Жалғас Әбеннің «Айшасы»: Ана жүрегінің үнін жеткізген туынды
- авторБақытжан Бекболат
- 4 маусым, 2025
- 231

Солардың бірі – кино саласында өз жолын қалыптастырып келе жатқан тараздық жас дарын Жалғас Әбен.
Жақында Jambylinfo.kz тілшісі Жалғаспен сұхбаттасып, оның шығармашылығы мен алғашқы толықметражды фильмі жайлы әңгімелескен еді.
Жалғас қазіргі сәтте АҚШ-та, анығын айтсақ, Калифорния штатының Лос-Анжелес қаласындағы «Нью-Йорк» фильм академиясында режиссура бағыты бойынша магистратуралық білім алып жатыр. Өнер жолын саналы түрде таңдағанын айтқан кейіпкеріміз «Мен өз өмірімді киноөнерінсіз елестете алмаймын» деп ағынан жарылды.
– Кәсіби білім алып жатқан кино саласы да үлкен өнердің бір түрі ғой деп есептеймін. Бір айта кетерлігі, «өнерге мен бір-екі жыл бұрын келдім» деп айта алмаймын. Себебі бала күнімде де тағдырым өнермен біте қайнасып жатты. Анам Ғайни Әлімбекқызы – өңірге белгілі журналист, жазушы, ақын. Сол себепті айналамда әрдайым ақын-жазушылар, журналистер, актрисалар, актерлер, әншілер, кино саласының мамандары болды. Сондықтан да бала күнімнен шағармашылық адамдарының ортасында, өнер қазанында қайнап өстім десем де болады. Әйтсе де «өнер саласында жүру қиын» деп анам мені осы саладан алыстатқысы келетін. Былайша айтқанда, шығармашылық жолдан қорғамақ болғандай да көрінетін. Дегенмен ешқашан өнерден өзге салаларды өзіме лайық деп қабылдамадым. Өнер мен үшін әрдайым бірінші орында. Өнер десе, мен бүкіл жан дүниемді беруге дайынмын. Мен тек кино саласына ғана емес, өнердің өзге бағыттарына да қызығамын, – деген Ж.Әбен «Айша» атты фильм түсіріп жатқанын айтты.
«Айша» – режиссер Жалғастың ең алғашқашқы әлеуметтік мәселелерлі көтерген қысқаметражды жұмысы. Автордың өзі айтқандай, картина шынайы оқиға негізінде түсірілген. Фильм әйел адамның өмір жолы, ана ретінде балалары үшін күресі, оның жан айқайы мен жүректегі жарасын шынайы бейнелейді.
Фильмде бір ананың тағдыры баяндалады. Тағдыр қанша сынаққа алса да өз болашағы үшін, балалары үшін бар қиындықпен күрескен қайсар әйелдің бейнесі көрерменге ұсынылады. Жоба авторы бұл кейіпкерді батыр ана, мықты әйел деп сипаттайды. Оның айтуынша, бұл тек көркем образ емес, өмірден алынған, шындықпен астасқан тағдыр.
«Айша» фильмінің сценарийі өткен жылы жазыла бастаған. Режиссердің өзі атап өткендей, бұл жоба бірнеше ай, тіпті жарты жылдан аса уақыт бойғы үздіксіз еңбектің, ұйқысыз түндердің нәтижесі. Ол бұл туындыны өзінің ең жақын, ең қымбат жобасы ретінде көреді. Сценарийді жазу барысында автор бұл фильммен бірге өмір сүргендей болған.
Қалай десек те, болашаққа не өткенге сапар шегетін кинолардағыдай кейіпкер айналасындағыларға көрінбесе де, өзі барлық оқиғаны көріп, сезініп тұрады. Режиссер да дәл сондай жағдайды бастан өткергенін жасырмады. Оның көз алдында Айша, оның күйеуі, балалары тұрғандай әсерде болған. Солармен бірге өмір сүріп, олардың әрбір қайғысын, қуанышын, көз жасын, күлкісін бар болмысымен сезінген.
– Бұл фильмнің идеясы Америкада жүргенімде пайда болғанымен, негізгі түсірілім жұмыстары менің туған қалам – Таразда жүргізілді. Шығармашылық топ құрамында Қазақстан мен Ресейден келген мамандар болды. Қазақтың өз жерінде, отандық киноларда талай жылдар бойы еңбек етіп жүрген мықты, кәсіби мамандармен жұмыс істеу мен үшін үлкен мәртебе еді. Ал Ресейден келген команда жарық қою сынды техникалық жұмыстарға жауапты болды. Осы фильмде аты ерекше аталуы тиіс адам – қоюшы оператор Давид Лихтенфельд. Екеуміз бірге Лос-Анджелесте бірнеше жобалар бойынша жұмыс істедік. Давид өте дарынды және талантты маман, менің көзқарасымды, ойымды бір ауыз сөзден-ақ түсіне алады. Біз жақсы тандембіз деп айтуға болады. Түсірілім алаңында бірден тіл табысып, бір жылдан астам бірге жұмыс істеп, ойымыз бір жерден шығатындай дәрежеге жеттік. Командадағы адамдар да біздің шығармашылық дуэт екенімізді жиі айтады.
Фильмде қазақ мәдениеті кеңірек көрініс тапты. Ұзату тойы, ұлттық киімдер, киіз үйлер, алтыбақан, домбыра, халық әндері мен қазақи би – барлығы осы фильмнің маңызды бөлшегі болды. Бұл туындының нақты бір аудиториясы жоқ – ол қазаққа да, халықаралық көрерменге де бағытталмаған. Бұл фильм – өмірінде ауыр сынақтан өткен, қасірет шеккен әйелдерге арналған. Айша образы – сол әйелдердің жан айқайы. Менің басты мақсатым – фильмді дәл сол әйелдердің жүрегіне жеткізе білу. Егер осы туынды арқылы бір әйелдің жүрегін қобалжытсам, мақсатыма жеткенім деп білемін, – деп қосып өтті режиссер.
Расында да әйел тағдыры – қазақ қоғамына ғана тән емес, әлемдік мәселе. Қоғам туылғаннан бастап әйелдерге түрлі стереотиптер мен стандарттарды таңып, олардан шыдауды талап етеді. «Сені ұрды ма? Сен шыдауың керек», «Кінә сенде» деген секілді әділетсіз пікірлер әлі де бар. Автор осы теріс түсініктерді өзгертуге ұмтылады. Әйелдің бақытты болуға, толыққанды өмір сүруге толық құқығы бар екенін жеткізгісі келеді.
Кинода басты рөлді Жалғастың өзі ойнаса, Айша бейнесін – Асқар Тоқпанов атындағы облыстық драма театрдың актрисасы Қымбат Жамаш сомдаған. «Қымбатты айрықша атап өтуім керек» деген фильм авторы талантты актрисаның киноның әр кадрында, әр дубльде ол өзіне тән ерекше рух пен тереңдік ұялата білгенін тілге тиек етті. Режиссердің айтуынша, Қымбат бірінші мотордан-ақ кейіпкерінің жан дүниесіне сүңгіп, оның барлық эмоциясын, жан айқайын шынайы жеткізе білген.
– Тараздың өнері, Жамбылдың мәдениеті осындай дарынды қызбен мақтана алады. Түсірілім барысында мен Қымбатқа: «Маған сенің өзің емес, сенің ойнайтын Айшаң керек. Айшамен бірге өмір сүр, оның әрбір сезімін терең ұғынып, өмірге әкел. Егер сен осы рөлді шебер сомдасаң, онда сен әйелдердің тағдырын өзгертесің, олардың жанын құтқара аласың. Ал егер шыға алмасаң, онда біз жеңіліске ұшыраймыз, мотивациямызды жоғалтамыз»,– деп талап қойған едім. Актриса үмітті ақтап, рөлге бар жан-тәнімен кірді, – дейді Ж.Әбен.
Актриса Қымбат Жамаш та бұл рөлге үлкен жауапкершілікпен келгенін айтады. Айша бейнесін сомдау – оның шығармашылық жолындағы ең ерекше әрі толғанысқа толы сәттердің бірі болған.
– Айшаның бейнесін сомдауда берілген рөлді жай ғана ойнап шығу аздық етеді. Негізінде кейіпкердің тағдыры шын өмірде маған жат емес, сондықтан да бұл рөл менің жаныма жақын. Әрбір эмоция, әрбір көз жасы – менің де ішкі жан дүниеммен үндесіп жатты. Бұл образды сомдауға келгенде мен тек актерлік шеберлігіме емес, ең алдымен өз болмысыма сендім. Себебі Айша – өмірде шынайы бар, әр әйелдің бойында кездесетін нәзіктік пен төзімнің, күрес пен үміттің символы.
Жалғас маған: «Маған Қымбат емес, Айша керек. Оны өмірге әкел, тек ойнама, сезін» дегенде мен осы үдеден шығуға тырыстым. Сол сәттен бастап мен Айшамен бірге өмір сүрдім. Оның өміріндегі барлық ауыртпалықты, ішкі арпалысты өнбойымнан өткіздім. Егер мен осы кейіпкер арқылы бір адамның санасын сілкіп, оның көзқарасына әсер етіп, бір ананың үмітін оята алсам – онда еңбегімнің зая кетпегені. Шығармашылық топқа, әсіресе Жалғасқа үлкен алғыс айтқым келеді. Мұндай өресі биік жобаға сенім білдіргені үшін ризамын. «Айша» – менің жүрегімде мәңгі қалатын рөл, – дейді актриса.
Бір айта кетерлігі, жас режиссердің бұған дейінгі туындыларының ішінде пленкалық камераға түсірілген жобалары да бар. Бірақ дәл осы қысқаметражды фильмді автор өзінің бірінші туындысы ретінде қабылдайды.
Алдағы қаңтар айында режиссердің тағы бір қысқа метражды жобасы жарыққа шығады. Бұл туынды да оның толықметражды фильмге апаратын жолы болмақ.