жұма, 24 сәуір, 2026 19:36

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Президенттің тапсырмасы: Астанада Жасанды интеллект ұлттық зерттеу университеті құрылды

Президенттің тапсырмасы: Астанада Жасанды интеллект ұлттық зерттеу университеті құрылды
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі
Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлімдеді

Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша Жасанды интеллект ұлттық зерттеу университеті құрылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Тиісті шешім бұған дейін Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысында жарияланған болатын.

Университет жасанды интеллект саласында мамандар даярлау, қолданбалы зерттеулер жүргізу және әзірлемелерді коммерцияландыру бойынша ұлттық орталыққа айналады.

Университеттің негізгі кампусы Астана қаласындағы EXPO аумағында орналасады. Университет Astana Hub инфрақұрылымымен және Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығымен ықпалдастырылатын болады. Бұл заманауи есептеу қуаттарына, бұлттық сервистерге және озық технологиялық шешімдерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Оқу үдерісін биыл 1 қыркүйектен бастау жоспарланып отыр. Алғашқы оқу жылында AI+X моделі бойынша бакалавриат және магистратура бағдарламалары іске қосылады.

AI+X білім беру моделі жасанды интеллектті экономиканың негізгі салаларында, соның ішінде қаржы, энергетика, денсаулық сақтау, мемлекеттік басқару және өнеркәсіпте қолдануды көздейді.

Университет базасында AI Research Hub – AI-шешімдерді әзірлеуге, халықаралық гранттарды тартуға және индустриялық жобаларды іске асыруға арналған ұлттық зерттеу платформасы құрылады.

Жеке бағыт ретінде Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының қатысуымен ұлттық AI+X консорциумы қалыптастырылады. Жасанды интеллект университеті осы саладағы құзырет орталығы болады, ал серіктес университеттер медицина, энергетика, өнеркәсіп, құрылыс және мемлекеттік басқару бағыттары бойынша салалық мамандар даярлауды қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ университет жетекші шетелдік жоғары оқу орындарымен және ғылыми-зерттеу орталықтарымен халықаралық ынтымақтастықты дамытады. Бұл бірлескен білім беру бағдарламаларын, қос диплом жобаларын және ғылыми зерттеулерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Университетті құру Қазақстанда жасанды интеллектінің толыққанды экожүйесін қалыптастыруға – кадрларды даярлаудан бастап технологияларды енгізу мен коммерцияландыруға дейін бағытталған.

Университет AI-индустрияны дамытудағы негізгі алаңға айналып, Қазақстанның өңірлік технологиялық көшбасшы ретіндегі позициясын нығайтады.

Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар