Құлаған автобус әлі табылған жоқ: «Майқайыңалтын» жұмысын тоқтата тұрады
- авторjambylinfo.kz
- 20 ақпан, 2024
- 536
Бір жарым ай бұрын төрт адам мінген автобус құлаған «Майқайыңалтын» кеніші жұмысын тоқтата тұруға міндеттелді. Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі кәсіпорын қызметі қашан және қандай жағдайда жанданатынын түсіндірді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Таяуда «Майқайыңалтын» фабрикасы 4 қаңтарда болған төтенше жағдайдан кейін жұмысын уақытша тоқтатыны белгілі болды. ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Мұса Танабаевтың айтуынша, кәсіпорында шикізат таусылған.
«Фабрика шахтада өндірілетін шикізатпен жұмыс істейді. Апат болған кезде кәсіпорында бір айға жететін шикізат қоры болған еді, енді ол таусылды. Тиісінше, қазір фабрика шикізаттың болмуына байланысты тоқтап тұр», деді Танабаев үкімет кулуарында.
Оның айтуынша, кәсіпорын қызметін қайта бастау үшін апаттан кейін пайда болған үйіндінің қауіп-қатерін бағалау үшін ғылыми сараптама жүргізуі шарт. Бұдан бөлек, кеніштің төбесі опырылып құлаған жағдайда жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бөгет санын анықтап, оларды орнату қажет. Танабаев осы талаптардың барлығын бекітілген мерзімді аяқтау өте маңызды екенін атап өтті.
«Егер «Майқайыңалтын» қажетті шараларды 30 наурызға дейін орындаса, онда қайтадан кен өндіруге кіріседі. Кәсіпорындағы қауіпсіздікке басымдық беріледі», деді комитет төрағасының орынбасары.
Естеріңізге сала кетейік, биыл 4 қаңтарға қараған түні «Майқайыңалтын» шахтасы аумағында құтқарушылар мінген автобус жер астына түсіп кетті. Апат кезінде көлік салонында бір жүргізуші мен үш құтқарушы болған. Іздеу-құтқару жұмыстары барысында екі құтқарушының мәйіті жер бетіне шығарылды. Қалған екі адам және автобус әлі табылған жоқ. Іздеу жұмыстары жүріп жатыр.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз