
Жыл сайын өтетін бұл байқауға биыл 21 автор қатысты: қазақ тілінде – 9, орыс тілінде – 12 қолжазба ұсынылды. Онлайн дауыс беру арқылы жеңімпаз анықталды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жас жазушы Әлихан Жақсылықтың «Тургенев көшесіндегі үй жұмысқа қабылдайды» атты романы үздік деп танылды.
Жеңімпазға Freedom Finance Life компаниясы тарапынан өмір бойына ай сайын 500 АҚШ доллары көлемінде төленетін сақтандыру полисі табысталды.
Марапаттау рәсімінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Алиұлы әдебиетті қолдау шаралары туралы қысқаша айтып өтті. Оның ішінде «Айбоз», Президенттік және «Дарын» сыйлықтары, Жазушылар одағымен бірлескен жобалар, сондай-ақ 2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында жарияланған жаңа байқау аталды.
«Mecenat.kz» жобасының авторы Ерлан Асқарбеков қатысушылар санының жылдан жылға артып келе жатқанын атап өтті. Ал Freedom Holding Corp. бас директоры Тимур Турлов мұндай жобалар компанияның әлеуметтік бастамаларының бір бөлігі екенін айтты.
Бұған дейін бұл сыйлықты:
2022 жылы – «Күлпет» романы үшін Шархан Қазығұл,
2023 жылы – «Өлгендер қайтып келеді» шығармасы үшін Тұрысбек Сәукетаев,
2024 жылы – «Өмір бәйтерегі» романы үшін Сәуле Досжан жеңіп алған болатын.