Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын туындаған міндеттерді жүзеге асыру аясында облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының ұйымдастыруымен онлайн режімде мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында «Үлгілі отбасы – мәңгілік елдің тірегі» атты облыстық отбасылық байқауы өткізілген болатын. Аталған кітапханада байқау жеңімпазы мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі де өтті.
Марапаттау рәсімінде қазылар алқасының төрайымы, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Жадыра Құттыбаева қатысушыларға өзін өзі таныстыру, өз өнерін көрсету, отбасы татулығы жайлы роликтер жасау, қолөнер шеберлігін көрсету талаптары қойылғанын айта келіп, кейбір отбасылардың талапқа сай болмай қалғанын жасырмады. Осы орайда қара қылды қақ жарған қазылар құрамында К.Әзірбаев атындағы облыстық филармония әншісі Торғын Орынбаева, облыстық «Қазақ соқырлар қоғамы» бірлестігінің нұсқаушысы Алма Жамаева, облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының кітапханашысы Гүлнар Сейітбаева болғанын айта кеткеніміз жөн.
Сонымен, отбасылар үшін маңызы жоғары байқаудың бас жүлдесі байзақтық Мұхамбетовтер отбасына бұйырса, жүлделі бірінші орынға жуалылық Қаңтарбаевтар отбасы ие болды. Екінші жүлде «Болашақ» арнаулы интернатынан Қыдырбаевтар мен меркілік Тұрымбетовтер отбасына бұйырса, үшінші жүлде жуалылық Қосыбаевтар отбасына берілді. Байқау жеңімпазы мен жүлдегерлерін облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының директоры және қазылар алқасының мүшелері марапаттап, оларға диплом және бағалы сыйлықтар тапсырды. Мүмкіндігі шектеулі жандардың отбасы ынтымағын сақтауға ұмтылғаны өмірдегі он екі мүшесі сау талай отбасыға үлгі болса қанекей!
Есет ДОСАЛЫjambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз