жұма, 22 қараша, 2024 18:32

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Ер Бауыржан есімі ұмытылмайды»

«Ер Бауыржан есімі ұмытылмайды»
ашық дереккөзі
«Ер Бауыржан есімі ұмытылмайды»

Елдің атын шығарар ерлер, жаужүрек батырлар ешқашан ел жадынан ұмытылмайды. Ұлы Отан соғысында батырлықтың ерекше үлгісін көрсеткен Бауыржан Момышұлының ерлік істері – ұрпақтан ұрпаққа мұра. Осы орайда Жамбыл облысы мемлекеттік архиві  «Ер Бауыржан есімі ұмытылмайды» атты дөңгелек үстел өткізді.

Шараны аталған мекеменің директоры, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы сөз сөйлеп ашып, батырдың қайталанбас биік тұлғасына тоқталды. Ол: «Жалпы Баукеңді жұрттың бәрі біледі. 100 жылдық мерейтойы Жамбыл жерінде жақсы тойланды. Одан бергі уақытта да Баукең рухына көрсетіліп жатқан құрметтер аз емес. Дегенмен, Баукең еш таусылмайтын, жақсы істері өте көп, аңыз адам. Тіпті кезінде үлкен лауазымды әскери қызметке ұсыныс түскенде, Баукең ұсыныстан бас тартып, орнына Рахымжан Қошқарбаевты ұсынған. Баукең – ұрпақтан ұрпаққа ерлігімен үлгі» дей келіп, қонақтарды ашық пікір білдіруге, еркін әңгімеге шақырды.

Мұнан соң облыстық архивтің бөлім меңгерушісі Сағындық Зейноллаұлы батыр Бауыржанға арналған көрмеге қысқаша шолу жасады. Көрмеге Баукеңнің 1930 жылы Жуалыда партия комитетінде жауапты қызметте жүргендегі құжаттары, одан гвардия полковнигі, дивизия командирі болған кездегі, 1990 жылы Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының батыры атағы берілгені туралы маңызды құжаттардың көшірмесі, батыр Баукеңнің Жамбыл Жабаев, Әбділда Тәжібаев, жазушы Ғабиден Мұстафин және Әлқуат Исаевпен бірге түскен суреттері қойылыпты.

Мұнан соң облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев сөз алып, Баукеңнің соғыста жүріп тіл мәселесін көтергенін, Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сәтбаевқа соғыс тәсілдерін түсіндірген сәттерін баяндай келе 1980 жылы Алматыда аталып өткен Бауыржанның 70 жылдығына тоқталды. Хамит Ерғалиев жүргізген сол жиында Баукеңе үлкен құрмет көрсетілгенін, жазушылар Дмитрий Снегин мен Ғабит Мүсіреповтың батырға көрсеткен құрметін, ал өзі елдің сәлемін жеткізгенін толғана баяндады. Өлкетанушы Мосқау Ноқрабеков Баукең жайлы жазылған Александр Бектің кітабына, Куба празидентінің өзі батырды ерекше құрметтегеніне тоқталып, мектептерде «Бауыржантану сабағын» өткізсек деген пікірін білдірді. Облыстық билер алқасының төрағасы Оңласын Есіркепов, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті әскери кафедра оқытушысы Майыр Оңалбеков, ғалым Әлімбай Найзабаев, Жуалы аудандық мемлекеттік архивінің директоры Ажар Ақбалаева  ер Баукеңнің тұлғасын ешқашан аласармайтынын, есімі асқақтай беретінін тілге тиек етті.

  Есет ДОСАЛЫ
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар