Жуалыда Халықаралық балаларды қорғау күні қалай атап өтілді
- авторБақытжан Бекболат
- 2 маусым, 2025
- 1030

Балаларға арналған бұл шараға аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова қатысып, бүлдіршіндерге ақжарма тілегін арнады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Мерекелік күн таңғы дене шынықтыру жаттығуымен басталды. Дене шынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырған бұл белсенділікке мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің тәрбиеленушілері мен жасөспірімдер белсене қатысты. Олар түрлі ойындар мен спорттық жарыстарда өз шеберліктерін көрсетті.
Кеш барысында концерттік бағдарламалар, шығармашылық байқаулар, ойын-сауық іс-шаралары мен театрландырылған көріністер ұйымдастырылып, балалардың талантын ұштауға, өнерін шыңдауға мүмкіндік берілді. Әсіресе, кішкентай көрермендерге арналған "Үш торай" ертегісінің қойылымы ерекше әсер қалдырды.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет алатын мүмкіндігі шектеулі балалар да мерекеге қатысып, ән айтып, би билеп, қол күресінен жарысты. Барлық балаларға демеушілер тарапынан тәтті тағамдар мен сыйлықтар тарту етілді.
Сонымен қатар, «Аула клубы» мекемесінің ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» акциясы аясында табиғатты қорғауға, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға және бала қауіпсіздігіне бағытталған флешмоб ұйымдастырылды. Бұл шара арқылы балаларға экологиялық мәдениет пен жауапкершілік туралы түсінік берілді.
Балалар мерекесі қарсаңында орталық саябақ шын мәнінде балалық шақтың, шабыт пен қиялдың ортасына айналды. Бүлдіршіндер шығармашылық пен жаңалыққа толы таңғажайып атмосфераға бөленді.
Мерекелік іс-шара соңында аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова бала тәрбиесіне үлес қосып жүрген мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің қызметкерлерін аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.