Қазақстанға тиесілі архив қорлары қайда сақталған?
Қазақстанға тиесілі архив қорлары Ресейдің Орынбор, Омбы, Санкт-Петербург, Москва, Астрахан, Ташкент, Саратов, т.б. қалалардағы архивтерде молынан. Бұл бұлтартпас фактілер бүгінгі таңда ерекше тоқталып өтуге болатын жеке мәселе ретінде қарастыруға сұранып тұрған тақырып болып табылады.
Қазақстанда архив қорының құрылуы 1921-1922 жылдары басталды. Қазақ АКСР Орталық өлкелік архив қорының бастауында Орынбор архиві тұрғаны белгілі. Қаланың 1735 жылы іргетасы қаланған уақытпен 1917 жылға дейінгі аралықта Ресей империясы әкімшілігінің әскери және әкімшілік пункті болды. Орынборда сақталған архив қорының көптеген бөлігі жойылып, талан-таражға түсуі революцияға дейін орын алған. Бір өкініштісі Қазан төңкерісіне дейінгі патшалық Ресей архивтерінде құжаттар ұқыпсыз сақталды. Тағы бір қынжыларлық жәйт бірыңғай әкімшілік-саяси орталықтардың болмауы салдарынан халқымыздың басынан өткен тарихының әр кезеңдерін қамтитын тарихи құнды құжаттар Санкт-Петербург, Москва, Қазан, Уфа, Астрахан, Омбы, Орынбор, Саратов, Томск, Ташкент қалаларындағы салалық архивтерінде шашылып, шашырап қалды.
Еліміздің тарихына қатысты құжаттардың жойылуы азамат соғысы жылдарында да одан әрі өршіді. Орынбордағы Орталық архивте 1918 жылғы мәлімет бойынша Орынбор генерал-губернаторының, бұрынғы Шекара комиссиясының жүз мыңнан астам істері сақталған. Көптеген архив қорындағы істер қаладағы Қонақ сарайдың бір бөлмесіне жинақталып, дымқыл ауа салдарынан азып-тозып, тышқандардың жеміне айналған.
Кезінде Орынбор архив бюросы 1913-1917 жылдардағы қазақ тарихына қатысты 251 пұт 20 қадақ құжаттар мен 2006 кітапты 1923 жылы макулатураға сатқан. Сонда ол қандай құжаттар десек, олар Орынбор генерал-губернаторының 1888, 1890, 1893, 1894, 1889-1915 жылға дейінгі 20 жылдық есептері, атақты ғалым А.Е. Алекторовтың 1794-1894 жылдардың арасын қамтитын қазақ арасынан жинаған шежіресі, «Қазақтардың 1865, 1869 жылдары қоныстарынан жер аууы», «Торғай облысы бойынша 1871 жылғы ел саны», «1912-1915 жылдардағы Торғай облысы бойынша шолулар», т.б. құнды деректер. Бұлардың бәрі жойылған.
1925 жылы астана Орынбордан Қызылордаға көшкен тұста мемлекеттік архив қорын бөлуде көптеген келеңсіз жағдайларға орын берілген. Орынбордан Қызылордаға жіберілуге тиісті барлығы 184 түк жинақталып, буылып түйілгенімен, 1927 жылға дейін жіберілмей архив қоймасында жатты. Осы жіберілуге тиісті қорлардың ішіндегі кейбір істерді Қызылордаға жібермеуді ескертіп және құжаттар атауларының астын қызыл қарындашпен сызып, белгі соққандығын архив деректері айғақтайды.
Қазақстан архив қорының жинақталуы өте күрделі де қарама-қайшылықты жағдайларда жүргізілді. Көптеген қорларды Орынбор губерниясындағы орыс шовинизмімен ауыратын архивистері еліміздің тарихына қатысты қор құжаттарын Қазақстанға жібермеуді ойластырып, көптеген істердің мұқабасындағы тақырыптардың аттарын қасақана өзгертіп немесе ол істерді әдейі сөгіп, басқа істерге қосып, жаңадан басқа істер дайындаған. Сөйтіп, Қазақстаннан барған архивистердің көзін бояп, ізден адастырып, кейбір құнды құжаттарды тізімнен шығарып тастайды.
Қазақстан мен Орынбор архивтері арасындағы жинақталған архив қорын бөлу күн тәртібінде жиі-жиі көтеріліп отырған. 1927 жылдың 27 маусымында осы мәселе бойынша Орынбор губерниялық архив бюросының меңгерушісі Орынбор губерниясы атқару комитетінің Президиумында баяндама жасаған.
Архив қорын бөлуде «қателіктер» кеткендігін хабарлай отырып, 24 сәуірде Борисоглебский РКСФР Орталық архив басқармасында баяндама жасап, жіберілген қателіктерді жөндеуге оң шешім қабылдануын сұраған. 1927 жылғы 19 мамырдағы Орталықтың қаулысымен қорларды бөлуде жіберілген қателіктің жартысы түзелді дей келе, Шекара комиссиясы ісі қоры түктеліп Қызылордаға жіберуге дайындалып қойылғанын, бірақ қор материалдарын Қазақстанға беруге қарсылықтарын ашық білдірген.
Бұның бәрі сайып келгенде жинақталып жіберуге дайындалған қорлардың Орынбордан Қызылордаға жіберу үшін поезға тиеу кезінде Орынбор архивінің қызметкерлері тарапынан бірқатар құжаттарды ұрлап алуына әкеліп соқтырған. 1927 жылдың 22 маусымында Орынбор губерниялық архив меңгерушісі Васильев және іс жүргізуші Фомина Орынбор Шекара комиссиясы мен бөтен діндегілер экспедициясы қоры материалдары 11 түкте 1925 жылы-ақ жинақталғанымен әлі де Орынборда екендігін хабарлай отырып, бұл жинақталған түктен 7 түк материалды тікелей Орынборға қатысты дей келіп, қалған 4 түктегі тізімдемелерді комиссия арқылы қайта қарауға ұсыныс етеді. Қорды жинақтау кезінде істердің мазмұны қате болғандығын және қате жинақталғанын жазады.
Ал Орынбор губерниялық архивінің ғылыми қызметкері А.Ф. Рязанов өзінің қосымша баяндамасында жоғарыда аталған қорлардың Қазақстанға берілуіне мүлдем қарсы болып, істердің араласып кеткендігін, Орынбор Шекаралық комиссиясы, Торғай, Орал облыстық басқармасы қорларының Қазақстанға өтіп кеткендігіне реніш білдіреді. Қазақстан архивистері өз тараптарынан Орталыққа Орынбор генерал-губернаторы қорының барлық бөлімдерімен Орынборда қалдырылуына қарсы пікірлерін білдіріп хат жазған болатын. Осыған орай 1928 жылдың 6 қаңтарында Васильев, архивист Чоглокова, хатшы Билярскаяның аттарынан РКСФР Орталық архивіне № 366 баяндау хаты жіберіліп, көшірмесі Орынбор губерниялық атқару комитетінің назарына беріледі. Баяндау хаттың негізгі мазмұны Қазақстанмен арадағы архив қорының бөлінуі туралы болды. Орынбор генерал-губернаторы қорының түгелімен Қазақстанға кетуіне қарсы болған олар бұл қорды бөлуге қарсылықтарын архив қорын бөлуге болмайтын принципіне сүйене отырып білдірген. Бұл қордың 3 бөліміне тізімдеме жасалып жатқандығын, егерде қордың шекаралық бөлімінде Исатай Таймановтың жеке архиві табылған жағдайда Қазақ өлкелік архивіне беруге қарсылықтарының жоқтығын білдіреді (Орынбор облыстық мемлекеттік архиві, 1-қор, 1-тізім, 1085-іс, 101-102 пп.).
1927 жылдан бастап Қазақстан тарихына қатысты материалдар Астрахан, Омбы, Орынбор, Ленинград (Санкт-Петербург), Ташкент қалаларындағы архивтерден жинақтала бастады. Қазақстан архивистеріне тек Орынбор ғана емес, сонымен бірге Омбы, Ташкент және Астрахан архивистерімен де архив қорын бөлісуде қызу пікірталасқа түсуіне тура келді. 1927 жылдың қаңтарында Сібір өлкелік архивінің меңгерушісі В.Д. Вегман Ақмола губерниясының орталығы Петропавл қаласындағы Жұмысшы-шаруа инспекциясына жолдаған хатында Ақмола губерниясы архив бюросының меңгерушісі Е.А. Красноперцевтың өтініші бойынша 1926 жылдың 29 қыркүйегінде Қазақстанға қатысты 196 архив ісі материалдарын алғанын, кейін уақытында тапсырылмағанын қатерге бере отырып, материалдарды қайтаруға көмектесуді сұрайды. Ал Е.А. Красноперцев өз кезегінде РКСФР Орталық архив басқармасынан барлық Қазақстанға қатысты материалдарды беруді өтініш етеді. Е.А. Красноперцевтің өтінішін Қазақ өлкелік архив басқармасы толығымен қуаттайды. Сондықтан да Ақмола губерниялық архив бюросына материалдарды бөлу үшін комиссия құруға күш салуды және мүшелікке Ақмола архив бюросынан немесе Атқару комитетінен архив ісін білетін белсенді де жігерлі қызметкерді бөлуді қарастыруды өтінеді. Сібір өлкелік архивінің меңгерушісі В.Д. Вегман РКСФР Орталық архив меңгерушісінің орынбасары В.В Максаковтан Қазақ өлкелік архивінен Кенесары Қасымовқа қатысты істерді қайтаруға ықпал етуді сұрады және өлке архивистерін қасаң да таяз патриотизммен айналысты деп айыптады.
Сонымен қатар, Қазақстан тарапы Сібір өлкелік архивінің сұранысын қанағаттандырмаған жағдайда келісім комиссиясына қатыспайтындығын және Қазақстанға бірде-бір архив қағазының берілмейтіндігін айтып, астамшылдық білдірді (Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві (ҚР ОМА), 544-қор, 1-тізбе, 52-іс, 107-107 сыртқы п.). Бұл жағдайдан ұлы орыстық шовинистік көзқарас архив ісінде де алға шыққандығын бағамдауға болады. Архив істерін бөлуде Қазақстан жағынан өкіл болып қатынасқан Қазақстан Орталық архивінің меңгерушісі Н.Я. Болотниковтың еңбегі зор. Ол архивист ретінде істердің маңыздылығын жете түсініп, әрбір іске байланысты қатаң принцип ұстанғанымен ерекшеленеді. Атап көрсетер болсақ, Омбы облысы басқармасы ісі, Шекара басқармасы ісі, Сібір қазақтарын басқару ісі, Ақмола облыстық басқармасы ісі және Дала генерал-губернаторы ісі қызу айтыс-тартыс тудырды. Осыған байланысты Сібір өлкелік архив бюросының өкілі А.А. Черных бұл істердің көпшілігі орыс үкіметінің жалпы саяси істеріне қатысты екендігін дәлелдеп-ақ бақты. Дегенмен де, Н.Я. Болотников бұл архив қорының Қазақстан тарихына қатысты жақтарын комиссияға жан-жақты дәлелдеп бере білді. Орталық архив басқармасы алқасы Қазақ өлкелік Орталық архивінің Сібір өлкелік архиві арасындағы істерге байланысты ұстанған бағытын қолдамай дөрекі, жөнсіз жолсыздық қатынас жасауда деп айыптады.
Орталық сонымен қатар Омбы архивистеріне архив қорындағы Алаш Орда үкіметіне қатысты бағалы қордың қайда сақталуын шешуді міндеттеп, Қазақ АКСР тарапынан бұл материалдарды кеңінен пайдалануды тапсырады және Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитеті Президиумының 1927 жылғы 14 сәуірдегі №5 хаттамасында көрсетілгеніндей Омбы, Астрахан, Ташкент, т.б қалалардағы архивтерде Қазақстанға қатысты материалдар болса, Қазақстан тарапына тұрақты пайдалануға беруде аса сақ болуды ескертеді.
1927 жылдың 6 қазанында Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитеті Президиумының мәжілісінде Ташкентте орналасқан бұрынғы Сырдария облысына қарасты мекемелер құжаттарының ғылыми және тәжірибелік маңызының қазақ тарихына да ерекше қатысты екендігін ескере отырып, Қазақстан архиві қоры қоймасына сақтауға және сол уақытта Қызылорда қаласында бұл архив қорларын сақтайтын ғимараттың болмауына орай, тез арада Қызылордаға жеткізуді Қазақстан өз тарапынан қатаң талап етпейтіндігі жөнінде мәселе қозғалды. Бұрынғы Сырдария облысы архиві қорын алуды Қазақ АКСР архив органдары Өзбек КСР Орталық Атқару Комитетімен өзара келісім мәселелері арқылы шешуді мақсат тұтты.
Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитеті тарапынан Қазақ Орталық архивіне РКФСР Орталық архив басқармасына төмендегідей мәселелермен шығуға тапсырма берілді: Бұрынғы Сырдария облысы архиві қорларын Қазақстанға беру; Омбы қаласындағы бұрынғы Дала генерал-губернаторы архивіндегі өлкеге қатысты қорларды беру; Қазақ АКСР-нің ғылыми және тәжірибелік мақсаты үшін бұрынғы Түркістан генерал-губернаторы қорының материалдарын пайдалану жолдарын қарастыру. Қаулыда көрсетілген мәселелерді орындауды Қазақ АКСР Орталық архиві меңгерушісі Н.Я. Болотниковке тапсырады.
Өкінішке орай, кейін Ташкенттегі көптеген архив материалдары Қазақстанға тікелей қатысты болғанымен, өзбек жағы бұл материалдарды профессорлар мен студенттер пайдалануда деген әртүрлі сылтау, себептер айтып бермеді. Н.Я. Болотников 1927 жылдың соңында РКФСР Орталық архив басқармасына Қазақ Орталық Атқару Комитеті Президиумының 6 қазандағы қаулысының көшірмесін қоса жіберіп, бұрынғы Сырдария облысы архиві қорының Қазақстанға даусыз тиесілі екендігін табандылықпен шешуді талап етті және бұрынғы Дала генерал-губернаторының қорына қатысты пікірлерін айтуды, ондағы қорларды Алматы қаласындағы жаңа ғимаратқа орналастыруды жоспарлап отырғандығын жеткізді. Ташкент университетінің профессорлары мен студенттеріне Түркістан генерал-губернаторы архиві қорының материалдарының өзі-ақ пайдалануға жететіндігін қатерге беріп, егер олар Қазақстан архиві қорларындағы материалдар арқылы зерттеу жұмыстарымен айналысқысы келсе, олардың шақырылатындығын және тек бұрынғы Сырдария облысы архиві қорымен ғана емес, басқа да қорлармен жұмыс жасауларына жағдай жасалатындығын хабарлады. Сол кезеңде Қазақстанға қатысты көптеген архив қорлары Москва, Ленинград, Ашхабад, Қазан, Саратов қалаларында молынан болды.
1927 жылдың 28 шілдесі күні РКФСР Орталық архив басқармасы Қазақ АКСР Орталық архивіне, көшірмесін Астрахан губерниясы архивіне жолдаған қатынас қағазында көрсетілгеніндей, Қазақ өлкелік архивіне архив қорын шоғырландыру мақсатымен және қабылданатын жоспарға сай Астрахан архивіндегі Қазақстанға қатысты қорларды енгізуді қатерге берді: Торғай облыстық басқармасы қоры (1836-1876 жж.) - 127 іс, Орынбор генерал-губернаторы кеңсесі (1842-1876 жж.) - 166 іс, Орынбор шекара комиссиясы қоры (1830-1859 жж.) - 775 іс, Орынбор қырғыздары (қазақтары - А.А) облыстық басқармасы (1850-1868 жж.). Бұл қорлар Қазақстан жағынан Н.Я.Болотников, Астрахан округтік атқару комитетінің төрағасы Расолюк және Астрахан округтік архив бюросы меңгерушісінің орынбасары Кузнецов қатысқан комиссияның шешімімен Қазақстанға алдырылды. Дегенмен де Орынбор Шекара комиссиясы қорында көрсетілгеніндей 775 іс емес 759 іс, яғни 16 іс кем болса, Орынбор қырғыздары (қазақтары) облыстық басқармасының қорындағы 445 іс, керісінше 495 іске артқандығы анықталып, жаңа 50 іс табылған. Бұл істердің анықталуынан шығатын қорытынды көптеген қорлардағы істер дұрыс тексерілмей атүсті тізімдемелер жасалып, әртүрлі сылтаулар айтылып, қорлардың нақтыланбағанын көреміз. Ескерте кететін бір жағдай, 1929 жылы астана Алматыға көшірілген уақытта архив қоры пойызбен Шу бекетіне дейін жеткізіліп, одан әрі ат арбамен тасылған. Осы сапарда Қордай асуында он жәшік іс-құжаттар ұрланып, қолды болғаны туралы да дерек сақталған.
Сол жылдары архив қорларын сақтайтын талапқа сай қоймалардың болмауы салдарынан басқа қалалардан көптеген архив қорлары жеткізілмей қалды. Сондықтан да еліміздің тарихына қатысты архив қорларының архив ісін қалыптастыру жылдарында толық жинақталмауының нәтижесінде төл тарихымызға қатысты «ақтаңдақ беттер» қалыптасты. Свердловск (қазіргі Екатеринбург), Томск, Новосибирск, Куйбышев (қазіргі Самара), Қазан, Москва, Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург), Уфа, Ташкент т.б. қалалардың архивтерінде Қазақстанның өткен тарихына қатысты көптеген материалдар бар екендігі және ол күні бүгінге дейін өз маңызын жоймағандығы айқын болып отыр.
Аққали Ахмет,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті тарих ғылымдарының докторы, профессор
Abai.kz
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала
Жамбылда ауыл шаруашылығына 30,4 млрд. теңге бөлінген
Ұқсас жаңалықтар
Мәдениет
Бүгін қазақтың аңыз әншісі Бибігүл Төлегенованың туған күні
- авторjambylinfo.kz
- 16 желтоқсан, 2024