Жеке деректердің жаппай таралуынан кейін қазақстандықтар ЖСН-ді ауыстыруы керек пе
- авторБақытжан Бекболат
- 18 маусым, 2025
- 302

Жеке деректердің таралуына байланысты қазақстандықтар ЖСН (Жеке сәйкестендіру нөмірі) қайта жасатуы керек пе деген сұраққа Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков жауап берді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
"ЖСН-ді қайта алудың қажеті жоқ, өйткені бұл — адамның бірегей нөмірі. Ал несиелер мен алаяқтық мәселесіне келсек, бұл бағытта әріптестерімізбен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Қазір Egov порталында 'Стоп кредит' қызметі бар. Сол жерге ЖСН-ді енгізіп, өзіңізді тізімге тіркесеңіз, енді сіздің атыңызға ешкім несие рәсімдей алмайды. Сондықтан деректер қорғалған. Бірақ алаяқтар да қарап отырмайды. Олар түрлі әдіспен алдап, жеке ақпарат алуға тырысады. Ең бастысы – ешкімге сенбеу және келген SMS-кодтарды ешкімге айтпау", – деді Молдабеков ОКҚ брифингінде.
Сондай-ақ ол Әділет министрлігі қолданатын цифрлық жүйелердің толықтай қорғалғанын атап өтті.
"Біздің барлық жүйелер 'Ұлттық ақпараттық технологиялар' АҚ-ның қауіпсіз контурында орналасқан. Бұл – мемлекеттік ақпараттық жүйелерді басқаратын оператор. Онда ең сенімді серверлер мен үздік мамандар бар. Сондықтан біздің базадан деректердің тарауы ешқашан болған емес және болмайды. Мен бұған сенімдімін. Барлық негізгі дерекқорлар Egov электрондық үкімет жүйесінде сақталады", – деп түйіндеді вице-министр.