сенбі, 14 маусым, 2025 12:15

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қазақстаннан 750-ден аса әскери қызметші БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясына қатысты

Қазақстаннан 750-ден аса әскери қызметші БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясына қатысты
Қорғаныс министрлігі
29 мамыр – Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық бітімгерлер күні. Бұл күн – бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында қызмет етіп жүрген әскери және азаматтық мамандарға құрмет көрсетілетін маңызды дата. Қақтығыс ошақтарында тұрақтылықты сақтау үшін жан аямай еңбек етіп жүрген бітімгерлердің рөлі қазіргі әлемде айрықша маңызға ие.

2014 жылдан бері 750-ден астам қазақстандық әскери қызметші Африка мен Таяу Шығыстағы БҰҰ-ның бейбітшілік миссияларына қатысып келеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Олар Судан, Батыс Сахара, Ливан және Орталық Африка Республикасы сияқты елдерде бейбітшілікті сақтау жолында табанды еңбек етті. Бұл дерек Қазақстанның халықаралық қауымдастық алдындағы беделін арттырып, отандық әскери кадрлардың әлеуетін паш етті.

Қазақстан Республикасы – БҰҰ-ның бейбітшілік миссияларына қатысып келе жатқан белсенді және сенімді әріптестердің бірі. Ел тарихында айтулы кезең – Қазақстанның посткеңестік кеңістікте Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік операцияларына дербес мандатпен қатысқан алғашқы және әзірге жалғыз мемлекетке айналуы. Бұл шешім еліміздің бейбітшілік пен жаһандық тұрақтылықты нығайтудағы ұстанымын айқын көрсетті.

2018 жылы қазақстандық бітімгерлік контингенттің Голан жоталарында БҰҰ-ның «Күшейтілген бақылау миссиясы» шеңберінде қызмет атқаруы – Қарулы Күштердің жоғары кәсіби даярлығының нақты дәлелі болды. Қауіпті аймақта бейбітшілік орнату жолында қазақстандық офицерлер мен сарбаздар өздеріне жүктелген міндеттерді мінсіз атқарды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бітімгерлерді марапаттау рәсімінде олардың халықаралық аренадағы миссиясының маңызын былай деп атап өтті:


«Сіздер ең күрделі жағдайда да қазақстандық әскери қызметшілердің тиімді қызмет ете алатынын дәлелдедіңіздер. Бұл – еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, Қазақстанға деген сенімді нығайтатын маңызды қадам. Еңбектеріңіз елеусіз қалмай, еліміздің халықаралық беделін арттыруға едәуір үлес қосты».

Қазақстандық бітімгерлердің қызметі – жас ұрпаққа үлгі боларлық ерлік пен отанға адал қызметтің үлгісі. Халықаралық қауымдастық тарапынан жоғары бағаға ие болған бұл қызмет еліміздің бейбітсүйгіш саясатының нақты нәтижесі ретінде қабылдануда.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар