Түркиялық компания салып жатқан Қызылордадағы жылу электр орталығы қашан іске қосылады
- авторБақытжан Бекболат
- 2 маусым, 2025
- 155

Түркиялық Aksa Energy компаниясы 137 миллиард теңгеден астам инвестиция құйған Қызылордадағы жаңа жылу электр орталығы (ЖЭО) биылғы жылдың төртінші тоқсанында – қазан мен желтоқсан аралығында іске қосылады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жаңа нысанның қуаты 240 МВт болады деп жоспарланып отыр. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының шамамен 70 пайызы аяқталған.
"Жоба аясында 180 МВт болатын екі газтурбиналық қондырғы, 95 МВт қуатты бу турбинасы, екі бу және төрт жылу қазандығы орнатылады. Қажетті негізгі жабдықтар толық жеткізіліп, монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр", – делінген әкімдік мәліметінде.
Бұған дейін жобаның жалпы құны 215 миллиард теңге деп жоспарланғаны айтылған. Жаңа ЖЭО Қызылорда тұрғындарын толықтай жылу және электр қуатымен қамтамасыз етіп, артық энергияны басқа өңірлерге жеткізуге мүмкіндік береді.