Елімізде газ есептегіш құрылғылардың көрсеткіштерін тіркеу үшін жасанды интеллект қолданыла бастады
- авторБақытжан Бекболат
- 28 шілде, 2025
- 508
Пилоттық жоба Қызылорда, Қостанай және Түркістан облыстарында іске қосылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жобаның мәні – арнайы мобильді қосымша арқылы есептегішті суретке түсірсеңіз болғаны, одан кейін көрсеткіштерді жасанды интеллект өзі анықтайды. Қазірдің өзінде қосымшаны 7000-нан астам адам жүктеп үлгерген.
"Бұл шешім бақылаушының келуін қажет етпейді, шоттарды жылдам рәсімдеуге мүмкіндік береді әрі қателіктердің алдын алады. Қызметті енгізу операторларға түсетін жүктемені азайтады, есеп-қисаптың ашықтығын қамтамасыз етеді және халық арасында газды үнемді тұтыну мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді", – делінген хабарламада.
Жақын арада қосымшаның мүмкіндіктері кеңейтілмек.
"Пайдаланушылар төлем тарихын көре алады, есептегіш құрылғыларды тексеру мерзімі туралы ескертулер мен газ желілерінде жүргізілетін жоспарлы жұмыстар жайлы хабарламалар алып отырады. Сонымен қатар виртуалды көмекші мен адал тұтынушыларға арналған бонустар мен кэшбэк жүйесі әзірленіп жатыр", – деп мәлімдеді министрлік.






