Әкімдік: Малдың жаппай қырылуы туралы тараған ақпарат шындыққа жанаспайды
- авторБақытжан Бекболат
- 18 маусым, 2025
- 133

Түркістан облысында қуаңшылық немесе шегіртке шапқыншылығы салдарынан мал қырылған жағдайлар тіркелмеген, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Келес ауданының әкімі Жанибек Ағыбаев әлеуметтік желілер мен бірқатар БАҚ-тағы малдың жаппай қырылып жатқаны туралы ақпаратқа байланысты видеоүндеу жасады.
"Малдың жаппай қырылуы немесе жергілікті биліктің көмек көрсетуден бас тартуы туралы тараған ақпарат шындыққа жанаспайды және жалған. Маусым айының басында ауа райы өте ыстық болғанына қарамастан, ауыл шаруашылығы алқаптарының басым бөлігінде ылғал жеткілікті деңгейде сақталған. Әсіресе тамшылатып және жерасты суару әдістері қолданылатын жерлерде. Әкімдік фермерлермен бірге ерте бастан су көздерін әртараптандыру мен мал азығын дайындау бойынша шаралар қабылдаған", – деді аудан әкімі.
Шегіртке мәселесіне байланысты Жанибек Ағыбаев облыс көлемінде 700 мың гектардан астам жерге өңдеу жұмыстары жүргізілгенін айтты. Әлеуметтік желілерде тараған "жаппай шегіртке шабуылы" туралы видеолар шынайы жағдайды көрсетпейді және көбіне басқа өңірлерде немесе шет елдерде түсірілген.
"Жергілікті билік өкілдері фермерлермен үнемі байланыста. Азаматтардан түскен әрбір өтініш бойынша арнайы топтар шығып, жағдай зерделеніп, қажет болса көмек көрсетіледі. Бұл – баламалы жайылым ұсыну, шөп сататын бекеттер ашу, логистикалық көмек көрсету сияқты түрлі қолдауларды қамтиды", – делінген хабарламада.