Каспий тартылып барады: теңіз деңгейі соңғы онжылдықтағы ең төменгі межеге жетті
- авторБақытжан Бекболат
- 2 маусым, 2025
- 413

Каспий теңізінің деңгейі соңғы ондаған жылда болмаған төмен көрсеткішке жетті. 2024 жылдың қараша айының алғашқы 20 күнінде теңіз деңгейі –29,03 метрге дейін түскен, деп хабарлайды Jambylinfo.kz Ranking.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл – 1977 жылдан бергі ең төменгі меже. Ол кезде су деңгейі –29,18 метрге жетіп, теңіз қатты тартылған еді.
Ғалымдар бұл құбылысты екінші ірі тартылу толқыны деп отыр. Ұқсас жағдай 1930–1977 жылдар аралығында болған. Ол кезде Каспий маңындағы өзендерге су қоймалары, бөгеттер салу көбейіп, теңізге құятын өзен ағыны күрт азайған. “Қазгидромет” жариялаған «Гидрометеорология және экология» журналында айтылғандай, әсіресе Еділ (Волга) өзенінің бассейніндегі жауын-шашын мөлшерінің азаюы теңіз тартылуына тікелей әсер еткен.
Егер алдағы жылдары 1978 жылғыдай жағдай қайталанып, теңіз қайта толмаса, Қазақстан Каспийдің тартылу салдарын қатты сезінуі мүмкін. Бұл — теңіздің солтүстігінде кеме қозғалысының тоқтауы, экологиялық мәселелердің ушығуы және жаңа "экомигранттардың" пайда болуы деген сөз.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің болжамынша, теңіз деңгейі жаһандық жылыну аясында одан әрі төмендеуі ықтимал. Қазіргі болжамдар екі сценарийге негізделген:
Егер орташа температура 0,9–2 °C аралығында өссе, 2050 жылға қарай теңіз деңгейі –31,8 метрге дейін төмендеуі мүмкін.
Ал егер температура 1,4–2,6 °C аралығында өссе, теңіз –33,7 метрге дейін шегінеді.
Бұл жағдай Каспий экожүйесіне де, теңізге байланысты шаруашылықтарға да аса қауіпті.
Ұқсас жаңалықтар
Ләйлә Сұлтанқызы Оксфорд университетінен ресми шақырту алды
- авторБақытжан Бекболат
- 25 маусым, 2025