Салымшыларын сан соқтырған "Asar Baspana" қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды
- авторМағжан Орынбасар
- 11 наурыз, 2025
- 213

ҚМА Бас прокуратураның үйлестіруімен "Asar Baspana" қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Тергеу барысында Туғанбаев Н.М. бастаған пирамида ұйымдастырушылары, 86 мыңнан астам азаматтан 12,4 миллиард теңге тартқан, есесіне ай сайын 30 пайызға дейін табыс уәде еткен.
"Шын мәнінде, нақты бизнес болмаған, төлемдер жаңа қатысушылардың салымдары есебінен жүзеге асырылған. Нәтижесінде Туғанбаев пен оның серіктестері 3,8 миллиард теңге қаражатты заңсыз иеленген. Күдіктілер салымшыларды адастырып, Алматыда құрылыс материалдарын өндіру, тігін цехы мен тұрмыстық және медициналық техника зауыты жұмыс істеп жатқандығын мәлімдеген. Шындығында, өнімдер үшінші тарап жеткізушілерінен сатып алынып "Asar Baspana" логотипімен таңбаланған", - делінген хабарламада.
2024 жылы желтоқсан айынан бастап, пирамидаға деген сенім азая бастаған кезде, ұйымдастырушылар автосалон ашып, ресми дилерлермен әріптестік орнаттық деген жалған ақпарат таратқан. Шын мәнінде, автокөліктер салымшылардың ақшасына сатып алынып Туғанбаевтың туыстарына рәсімделген.
"Пирамиданы әшкере қылатын жағдайлар туындаған тұста, Туғанбаев Н.М. 8 ақпанда "Asar Baspana" сайтын техникалық режимге ауыстырған. Бұл қылмыстық әрекетті жасыру мақсатында жасалды. Алайда, тергеу барысында серверлік деректер қалпына келтірілді. Сайт деректеріне сәйкес, "Gold" деңгейіне жеткен 15,5 мың салымшының тек біреуіне ғана пәтер берілген. "Platina" бағдарламасы бойынша 15 мың үміткердің арасынан тек бір салымшыға ғана көлік берілген", - делінген хабарламада.