жүзеге асырғаннан кейін өңірде қаншама жұмыс орны ашылатынын өз көзімізбен көрдік. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы және туризм сияқты басқа салаларда да жұмыспен қамту мүмкіндіктері пайда болады. Осылайша бұл жоба бүкіл өңір үшін жаңа экономикалық мүмкіндіктерге жол ашады. Солтүстік Аралды сақтау жобасы біз үшін өте маңызды, өйткені ол бүкіл әлемге тұтас бір экожүйені қалпына келтірудің нақты үлгісін көрсетеді, – деді Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия бойынша аймақтық директоры Самех Вахба.
Сараптамалық қорытынды 2025 жылдың желтоқсан айына дейін дайын болады деп жоспарланған. Жоба Солтүстік Аралдағы су сапасын жақсартуға, Сырдарияның атырауын қалпына келтіруге, тұздың желмен таралуын азайтуға, балық шаруашылығын дамытуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Бұған дейінгі кезеңнің нәтижесінде теңіз суы 42 пайызға артқан, тұздылығы 4 есеге азайған, жыл сайынғы балық аулау көлемі 8 мың тоннаға жеткен.