сенбі, 23 қараша, 2024 9:26

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Қамқор жүрек»-тің қамқорлығы

«Қамқор жүрек»-тің қамқорлығы
ашық дереккөзі
«Қамқор жүрек»-тің қамқорлығы

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Қамқор жүрек» қоғамдық қорында болып, ондағы балалардың жағдайымен танысты.

«Қамқор жүрек» қоғамдық қоры 2015 жылы құралған. Негізін қалаушы америкалық азаматша Элизабет Турнэк пен Виктория Шарбону. Олар алдымен 2000 жылдары Қазақстанға жетім балаларды қамқорлығына алу мақсатымен келген. Бірақ 2009 жылдан бастап шетелге балалар асырап алуға рұқсат бермеу жөнінде заң шығуына байланысты, осында қор ашып, балаларға қамқорлық танытып келеді.

Қайырымдылық қоры ашылғанда 5 бала қабылданса, бүгінде олардың саны 74-ке жеткен. Орталықтағы балалардың ең жасы 9 айдық нәресте, ең үлкені 16 жаста. Одан бөлек, мұнда жақыны, үй-күйі жоқ аналар да паналайды. Оларға тегін жатын орын мен ас-ауқат, киім-кешек те қарастырылған. Орталықтан көмек алып, аяққа тұрып кеткен аналарда бар.

«Қорды құрудағы мақсат – жалғызілікті аналар мен жетімдер үйінен шыққан қыздардың балаларына қарайласып, аяғына тұрғызу. Қазір біздің қоғамда жалғызбасты аналар көп. Олар азаннан кешке дейін жұмыста болғанда олардың балалары қараусыз қалып жатады. Сондай аналар бізге көп қайырылады. Кейбір аналар ауысыммен жұмыс істейді. Ондай кезде балалары белгілі уақытқа дейін қонады. Мүгедек балаларды да қабылдаймыз. Себебі жарымжан балаларды оқытатын мектеп некен-саяқ. Ал, олардың ата-анасы жұмыс істеп, отбасын асырауы керек» – дейді орталықтың әлеуметтанушысы Ақмарал Мамытова.

Балабақша ғимараты ретінде соғылған ғимаратта жататын бөлме, ойын бөлмесі асхана бар. Тар аулада шағын бақша мен компьютер орталығы, оқу кабинеті сынды нысан орналасқан.

Қоғамдық қорға арнайы атбасын бұрған облыс басшысы ғимаратты аралап көріп, ондағы балалар мен аналардың тыныс-тіршілігімен танысты.

– Осыған дейін баспасөз беттерінен сіздер жайлы естіп-білдім. Сіздердің бұл істеріңіз өте сауапты әрі қасиетті жұмыс. Сіздер басқа мемлекеттің азаматшалары болсаңдарыңыз да, біздің мемлекетке келіп, оның ішінде басқа қалада емес, Таразда 16 жылдан бері тұрып келе жатырсыздар. Бұл көп адамның қолынан келмейді.

Оның үстіне тілінен, тіпті салт-дәстүрінен бейхабар бола тұра, басқа ел, басқа мемлекетке келіп осындай игі істі атқарып отырсыздар. Бұл үлкен ерлік деп есептеймін. Сіздердің жасап жатқан жұмыстарыңызға сіздер тәрбиелеген балалар, сіздерден қамқорлық көрген аналар рақмет айтады деп ойлаймын. Ал олардың рақметі сіздерге қосымша күш, жігер береді.

Қазақта «Қарғыс алма, алғыс ал» деген сөз бар. Алғыс алсаң алдымен өзіңе, екінші өсіп келе жатқан ұрпағыңа жақсы. Мемлекеттен бір тиын көмек алмай, ешбір қолдау көрмей, өз беттеріңізше демеушілерді тартып, мұхиттың ар жағынан кәсіпкерлерді тартып жатқандарыңыз үлкен жұмыс. 2015 жылдан бастап 130-150 миллион теңге қаржы жұмсалған.

Біздің мемлекетіміздің саясаты бойынша елімізде жетім балалар болмауы керек. Бала отбасының тәрбиесін көруі , әке-шешенің жылуын сезінуі қажет. Ол өзінің әке-шешесі болмаса да, әке орнына әке, шеше орнына шеше болатын адамдар болса, ол бала дұрыс тәрбие алады. Сондықтан біз оларға жағдай жасауымыз керек.

Жалпы елімізде, оның ішінде жетімбалалар саны азайып келеді. Сондықтан жақсы отбасыларға патранаттық тәрбиеге беру керек немесе осы секілді қоғамдық қорларды көбейту керек, – деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Қоғамдық қор директоры Элизабет Турнэктің айтуынша, қордың әлеуметтік желідегі парақшалары мен баспасөз беттерінен өздері жайлы ақпаратты оқып, осында балаларын орналастыруға ниеттілер көп екен. Бірақ оларды қабылдауға ғимараттың тарлық ететінін тілге тиек еткен ол, аймақ басшысына мүмкінігіне қарай кең нысан қарастырылса деген өтінішін жеткізді.

Облыс басшысы бұл мәселені назардан тыс қалмайтынын атап өтіп, орынбасары мен қала әкіміне балаларға ыңғайлы, ауласы кең ғиамаратпен қамтуды тапсырды.

 

Айжан Өзбекова

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар